Шиелі ауданында білім сапасының негізгі көрсеткіштері биыл жақсарды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы өсіп, аудан облыс бойынша үздік үштіктің қатарына енді. Бұл туралы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.
«Шиелі ауданында 37 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп, 1 жекеменшік мектеп, 18 мемлекеттік және 65 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Ауданда үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның орташа балы 85,7-ні құрап, өңір бойынша үшінші орынға шықтық. Өткен жылы бұл көрсеткіш 84,3 болған еді. Сонымен қатар 109 түлек «Үздік аттестат», 93 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Халық санының өсуіне байланысты мектептердегі оқушы саны да артып келеді. Ең бастысы – балаларымыздың сапалы білім алып, заман талабына сай тәрбиеленуіне барлық жағдайды жасау», – деді аудан әкімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!