Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртылған Шиелі теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтап, жаңа ғимарат жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін бірегей нысанға айналатынын атап өтті.
«Бүгін Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі — Шиелі теміржол вокзалының қайта жаңғыртудан кейінгі салтанатты ашылу рәсімінде бас қосып отырмыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту тапсырмасы аясында былтыр сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттар, Жаңақорған ауданы Талап бекетінің платформасы енгізілген болатын. Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Аумағы 9 474 шаршы метр болатын Шиелі теміржол вокзалына 836 млн.теңгеден астам қаржы қаралған. Тәулігіне 200 жолаушыны қабылдайтын вокзал заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Мұнда да ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы мен есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері, жылу жүйесі жаңаланды және перрон аумағы абаттандырылды.
Бүгін Жаңақорған теміржол вокзалын да іске қостық, Ертең Қазалы вокзалын ел игілігіне табыстаймыз. Жаңа нысандар баршаңызға құтты болсын!», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шарада Жәнібек Тайжанов пен Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов сөз сөйлеп, сала қызметкерлері, мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!