Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Су шаруашылығының өзекті мәселелері қаралды

17.07.2026, 19:16 30

Бүгін «Руханият» орталығында ҚР Cу ресурстары және ирригация Министрі Нұржан Нұржігітов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановтың қатысуымен су шаруашылығы саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Жиынға облыстық басқарма, салалық инспекция және мекеме басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері, шаруашылық құрылымдарының төрағалары мен су шаруашылығы саласының қызметкерлері қатысты.

Жиында Министр су ресурстарын тиімді пайдалану, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі бағыттардың бірі. Биыл вегетациялық кезеңге қажетті су көлемін тұрақты қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, Қызылорда облысына қажетті су көлемі кезең-кезеңімен бөлінуде. Шаруашылықтар суару жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес жүргізіп, суды ұтымды пайдалану бағытында жұмыс істеуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін оңтайландырып, су үнемдеу технологияларын енгізу мен егісті әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар, су пайдалану кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, белгіленген лимиттерді ұтымды пайдалану және су ысырабына жол бермеу – баршаға ортақ міндет, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Жиында «Арал-Сырдария» бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығының қазіргі жағдайы, су ресурстарының көлемі, вегетациялық кезеңдегі су бөлу және бақылау шаралары жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нажмадин Шамуратов биылғы суару науқанының барысы, шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету, гидротехникалық нысандардың жай-күйі және вегетациялық кезеңде атқарылған жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді.

Жиын барысында сала ардагерлері, шаруашылық басшылары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Министр көтерілген сұрақтарға жауап беріп, су ресурстарын тиімді басқару, су үнемдеу технологияларын енгізу және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: