Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының комиссия отырысы өтті

21.07.2026, 21:23 51

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын айқындау жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Жиынға облыстық комиссия мүшелері қатысып, конкурсқа ұсынылған отбасылардың құжаттарын белгіленген талаптар мен бағалау критерийлеріне сәйкес қарады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов баяндама жасап, байқауды ұйымдастыру жұмыстарының қорытындылары мен облыстық кезеңге ұсынылған қатысушылар туралы мәлімет ұсынды.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – отбасы институтын нығайтуға, өнегелі отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, отбасы мен некенің оң үлгісін кеңінен насихаттауға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған республикалық жоба.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары отбасы – қоғамның тұрақтылығы мен мемлекет дамуының басты тірегі екенін атап өтті.

— Атап өту қажет, биыл облыс бойынша конкурсқа қатысуға 220 отбасы өтінім білдірді. Қала және аудандық комиссиялардың шешімімен іріктелген 16 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Бас жүлдені иеленген отбасының құжаттары конкурстың республикалық кезеңіне жолданатын болады. Облыстық кезеңнің жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі тамыз айының үшінші онкүндігінде өтеді. «Президентіміз айқындаған Әділетті Қазақстанды құру жолында берік отбасы институтының маңызы ерекше. Себебі елдің ертеңі – өнегелі тәрбиемен өсіп келе жатқан ұрпаққа, ал олардың тәрбиесі ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға және оны жан-жақты қолдауға айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгін комиссия мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Әрбір ұсынылған материалға байыппен қарап, әділдік, ашықтық және объективтілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, лайықты жеңімпазды анықтауымыз қажет. Бұл – конкурсқа деген қоғамдық сенімді нығайтудың және оның беделін арттырудың басты кепілі», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: