Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тіл мәселесін «эмоциялық деңгейден» «экономикалық деңгейге» көтеру керек

16.07.2026, 7:40 56

Биылғы «Халық» газетінің №13 санында (1330) тіл жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты, социолингвист-ғалым Аман Абасиловтың ана тіліміз  туралы  тура ондыққа  тигізіп  айтқан  пікірінің  бір  парасын «Екі  тілді  қатар қолдану  лингвистикалық  шизофренияға әкеледі»  деген  тақырыпта  жариялаған  едік.

Тіл маманы осы жолғы ой-пікірінде тек ақиқатпен дос болғанын  байқатты. Ол  ана  тіліміздің  дамуына  тежеу болған  факторларды  жіпке  тізіп,  оны  тамыршыдай  тап  басқан.

Отарсыз ономастика – бұл кеңіс­тікті «қайта таңбалау» деген сөз. Жер-су, елді мекен, көше, нысан атаулары (дүкен, кафе, мейрамхана, сауда орындары, т.б.) отарлаушылар есімімен аталғанда, ландшафт бөтен тарихты насихаттайды. Атауларды қайтару – өз жеріне деген символикалық билікті орнату актісі. Басқаша айтқанда, халықтың өз үйінің қалай  аталатынын өзі шешуге құқылы екенін  көрсету.

Тіл – мәдениеттің «соңғы бас­тионы». Бұл – тілдің ұлттық сәйкес­тілікті қорғаудың соңғы қамалы екенін білдіретін метафора. Егер халықтың қолындағының бәрін алып қойып, тек тілін қалдырса, ол әлі де өзін дербес этнос ретінде сезіне алады. Онда ол: «Мен осы тілде сөйлеймін, өйткені мен – менмін», деп  айта алады. Ал тіл жоғалса, халық та тарих субъектісі ретінде жойылады. Әлеу­меттік лингвис­тикада бұл «бастион­ның» құлауы – ассимиляцияның аяқталуын және отарлау үдерісінің түпкілікті жеңісін білдіреді. Ахаңның сөзімен айтсақ: «Сөзі жоғалған жұрттың  өзі  де  жоғалады».

Қазақ тіл білімі әлі күнге дейін тек орыс мектебінің немесе батыс мектебінің қалыптарымен өлшеніп келеді. Бұл қазақ тілінің ішкі логикасын, табиғатын және ұлттық бірегейлігін түсінуге кедергі келтіреді. Демек, қазақ тіліне сыртқы көзбен (евроцентристік) емес, оның өз болмысы тұрғысынан қараған А.Байтұрсынұлы еңбектерін негізге алуымыз керек.

Қазақстанда Президенттен бас­тап топ-менеджерге дейін қазақ тілінде сөйлегенде, «қазақ тілі – табыс тілі» деген анықтама пайда болады.

Қазақ тілін «академиялық (грамматикалық) оқытудан» коммуникативтік (сөйлеу) оқытуға көшіру керек.

Қазақ тілін «мүсіркеу» немесе «мәжбүрлеу» нысанынан «сән мен табыс»  нысанына  айналдыру  керек.

Мемлекеттік тілді дамытуға арналған қаржыландыруды «іс-шара өткізуден» «өнім жасауға» бағыттау керек.

Қазақстанда тіл мәселесін шешу үшін оны «эмоциялық деңгейден» «экономикалық   деңгейге»  өт­кізу  керек. Мемлекеттік тілді білу адамның әл-ауқатын арттыратын, қызметін өсіретін нақты құралға айнал­ғанда  ғана  кедергілер  жойылады.

Тілдің өміршеңдігі – оның экономикалық құндылығында. Егер қазақ тілі адамға ақша табуға, мансап құруға және сапалы ақпарат алуға көмектессе, ол ешқандай кедергісіз-ақ өз мәртебесіне сай қызмет ететін болады.

Жинақтаған  Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: