Сыр өңірі ақпарат айдынындағы жекеменшік басылым алғашқыларының бірі – республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті. 20 жылдан бері апта сайын бұқараның қолында оқылатын басылымның айтары бөлек, жазары ерекше, салмағы басым. Онысын басылымның мұқабасында көрсетілген бейненің өзі айқындап тұр. Шыны керек, дәл осы логотип пен «Халық» газетінің ұранына (слоган) айналған «Халық – Құдайдың бір аты» деген сөзге шүйліккендер қатары аз болмады. Оған себеп, елдің жоғын түгендеп, мұңын шағатын, шындықтың тұмылдырығын шешіп айтатын, бет-жүзіне қарамай, бағытты нақ көрсететін бірден-бір газет болған соң бастапқыда көпшіліктің де үрейлене қарауы еді. Алайда, әу баста өз бағытын айқындап, жоспарын жүйеге салып қойған басылым жанашырлары үшін бағдарды өзгерту туралы ой қалыптасқан жоқ.
Газеттің атауы мен логотипте бейнеленген көкбөрі туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов өзінің зерттеу мақаласында жіті талдап көрсетеді.
– Газеттің оң жақ шетіндегі көкке қарап тұрған Көкбөрінің, жаңа туған айдың бейнеленуі де – қазақтың Көк Түркілік наным-сенімінің тарихи негізді көрсеткіші. Әрине, қазақ сөз өнерінен мәңгілік күш-қуат алған қазақ ұрпағы Көк Тәңірі ұғымы орныққан ата-бабалық рух сарынындағы осындай суреттерден, поэтикалық өрнектерден рухани серпіліс алады. Мысалы, «Күлтегін» (үлкен жазу) тас жәдігерлігіндегі мына жолдар қазақ ұрпағының санасында орныққан:
– Биікте Көк Тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда
Екеуінің арасында адам баласы жаралған.
Немесе, бұқарасы үшін ханнан да, төрелерден де, байлардан да тайсалмай, оларды аяусыз әшкерелеген қазақтың ХІХ ғасырдағы халықшыл ақыны Сүйінбай Аронұлының да өлеңі еске түседі:
– Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен!
Бөрідей жортып кеткенде
Бөлініп қалған жан емен!
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым!
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым!
Осы арада «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі ғылыми анықтаманы да назарға алған жөн: «Халық. Зат. 1. Белгі бір елді, мемлекетті мекендейтін адамдардың жалпы жиыны. 2. Ел-жұрт, бұқара, көпшілік» (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, «Ғылым» баспасы, 1986 жыл). Бұл – «Халық» газеті атауының ғылыми негізділікке сүйеніп қойылғандығының көрсеткіші. Ал ата-бабаларымыздың даналық түйіндеулері – мақал-мәтелдер жинағының «Ел-халық туралы» тарауында да осы басылымның халықтық сипатын дәйектейтін үлгілері мол. Мысалы: «Ел аузына елек қойып болмас», «Адассаң елмен адас», «Ел аузы – дуалы», «Халық – қатесіз сыншы», «Қатардан ассаң да халықтан аспақ жоқ», «Халық сүймес, халық сүйген суға да батпас, отқа да күймес», «Қазақ байдың ұлы болғанша, халық байдың ұлы бол», «қалыптан безсең де халықтан безбе», «Көпке жақын – көкке жақын», «Халқым – қазынам, қазаным, туғаным – туырлығым», «Халық айтпайды, халық айтса қалт айтпайды», «Халық қартаймады…» – деп жазады.
Сондай-ақ, газеттің алғашқы нөмірінде «Халық – Құдайдың бір аты» атты мақалада газеттің ұстанымы мен бағыты туралы жазылады: «Ұлан-ғайыр тарихы, ұлы далалық салқар мәдениеті бар қазақ халқының осы бір киелі сөзі бекерге айтылмаса керек-ті. Халық – үлкен ұғым, ұлы атау, аталы жұртымыздың әруақты аты. Өмірге тәй-тәйлап қадам басқан жаңа басылымға «Халық» есімін қоюымыздың өзінде үлкен сыр, ауыр жүк бар екенін де айтқымыз келеді. Ата қазақтың арманы мен ардағын арқалаған тарих көшіне көз жіберіңізші. Әрине, алдымен қазақтың киелі топырағын мекен еткен халықтың тәуелсіздік пен жаңару жолында ғасырлар бойы талмай-танбай, жан аямай жүргізген күресін көрер едіңіз. «Өмір – күрес» деп те жатамыз ғой. Ендеше, «Халық» газетін қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жүргізілетін мәңгілік күрестің белгілі бір кезеңдегі жаршысы деп те есептеуіңізге болады. Ал елі үшін, халқы үшін күресте кері шегінген қазақтың баласы кемде-кем болар-ау, сірә. Олай болса, «Халық» газеті – сіздің өз газетіңіз. Сіз жалғызбын деп те қалмаңыз. Сізбен бірге ұлы күш, қалың көпшілік бар. Ол – жүрегімен ойлап, санасымен сезіне білген, өз халқының қамын жеп, ауырын арқалап, тауқыметін тартқан аға ұрпақ, өз тарихын өзі танығысы, өз дәстүрін өзі үйренгісі, өз тілін өзі тірілткісі келетін сіздің замандастарыңыз. Әрине, әлеуметтік ауыртпалық жүнжіткен нарық заманы әлдекімдердің әзілін көтере бермейтіні анық. Мұның үстіне халқымыз тәуелсіздігін алып, отарлық саясаттан томағасы сыпырылған кезеңнен бергі аралықта жазғытұрым уақытта жауыннан соңғы бой түзеген жауқазындай жарыққа шыққан көптеген газеттер бар. Саны бар, сапасы аз осы басылымдардың қатарына қосылудан Құдай сақтасын. Көптің бірі емес, бірегейі болу – біздің арманымыз. Аузын ашса, жүрегі көрінетін қазақтың ішінде кешегісін көме салып, келешекке ұмтылған көзсіздіктері де кездесіп қалады. Біздің бағытымыз бұл емес, «Халық» газеті халықтың арман-мақсатын қозғайды. Газетіміздің бетінде елең еткізер жаңалықтар, ата тарихтан тың деректер үнемі беріліп тұратын болады. Ұлттық сана мен ұлттық парасат қатар өскен заманда көптің көңілінен шыға білудің өзі бір сын. Біз тәуекелге бел будық. Алла сіздермен үнемі бір болуды жазсын, құрметті оқырман!» делінген.
Алғашқы жылдары «Халық» – халықтың газеті» деген тақырыппен нөмір сайын бірінші бетте сурет жариялануы – басылымның жарыққа шыққан күннен бастап оқырманмен тығыз байланыс жасауға ұмтылысының дәлелі. Газеттің алғашқы жылдарында бас редактор Аманжол Сақыпұлы, бас редактор орынбасары Нұрлан Көбегенұлы, бөлім меңгерушілері Айгүл Нұртайқызы, Елубай Әуезов, Сабырхан Сейілбекұлы, Дәуіржан Елубаев, Айжан Абдуллаева, беттеуші дизейнерлер Руслан Оңғарбаев, Гүлмира Нұрмаханова, Зият Кәрібайұлы еңбек етті. Газет алғашқы нөмірінен 1700 данамен шықса, таралым апта сайын өсіп отырды.
«Халық» газетін шығару идеясы туралы басылымның негізін қалаған, сол жылдардағы «Халық» газеті» бас редакторы Аманжол Оңғарбаев бір сұхбатында былай дейді: «Біз «Халықты» шығарарда алдымызға халықтың арман-мақсатын қозғайтын Сыр өңірінде жақсы бір басылым қалыптастыруды мақсат еткенбіз. Көптің бірі болғымыз келген жоқ және соған талап қылдық. Шыны керек, 2000 жылдың 21 шілдесінде алғашқы нөмірді шығарғанымызда қалтамызда тек баспаханаға жететін ғана қаражат бар еді. Біз қайттік, «тәуекел ет те тас жұт» дейтін халықтың ұрпағымыз, жарық көрген жаңа газетті оқырманға тараттық, одан түскен пайдаға келесі нөмірді шығардық. Сөйтіп, бірте-бірте халықпен тығыз байланыс орнатып, нәтижесінде тиражымыз көбейе берді. Біз «ә» дегеннен басқалар секілді «пәлен демеушім бар», «түген нөмірге ақшамыз жетеді» демедік. Таза халықтың ықыласына жұмыс істедік» дейді.
Басылымның алғашқы санынан бастап «Тағдыр» (түрлі тағдыр иелеріне арналған), «Тұлпар» (жастарға арналған), «Тылсым» (тылсым күштер туралы аңыз-әңгілемер), «Салауат» (денсаулық), «Құқық құрығы» (құқық, заң, тәртіп беті) «Ыржық» (сатира) арнаулы беттер және «Халық-хабар», «Әлемдік музыка», «Жұлдыздар әлемі», «Пайдалы кеңес» тұрақты айдарлары болды.
Оқырманға жол тартқан алғашқы жылдан-ақ көп көкейіндегі мәселені дөп басқан басылым көтерген мәселе, жазылған тақырып газетті іздеп оқитындар қарасын қалыңдатты. Айдан-айға газет оқитындар саны арта түсті. Бір жыл ішінде танымалдығы артқан «Халықтың» бағасын да халық берген. Мұны газетке бір жыл толған кездегі оқырман, белгілі журналист-жазушылар бағасынан білуге болады. Дәйек ретінде айта кетелік, бір жыл ішінде таралым көбеюі 1700-ден 2700-ге дейін жеткен.
2002 жылы басылым тағы бір арнаулы бетпен толықты. «Сіздердің алдарыңызға басылымның арнайы беттер көшінің жаңа бір легін ұсынғалы отырмыз. Оны орнықты ойдың байламындай «Отбасы» деп атадық. Ол – дастархан басындағы аяулы кезең. Ол – біздің, сіздің, олардың таусылмайтын тағылымы. «Отбасымен» ой бөлісіңіз, оқырман!» деп жазылды газет бетінде. Осы жылы газеттің таралымы 4750-ге жетті. Бұл жылы «Ойпырмай» сын-сықақ әдеби-танымдық қосымша, «Ұстаз» (білім саласына арналған) беті және «Сұрақ-жауап» тұрақты айдары беріле бастады.
2003 жылы газетте облыстың экологиялық апат аймағы атағын алып тастау мәселесі туындап, халық сөзін қолдаған «Халық» газетінде ел мүддесі бірінші орынға шықты. Сол жылдары газетте «Облыс әкімі «Экологиялық апат аймағы» деген атауды ұнатпайды» деген тақырыптағы мақалалалардың жариялануы – басылымның облыста экологиялық апат аймағын сақтап қалуға үлес қосқанының дәлелі. Газеттің әр нөмірінде қамтылған тақырыптар шындықты түбірлеп, зерттеп жазылатыны, редактордың зерделі өңдеп, түзетуімен жарыққа шығатыны белгілі. Артық сөзі жоқ, қоғамдық ойдың толғағы басым келеді. Әсірелеу, романтикалық леп қаламгерді көпсөзділікке ұрындырады. Бес жыл да елеп, ескеруге тұратын өмір қиындығы мен қызығы қатар қарбаласқан шығармашылық ғұмыр. «Халық» жылдан-жылға марқайып, оқырмандары көбейді.
Газеттің атаулы жылдарында оқырман алдында есеп ретінде мақала жазатын шығармашылық ұжым бұл ұстанымнан еш айныған емес. Тіпті дәстүрге айналған. 2010 жылы шыға бастағанына он жыл толған республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетін де біз осы айтылған пікірлер аясында бағалағымыз келеді. «Халық» газеті – қалың бұқара жұртшылықтың ой-пікірлері мол қамтыла жарияланып келе жатқан ашық пікірлі басылым. Сөз арқауындағы ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ газеттерінің беттерінде мемлекеттік басқару әкімшілік, саяси-идеологиялық бақылау жүйесінің аясында болса да, халықтың тұрмысы жан-жақты қамтыла жазылып келді. Игерілген жетістіктер де, кемшіліктер де мүмкіндікке қарай көрініс тапты. 2000 жылдан бері жарық көріп келе жатқан басылым өзінің алдындағы ұлт тағдырын ойлаған «Қазақ» газеті секілді нарықтың қатал заңы еңсесіне мінген елдің екпінін күшейтетіндей, экономикалық және рухани тәуелсіздікке жету жолында халықтың күшін бір арнаға тоғыстыратындай қуат беру үшін шығармашылықпен жұмыс жасап келеді. Яғни «Халық» газеті тәуелсіздік алған Қазақ мемлекетінің негізгі халқы – қазақтың рухани күш-жігерін күшейту қызметін абыроймен атқарды» дейді журналист Сақтаған Есмаханов.
Басылымның оныншы жылында, 2010 жылы «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Нұрмағанбетов газеттің оқырман алдындағы есепті мақала есебіндегі арнау дәстүрін үзбей «Үміт үзбек – қайратсыздық» атты мақаласында: «Қадамын тәй басқан күннен-ақ айналасына тіке қарап, ащы шындықты ашына айтып, ашына жазып, 10 жыл бойы әділеттілік пен теңдік жағында жүрген «Халық» та ұлы шындықты іздеушілердің қатарында келе жатыр Ал, қаламы қарымды, ойы елгезек, антына адал шығармашылық топ осы елдің үнін білдіретін басылым жасауда он жыл бойы аянып қалған емес. «Баспасөз – халық айнасы. Айнадан өз кескініңді қалай көрсең, баспасөзден де өз іс-қимылыңды солай көруіміз керек. «Халық» газетінің жүріп өткен 10 жылдық жолында халық айнасына қарап бойын да, ойын да түзегендер аз емес» деп жазады.
2000-2010 жылдар аралығында «Халық» газетінде осы кезге дейін жарияланған материалдары тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатымен, жергілікті басқару, әкімшілік орындарының қызмет бағыттарымен сәйкес сипатымен ерекшеленеді. Облыстағы өндіріс, өнеркәсіп, егін, мал шаруашылығы, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет істері, сот, прокуратура, құқық қорғау жүйесі, т.б. сан алуан салаларға байланысты материалдар басылымның нағыз мемлекеттік, бұқаралық демократиялық басылым екендігін дәлелдеумен келеді. Әсіресе, Қызылорда облысы атырабындағы экологиялық апатты хал-ахуал, нарық қыспағына түскен ауылдардың мүшкіл жағдайы басты назарға алынған. Басылым беттерінде облыстың алыс ауылдарынан бастап, аудан, облыс орталықтарының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларына байланысты сыншыл, шыншыл материалдар тұрақты жарияланды. Бұл – «Халық» газетінің ұлт тағдырының жоқшысы, шынайы жанашыры екендігін көпшіліктің көңіліне ұялатқан басты көрсеткіші. Сонымен бірге, еліміздің халықаралық ұйымдармен (БҰҰ-ға, ШЫҰ-ға, ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, т.б.) байланыстары, ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық әкімдіктер мен мәслихаттардың жұмысы, облыстық, республикалық дүниежүзілік жарыстарға қатысқан спортшылардың табыстары, әртүрлі жарнамалық деректер, т.б. танымдық, ақпараттық маңызды материалдар мол қамтылады. Қазақ тарихына, рухани мәдениет құндылықтарына, фольклор мен әдебиетке, этнографияға, көркем өнер салаларына арналған танымдық-эстетикалық маңызы зор материалдар да үздіксіз жарық көреді. Алғашқы сандарынан бастап газет беттерінде қазіргі заманғы өзекті мәселелерді қысқа-нұсқа және әсерлі де мәнерлі етіп беру тұрақты сақталған. Газет беттеріндегі тақырыптық айдар – атаулар да шындықты дәл көрсететін әсерлілігімен баурайды. Басылымның алғашқы жылдардағы таралымы 1700 дана болса, ол біртіндеп өсіп, оныншы жылда газет таралымы 8000-ға жетіп отыр. Он жыл ішіндегі жарияланымдар арасында аудандар мен облыс орталығындағы жүзеге асырылып жатқан жақсы істерге халық ризашылығын танытатын мақалалар да жиі жарық көрді. Бұл орайда газеттің халқымыздың ұстаздық, тәлімгерлік, тәрбиелік көзқарасына аса мән беретіндігін байқаймыз.
10 жыл аз уақыт емес. Басылым апта сайын мақала шығарумен емес, осы 10 жыл ішінде жас журналистердің ұстаханасына айналған. «Халық» газетінің жас журналистердің шеберханасына айналғанын филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекованың: «Халық» газеті жарық көргелі бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің журналистика мамандығы бойынша білім алатын студенттермен тығыз байланыс орнатылған. Оны газеттің мерейтойларына қатысты жарық көрген мақалалардан анық аңғаруға болады. Мәселен, журналист Қ.Әбдуовтың, К.Махмұтқызының, М.Оразұлының әр жылдары «Халық» жайлы мақалаларында жастарды кәсіпке баулу мәселесі ерекше аталып, жетістігі сөз етіледі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бірқатар түлектері «Халық» газеті арқылы республикаға танымал болды. Тіпті өз газеттерін шығарып, қоғамның әртүрлі саласындағы мәселелерді жазып жүргендері қаншама? Басылымның тарихына үңілсек, Н.Көбегенұлы журналистік қызметін «Халықтан» бастап «Ақмешіт апталығы» газетінің, қазір «Әлімсақ» журналының бас редакторы болып жалғастыруда. Н.Көбегенұлы – «Халық» газетінің негізін қаласып, ақпараттан бастап, көлемді сыни мақалаларымен танылған талантты журналист. Оның сол кездері жекелеген мекемелерге қатысты өткір сындарына жауаптылар үн қатып, нәтиже шығарғандығын көзі қарақты оқырман ұмытпаған болар. «Халықтан» қанаттанғандардың ішінде Айжан Жұмабекқызы журналистика мамандығы бойынша университет бітірген ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология магистрі дәрежесін алып, «Адам ата-Хауа ана» газетінде тілші, «Қазақ» радиосының редакторы, «Star kz» журналының бас директоры қызметін атқарды. Кезінде «Халық» газетіндегі Айжан Жұмабекқызының әлеуметтік салаға қатысты талдамаларын жұртшылық жылы қабылдаған. Осындай қарымды тілшілердің қатарында Л.Кемелбаева, К.Махмұтқызы, Н.Әмиша, Н.Саниязова, Г.Қаржаубаева, Т.Әлжанов, М.Қожахметова, Н.Құдайбергенова бар. Жоғарыда аталғандардың бәрі – «Халықтың» табалдырығын студент болып аттап, редакция қазанында қайнап, шығармашылық шеберліктері шыңдалып келе жатқан жастар. Бұл – «Халықтың» жас таланттарға жасаған қолдауы. Журналистикада «Сейдағаңның мектебі», «Шерханның шекпені» деген тіркес бар. Ол білікті басшылардың тәрбиесін көріп, солардың мектебінен өткен мықтыларға ғана айтылады. Тіпті сол ағалардың қарамағында қызмет істеп, бүгінде мүйізі қарағайдай редакторлардың өзі С.Бердіқұловты, Ш.Мұртазаны ұстазым деп мақтан тұтады. Сондай мәртебеге лайық «Халық» газеті – қай кезде де жастардың қолдаушысы. Жоғарыда аталған Н.Көбегенұлы, А.Жұмабекқызы, Л.Кемелбаева, Н.Әмиша, Н.Саниязова, Г.Қаржаубаевалар «Халықта» тілшілік қызметін бастап, жазу машығын қалыптастырып, өзіндік стилін тапқан журналистердің қатарында. Оларға «Халықтан» қанат қаққандар» деп айдар тағып, ат қойсақ та болады. Жас журналистердің шығармашылық шеберханасына айналған «Халық» газетінде де өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ақты-ақ, қараны –қара деп танитын мықты тілшілер өсіп келеді. «Халық» газеті талай таланттардың тұсауын кесіп, ақ жол тілеп, журналистика жүйріктерін дайындауда шеберлік мектебіне айналды» деген пікірі дәйекті ете түседі.
2012 жылы газеттің интернет сайты ашылды. Интернетті тиімді пайдалану, газеттердің интернет сайтын ашу жұмысының алғашқы шебінен көрінген басылым оқырманға «Ақжолтай хабар» деген айдармен жақсы жаңалықты жеткізеді: «Құрметті оқырман! Тәуелсіз «Халық» газеті қолыңызға тигелі, міне, он жылдан асты. Осы аралықта біз өзіңізге тұшымды ақпарат жеткізуге тырыстық. Турасын айтып, әділдікке жүгіну – әлі де айнымас мақсатымыз. Дүбірге толы дүниеде уақыт тауып, жазғанымызға зер салып отыратын оқырманға ризашылығымыз шексіз. Ардақты ағайын, жуырда ақпарат кеңістігінде орны бөлек халықтық басылымның интернет сайты ашылды. Енді сіз бізді «halyk-gazeti.kz» мекен-жайынан таба аласыз. Дәл осы жерде саясаттан сыр ақтарып, күйбең тіршіліктің күрделі қырын сөз етіп, мәселенің мәнісіне үңілетін боламыз. Көңіл түкпіріндегі түйткілді талқыға салуға сіздің де мүмкіндігіңіз бар. Оқыңыз, ой қосыңыз», – деп сүйіншілеген жаңалық жылт етті.
2019 жылы газеттің 1000-ыншы нөмірінің шығуына орай бас редактордың «1000-шы жүздесу» мақаласында жарыққа шыққанына 20 жылға жуықтаған басылымның осы уақыт ішіндегі көтерген жүгі сарапталады. «Адам баласы әрбір күннен үмітті. Біз де, 20 жылға жуық уақыт бойы сергек ойымен, оттылығымен, тілінің өткірлігімен қоғамның болмыс-бітімін елеп-екшеп отырған «Халық» газеті де алдағы күннен үміт күтіп, шынайы оқырманы – қарапайым халыққа арқа сүйеп келеміз. Сол үміт отын үрлеуде шындық алауын шырағдан етіп ұстаған басылым 1000-шы нөмірін жарыққа шығарды.
…Ескінің есті сөзі бар: «Әуелі Тәңірі жерге береді, жерге берсе, елге береді, елге берсе, ерге береді» деген. Құдай бергеннен таймасын, жүректегі иман азғындамасын, адамдар ақылынан айнымасын! Тірлікпен төрге озайық, бірлікпен белге шығайық» дейді.
Бүгінде шығармашылық ұжымда алғашқы еңбек жолын осы басылымнан тілші болып бастаған Қозы Көрпеш Жасаралұлы – бас редактордың орынбасары, 2009 жылдан басылымда еңбек етіп келе жатқан Нұрбике Құдайбергенова жауапты хатшы болып қызмет атқарса, тілшілер Әйгерім Нажмадинқызы, Рыскелді Жахман газеттің мазмұнды, Айнұр Құрманқызы, Гаухар Әлиева басылымның көзтартарлық үлгіде жарыққа шығуына өзіндік үлес қосып келеді.
Уақыт талабына сай телеарналар сандық хабар тарату режиміне көшіп, газет-журналдар жылдам хабар таратудың маңызды тетігін ойластыра бастағанда «Халық» газеті де оқырмандарының қажетті дүниесіне оңай әрі сапалы, жылдам қол жеткізуі үшін осыдан 10 жыл бұрын жаңа сайтын іске қосса, басылымның 20 жылында «Halyqline.кz» сайты іске қосылды. 20 жылында да қарымды қаламымен елге танылып жүрген жас журналистер шоғырын қалыптастырған басылым оқырманын жылдан-жылға көбейтпесе, азайтқан жоқ.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,
журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!