HALYQLINE.KZ «Магистратураға кешенді тестілеуге (КТ) қатысу үшін өтініштерді қабылдау 19 шілдеге дейін ұзартылды. Бұл шешім карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты қабылданды» деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Магистратураға кешенді тестілеу 1 тамызда басталып, 15 тамызға дейін жалғасады. КТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдауды ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді. Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік электронды түрде тестіленушінің жеке кабинеті арқылы беріледі. Магистратурада оқуға білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау 16-20 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Биыл магистратура мен докторантураға түсу үшін бірқатар жаңашылдықтар қарастырылған.
«2020 жылы магистратура мен докторантураға түсу және қабылдау рәсіміне бірқатар өзгерістер енгізілді. Мысалы, мемлекеттік немесе ресми тілі ағылшын тілі болып табылатын елдерде шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуды аяқтаған және шетелдік аккредиттеу органдарының мамандандырылған аккредиттеуі бар тұлғалар кешенді тестілеудің «Шет тілі» блогынан босатылды», – деп мәлімдеді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Докторантураға түсу үшін мемлекеттік немесе ресми тілі ағылшын тілі болып табылатын шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын аяқтаған үміткерлер шетел тілін меңгерудің жалпыеуропалық стандарттарына сәйкес шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттарды ұсынбайды. Магистратураға түсу үшін өтініштерді қабылдауды ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының https://pvo-zayav.testcenter.kz сайты арқылы 3 шілдеден 3 тамызға дейін ЖОО қабылдау комиссиясы жүргізеді.
Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өткізіледі. COVID-19 пандемиясы жағдайында ағылшын тілін білу IELTS халықаралық тестін дәстүрлі форматта тапсыру мүмкін болмауына байланысты ҚР Білім және ғылым министрі жоғары оқу орны түлектеріне магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo English test және IELTS INDICATOR тапсыруға рұқсат беретін бұйрыққа қол қойғанын естеріңізге саламыз. Магистратураға түсу үшін Duolingo English test бойынша шекті балл кемінде 95, IELTS INDICATOR бойынша кемінде 6,0 болуы тиіс. Докторантураға түсу үшін Duolingo English test бойынша шекті балл кемінде 85, IELTS INDICATOR бойынша кемінде 5,5 болуы керек. Шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат докторантураға түсу үшін ғана міндетті болып табылатынын атап кеткен жөн. Магистратураның білім беру бағдарламаларына түсу үшін халықаралық сертификатты, соның ішінде Duolingo English Test, IELTS INDICATOR немесе кешенді тестілеу барысында шет тілінен емтихан тапсыруға болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!