Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Климаттық көші-қон. Жаңа үрдіс жайында…

25.06.2026, 9:00 84

Осы  күні мыңдаған  отбасы оңтүстіктің ыстық даласынан теріскейдің қара топырағына қарай жол тартып жатыр. Оларды «ерікті қоныс аударушылар», «еңбек ресурстары» деп атайды, көшкені үшін мемлекеттен субсидия алады, баспана сертификатына қол жеткізеді. Ал дүниежүзілік ғылымда дәл осындай адамдарға қатысты басқа атау жиірек қолданылып жүр. Су тапшылығынан, құрғақшылықтан, жердің тозуынан туған жерін тастап көшкендерді «климаттық мигрант» дейді. Қазақстанда бұл сөзді ресми айналымда кездестіре алмайсыз, алайда деректерге үңілсек, елімізде судың соңынан көшкен алғашқы буын қалыптасып үлгергенін аңғару қиын емес. Бір қызығы, мұндай көштің барын мемлекеттің өзі арнайы зерттеп, мойындап та қойған, тек ол зерттеудің атышулы тұжырымдары  көпшілікке жетпей  жатыр.

Алдымен ұғымның төркінін айқындап алайық. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, алдағы онжылдықта әлемдегі ішкі климат­тық мигранттардың саны 200 миллион адамнан асып кетуі мүмкін. Орталық Азияның өзінде құрғақшылық, су  тапшылығы және жердің тозуы салдарынан 2 миллионнан 2,4 мил­лионға дейін адам ішкі климаттық мигрант­қа айналады деп болжанады. Банк сарапшыларының есебінде көш бағыттары да нақты сызыл­ған. Ферғана алқабы, Ташкент маңы және Қазақ­станның солтүстігіндегі ірі қалалар, атап айтқанда Қарағанды, Астана мен Қостанай климаттық мигранттар ағылып келетін аймақтарға айналмақ, өйткені дәл сол өңірлерде судың қолжетімділігі мен егіннің өнімділігі  артады деп күтіледі. Ал көш баста­латын  аймақтардың  қатарында Қазақстанның оңтүстік шекарасын бойлай жатқан өңірлер тұр. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Анна Альшанская Kazinform агенттігіне берген сұхбатында елімізде жылыну әлемдік орташа қарқыннан жылда­мырақ жүретінін, климат факторы көші-қонға барған сайын қатты  әсер  ететінін атап  өткен.

– Бүгінде климат көші-қонның барған са­йын маңызды факторына айналып келе­ді. Қазақ­станда жылыну әлемдік орташа қар­қыннан жылдамырақ жүреді деп бағаланып отыр, мұның өзі көші-қон үдерістеріне де әсер етпей  қоймайды, — дейді  сарапшы.

Оның пайымынша, аймақта еңбек нары­ғымен қатар енді табиғаттың өзі адамдардың қозғалысын бағыттайтын күшке айналып бара­ды. Демек әңгіме алыстағы ағайын емес, тура  өзіміз  туралы  болып  отыр.

Ең қызығы, климат пен көші-қонның байланысын бізде ешкім жоққа шығармайды. Өткен жылдың сәуірінде Kazinform агенттігі жазғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің Көші-қон комитеті Халық­аралық көші-қон ұйымымен бірлесіп, Экология министрлігі мен Төтен­ше жағдайлар министрлігінің деректері негізінде арнайы зерттеу жүргізіп, климат­тың өзгеруі мен еліміздегі көші-қон үдерістерінің өзара байланысын анықтаған. Зерттеу келтірген сандар ойлан­дырады. Қазақстанда 60-жылдан бері әрбір онжылдық алдыңғысынан жылы болып келеді, 1976 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта жылыну қар­қыны әр онжылдықта 0,36 градусты құраған. 2019-2023 жылдардағы орташа температура климаттық нормадан 1,02 градусқа асып, 2023 жыл бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болып тіркелді, жекелеген өңірлерде температура ауытқуы 2,7 градусқа жеткен. Сол 2023 жылы елде 203 дүлей  табиғи  құбылыс тіркеліпті, мұның өзі  бір жыл  бұрынғыдан  71 оқиғаға  көп.

Комитет төрағасы Әсет Шоновтың айтуынша, көші-қон ағындарының негізгі бағыты Астана мен Қарағандыны қоса алғанда солтүстік өңірлерге қарай ойысады, ал оңтүстік облыстар ауыл шаруашылығына қолайлы жағдайдың нашарлауынан зардап шегеді. Төраға келтірген тағы бір дерек таңғалдырмай қоймайды. 2020 жылдың өзінде Қазақстанда экологиялық қолайсыздықтарға байланысты қоныс аударудың 32 мың жағдайы тіркелген екен. Шоновтың хабарлауынша, көші-қон бейімделу стратегиясына айналып барады, әсіресе табысы төмен отбасылар үшін. Сонымен қатар комитет басшысы әлемде «климаттық мигрант» немесе «экологиялық мигрант» ұғымының бірыңғай халық­аралық термині әлі қалыптаспағанын да мойындаған. Аты жоқ болғанымен, заты бар  құбылыспен  бетпе-бет  тұрмыз.

Комитет төрағасының өзі мәселенің ауқымын  жасырмайды.

– Климаттық көші-қон дамушы елдерді де, мигранттарды қабылдау мен бейімдеуде жаңа сын-қатерге тап болған дамыған мемлекеттерді де қамтып отыр. Осы үдерістерге бейімделу мәселесі халық­аралық ынтымақтастықты, тұрақты дамуды және ресурстарды басқарудағы тың шешімдерді қажет етеді, — деді Әсет Шонов зерттеу қорытындысын таныс­тыру  барысында.

Енді мемлекеттік бағдарламаға қарайық. Оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару тетігі 2017 жылдан бері жұмыс істейді, әуелде «Еңбек» бағдарламасының, кейін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»  ұлттық жобасының  аясында  жүргізілді.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, бағдарлама іске қосылғалы қоныс­тандыру өңірлеріне 66,2 мың адам көшкен, олардың небәрі 6 пайызы ғана кері қайтып­ты. 2025 жылға арналған квота 9 653 адамға бекітілді, оның 7 344-і оңтүстіктен көшетін қазақстандықтарға, 2 309-ы қандастарға арналған. Көшуші­лерге Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау және Қарағанды облыстары ұсыны­лады. Мемлекеттің ынталан­дыруы да жыл санап өсіп келеді. Отбасының әр мүшесіне 70 АЕК көлемінде көшу субсидиясы, бір жыл бойы тұрғын үй шығынын өтейтін ай сайынғы төлем қарастырылған, ал биылдан бастап баспана сатып алуға берілетін біржолғы серти­фикат 1 625 АЕК-ке, яғни шамамен 7  миллион  теңгеге  дейін  көтерілді.

Назар аударарлық жайт, осы бағдарламаның бірде-бір ресми құжатында климат туралы бір ауыз сөз жоқ. Көштің себебі ретінде тек еңбек ресурстарының артықтығы мен жұмыс күшінің тапшылығы аталады. Адамдар неге дәл қазір, неге дәл оңтүстіктен үдере көшуге ниеттеніп отырғаны тереңірек талдан­байды. Ал министрліктің өз зерттеуі жоғарыда көрсеткендей, сол оңтүстікте егін жағдайы нашарлап, дүлей құбылыс­тар  жиілеп  барады.

Бағдарламаның жүзеге асуына да сын аз айтылып жүрген жоқ. Stan.kz порталының жазуынша, 2024 жылдың ақпанында Сенат төрағасы Мәулен Әшім­баевтың өзі оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағ­дарламасы күткендей нәтиже бермегенін мойындаған. Көшіп барғандардың үй сапасына шағымданып жатқаны да талай жазылды. «Азаттық рухы» басы­лымы Жамбыл облысының Шу ауданынан Солтүстік Қазақстандағы Астраханка ауылына қоныс аударған Майра Әлішбаеваның тарихын келтірген еді. Аспаз мамандығы бар келіншек үй құжатының кемшілігінен бес ай бойы тұрғылықты жері бойын­ша  тір­келе  алмай, өзіне ла­йық  жұмыс таппай, әкімдік берген баспананың сапа­сына көңілі толмай  жүргенін айтқан. Әрине, көштің сәтті мысалдары да  жетерлік,  министрлік  дерегі­нше 2017-2023 жылдары оңтүстіктен солтүстік пен орта­лыққа барлығы 49,8 мың азамат қоныс аударған, көпшіліктің таңдауы Павло­дар облысына түскен. Алайда «адамдар қандай жағдайда көшіп жатыр, барған жерінде қалай бейім­делуде?» деген сұрақ әлі толық жауабын тапқан жоқ. Көштің себебін тереңірек түсінбей, бейімдеу шаралар­ын  да  дөп  басу  қиын.

Су тапшылығының адам тағдырына қалай айналатынын Қызылорда облысынан артық сезінетін өңір кемде-кем. Сырдарияның тартылуынан күріш алқабы жылдан-жылға азайып барады. 2022 жылы облыстағы күріш егісі 19,6 мың гектарға қысқарды, 2025 жылы респуб­лика бойынша қысқарған 20,2 мың гектар күріштің 10,9 мың гектары тағы да Қызылорданың үлесіне тиді, ал 24.kz арнасының хабарлауынша, биыл өңірде тағы 11 мың гектар алқап кеміп, егіс көлемі 70 мың гектардан аспайтын болды. Күріштің орнына су аз ішетін жүгері келе жатыр, бұрын 1,7 мың гектарға ғана егілетін дақыл биыл 10 мың гектарға себілмек. Диқандар қашыртқыдағы суды сорғымен қайта айдап, 55 мың гектар алқапты лазермен тегістеп, әр тамшы үшін  күресуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев Almaty.tv арнасына берген түсініктемесінде өңірде қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайда­лануға арналған 324 сорғы қондыр­ғысы жұмыс істеп тұрғанын, суару маусымын­да Үкімет тарапынан тағы 25 жылжымалы сорғы жеткізілгенін айтқан. Күрішті мүлде қысқарта салу да оңай шешім емес екен. Сумен айналысатын ғалым Құралай Яхиева Азаттық радиосына берген сұхбатында Қызылорданың жері сортаң екенін, күріш орнына басқа дақыл егілсе, жердің одан бетер сор тартатынын түсіндірді. Маманның айтуынша, «күріш шайынды дақылға жатады», атызға жібе­рілген су тұзды шайып, топырақты тірі ұстап тұр, сондықтан күріштен біржола бас тарту мүмкін емес. Сөйтіп Сыр диқаны екі оттың ортасында қалды, су үнемдеймін десе жері сорланады, күрішін сақтаймын десе суы жетпейді. Осындай тығырық – адамдарды көшке итермелейтін  күштің  нақ  өзі.

Алайда егіс қысқарған сайын ауылдағы жұмыс та қысқарады, ал жұмыс кеткен жерден адам да кетеді. Ұлттық статистика дерегіне сүйенген ашық мәліметтерге қарағанда, Қызылорда облысында көші-қонның теріс айырмасы 2025 жылдың он айында 10,5 мың адамнан асқан, мұның бәрі дерлік – ішкі көші-қонның  еншісінде.

Көрші Түркістан облысы  да  осы үрдістен шет қалған жоқ. Egemen.kz басы­лымы жазғандай, Солтүстік Қазақ­стан облысына бір көктемде көшіп бар­ған отбасылардың 26 пайызы Түркістан облысынан, 11 пайызы Шымкенттен шыққан. Әрине, әр отбасының көшуіне жалақы, баспана, бала оқуы сияқты сан түрлі себеп ұласып жатады, бәрін бірыңғай климатқа жабу қисынсыз. Деген­мен, егіні суға жарымаған, табысы тұрақсыз  ауыл  адамының амалсыз жолға шығуын таза «еңбек ұтқырлығы» деп атау да шындықтың  бір  бөлігін бүркемелейді.

Бір қарағанда жаңа көрінетін ұғымның тамыры өзімізде тереңде жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында, 1992 жылғы 30 маусымда қабылданған «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салда­ры­нан зардап шеккен азаматтарды әлеумет­тік қорғау туралы» Заңда экологиялық апат аймағын белгілеудің өлшемдері қатарын­да «экологиялық себептерге байланысты  амалсыздан  көшіп кету» деген тармақ ашық жазылған. Сол заңның жекелеген баптары апат аймағынан кетіп  қалған  адамдарға  берілетін  өтемдер мен  жеңілдіктерді  арнайы  реттейді.

Яғни Қазақстан экологиялық себеппен көшуді осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын заң жүзінде мойындаған, Арал апатынан үдере көшкен мыңдаған отбасы шын мәнінде еліміздегі эколо­гиялық мигранттардың алғашқы толқыны  еді. Дүниежүзі «климаттық көші-қон» деген терминді кейін ғана кеңінен қолдана бастағанын ескерсек, ащы тәжі­рибеміздің арқасында біз бұл тақырыпқа әлемнен бұрын келген елміз. Өкініштісі, сол тәжірибе бүгінгі саясатпен сабақ­таспай тұр. Арал заңы нақты бір апаттың салдарын жоюға арналған, ал қазіргі баяу, бірақ тоқтаусыз жүріп жатқан климат өзгеріс­терінен туатын көш ешбір құжат­та жеке құбылыс ретінде қаралмайды. Министр­лік зерттеуінің өзінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы стратегия­лық құжаттарда көші-қон мәселесі тікелей  қамтылмайтыны  ашық  айтылған.

Дегенмен, бұл мәселеге басқаша қарай­тын мамандар да бар. Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова экологиялық апат айма­ғы мен климаттың өзгеруін шатас­тыруға болмайтынын ескертеді. Оның пайымынша, бұл екеуінің арасына теңдік белгісін  қоюға   болмайды.

– Экологиялық апат аймағы деп Арал теңізі мен Семей полигоны танылды. Семей­де ядролық жарылыс болды, Аралда теңіздің тартылуынан тұздану процесі жүрді. Сондықтан ол жерлер апат аймағы деп есептелді. Бірақ апат аймағынан халық­тың  амалсыз  көшуі мен климаттың  өзгеруінен  болып жатқан көші-қон – екі түрлі  құбы­лыс,  екі  бөлек үрдіс, — дейді  маман.

Экологтың  түсіндіруінше, дәл осы себептен 1992  жылғы  заңға  сүйеніп,   «біз климаттың өзгеретінін сонда болжаған екенбіз» деуге келмейді. Климаттың өз­геруінен туындайтын ішкі көші-қон – бөлек процесс, әрі ол қазірдің өзінде, әсіресе  оңтүстік  өңірлерде басталып кетті. Себебі күн жылдан-жылға ысып, су  мөлшері азайып барады. Маман нақ­ты мысал келтіреді, биылдың өзінде Түркістан  облысында  бір  мил­лиард текше метр су жетіспей, оны Жамбыл облы­сы  тарапынан  жіберуге  тура  келген.

Сарапшы мемлекет тарапынан қандай шара қажет екенін де айтады. Оның сөзінше, қазір Экологиялық кодекске енгізіліп жатқан өзгерістер аясында климаттың өзгеруіне бейімделудің ұлттық жоспары  қабылдануы  керек.

– Қазақстан үкіметі апат болатынын, су тасқыны мен орман өрті шығатынын күтіп отырмай, алдын ала шара қабылдауы керек. Ауыл шаруашылығы мен энергетика секторында бәрін күні бұрын жоспарлап, халықтың оңтүстіктен орта­лық пен солтүстікке біртіндеп көшуін жүйелі түрде қолға  алған  жөн, — дейді  Лаура  Маликова.

Ал су ресурстары жөніндегі сарапшы, EcoMind экожүйелік шешімдер орталығының жетекшісі, PhD Арман Өтепов климаттық көші-қонды біз әлі тым тар түсінікпен қабылдайтынымызды айтады.

– Әдетте адамдардың көшіп кетуін жұмыс іздеумен немесе әлеуметтік жағ­даймен байланыстырамыз. Бірақ шын мәнінде адамның туған жерінен кетуіне көбіне табиғи  ортаның  өзгеруі  әсер етеді, — дейді  маман.

Оның сөзінше, Арал өңірінде соңғы ондаған  жылда теңіз табанынан  бес миллион гектардан астам жаңа шөл пайда болып, жыл сайын атмосфера­ға мил­лиондаған тонна тұз бен шаң көтері­леді, су тапшылығы күшейіп, жайы­лым өнімділігі төмендеп, ауыл шаруа­шылығымен айналысу қиындай түскен. Бұл өзгерістің бәрі адамның денсау­лығына, табысына және өмір сапа­сына тікелей әсер етеді. Сондықтан А.Өтепов бүгінгі жастардың көшуін тек жұмыс мәселесімен  түсіндіру  жеткіліксіз  дейді.

– Жастар ең алдымен болашағы бар жерді таңдайды. Егер өңірде су азайып, ауыл шаруашылығы тәуекелді болып, экологиялық жағдай нашарласа, бұл ертеңгі күнге деген сенімді де әлсіретеді, — деп  түсіндіреді  ол.

Маман климаттық көші-қонды жеке мәселе емес, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік факторлардың тоғысқан нәтижесі ретінде қараған жөн деген тұжырым айтады. Ең бастысы, оның пайымынша, бұл тақырыпты ашық көтеретін  уақыт  әлдеқашан  келген.

– Мәселе адамдардың көшіп кетуінде емес, оларды көшуге итермелейтін себеп­терде. Егер біз су ресурстарын тиімді басқарып, жердің тозуын тоқтатып, ауылдық аумақтардың климаттық төзімділігін арттыра алсақ, онда көптеген адам туған жерінде қалып, өз болашағын сол өңірмен байланыстыруға дайын болады, — дейді  Арман  Өтепов.

Өңірдің жай-күйі мен экологиясын жылдар бойы бақылап жүрген қоғам белсендісі Болат Нұрхожаевпен пікірлес­кенімізде, мәселеге нақты деректермен тоқталды. Оның айтуынша, көші-қонды бүгінде тек экономика реттемейді, климат пен экология да тікелей әсер етеді, ал мұның ең айқын көрінісі – Арал апаты салдарынан теңіз маңынан жетпісінші жылдардан  бері  халықтың  үдере  көшуі.

– Бір кездері Арал теңізі осы аумақ­тың климатын ылғалдандырып, ауаны жұмсартып тұратын көз еді. Жас кезімізде теңіздің булануынан таңертең жерге, шөпке шық түсетін. Ал өткен айда Аралда он күн бойы құм суырған дауыл тұрды. Бұл бір жағынан жердің эрозияға ұшырауынан да болар, өйткені теңіз тартыл­ғалы аумақ­тың климаты қатая түсті. Сол дауылдың мына шеті Түркістанға, ана шеті Шалқарға асып жалғасты. Былтыр тіпті Кентау қаласының халқы өздерін Арал апаты аумағына қосу туралы  мәселе  көтерді, — дейді  ол.

Болат Жолтайұлының дерегінше, Арал өңірінде тыныс жолдары, сирек кездесетін аурулар, жүрек-қантамыр, онколо­гиялық аурулар мен балалар ден­сау­лығы жөніндегі көрсеткіштер айрық­ша алаңдатады. Мұны статистикалық деректер мен ЮНИСЕФ сарапшыларының зерттеулері де растайды. Соған қара­мастан 1992 жылы қабылданған Арал өңірі халқын әлеуметтік қорғау туралы заңның көптеген бабы бүгінде өзгеріп, кейбірі  мүлде  жұмыс  істемей  қалған.

Кәсіпкер осы заңның негізгі бір кем­шілігіне тоқталды. Оның түсіндіруінше, айлығына экологиялық коэффициентті іс жүзінде тек бюджеттік мекеме қызметкерлері ғана қосып алады, ал көшіп кеткендердің оны алып жатқаны шамалы. Кәсіпкерлер болса ол қосымша коэф­фициентті жұмысшыларына өз қалтасынан  төлеуге  мәжбүр.

– Сонда Арал аумағынан көшіп барған адамды кім жұмысқа алады? Арал аума­ғында өзі тұратын кәсіпкер оны өз қалта­сынан төлеуі керек, яғни онсыз да сол экологиялық аумақта тұрып жұмыс беріп отырған кәсіпкерге тағы жүк артып отырмыз. Мемлекет заңды қабылдағасын, меншік иелігіне қарамай, ол коэффициентті өзі қосымша қамтамасыз етуі қажет, сонда  әділ  болады, — дейді Болат  Жолтайұлы.

Нұрхожаев нақты бір ауылдың жағдайын мысалға келтіреді. Үш жүздей отбасы тұратын ауылда он тоғыз үй бос тұр, оннан аса отбасы көшуге ниетті. Одан да кіші бір ауылда отыз сегіз жігіт бойдақ  жүр,  алды  қырықтан  асқан.

– Себебі ауылдан оқуға кеткен жастар, әсіресе қыз балалар қайта оралмайды. Ал балық аулап, мал бағып отыр­ған ауыл жігітінің үлкен қалаға барып жар таңдауға мүмкіндігі жоқ. Ауылдағы жұмыс – тек мектеп, клуб пен амбулатория. Мұғалім, медбике, қарауыл мен еден жуушы – ауылдағы ең құнды тұрақты жұмыс  көзі, — дейді  ол.

Сол себепті, экологтың байқауынша, қазір  күші  келгендер балаларының болашағын ойлап көшіп жатыр. Жастардың көбі оқуға түссе қайтпайды, оқымағаны вахта мен уақытша құрылыс жұмыстарына қалаға кетеді. Бұл мәселені  қазірден көтермесе, ауылдардың келешегі  бұлыңғыр  болмақ.

Болат Жолтайұлы халықаралық деңгей­дегі бір кемшілікті де ашық айта­ды. Халықаралық  Аралды  құтқару қоры­ның бір бағыты – әлеуметтік қолдау мен жұмыс орындарын ашуға жәрдем­десу, алайда отыз жылда нақты нәтиже аз. Оның  орынды  сұрағы  бар.

– Халықаралық  донор  ұйымдар  Өзбекстан жағына қаржы құйып жатқанда, Арал  халқы  неге  одан  кенде  қалып  отыр? — дейді  ол.

Б.Нұрхожаев өз сөзінде ең түйткілді мәселені  қозғайды. Кейде Арал апаты аумағына  төленетін коэффициентті  мүлде алып тастау туралы әңгіме де көтері­ліп қалады, бірақ қоғам белсендісі мұндай  қадамға  үзілді-кесілді  қарсы.

– Мен 2015 жылдан бері облыс аумағындағы аурушаңдық статистикасын ресми сұратып алып, талдап келемін. Соңғы кезде ол ақпаратты алудың өзі қиындады, яғни жасырып отырған мәселе­лер бар сияқты. Біз бәрі жақсы, аурушаңдық төмендеп жатыр деп құр статистикаға сенгенімізбен, нақты көріп отырған жағдай басқаша. «Ауруын жасырған өледі» деген бар. Сондықтан Арал апаты аумағы халқының денсаулығын тәуелсіз сарапшылар мен донор мемлекеттердің ғалымдарын қатыстыра отырып, шынайы әрі ашық зерттеу қажет, — дейді  Болат  Жолтайұлы.

Түсінуіңіз  үшін айтайық, қолда мына­дай сурет тұр. Бір жағында климат­тың өзгеруі мен оның көші-қонға әсерін ресми растаған мемлекеттік зерттеу, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша миллиондаған мигрант туралы болжамы, оңтүстікте жылдан-жылға қысқарып бара жатқан егіс пен өңірлер­дің теріс көші-қон айырмасы бар. Екінші жағында климат сөзін атамай, тек еңбек ресурстарын қайта бөлуге арналған қоныс аудару бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Екі шындықтың арасындағы көпір әзірге салынбаған. Мұның салдары да жоқ емес. Көшті тек жұмыс күшінің есебімен жоспарлағанда, қабылдаушы өңірлердің су қоры, инфра­құрылымы, ауа райына бейімделу мәселесі назардан тыс қалады, ал шығарып салушы оңтүстік өңірлерде судың азаюына бейімделу, диқанды қолдау, ауылды сақтап қалу шаралары көші-қон саясатымен байланыстырылмайды. Халық­аралық тәжірибеде климат­тық көші-қонды алдын ала есептеп, жоспарлы арнаға салған елдер ұтып отырғанын Алматы процесі сияқты өңірлік алаңдарда жүрген  сарапшылар да айтып келе­ді. Ертең Сыр  бойындағы, Түркістан  өңіріндегі тағы қаншама отбасы жол жүрер алдын­да дорбасын буады. Олардың көші статистикада  қалай аталса да, себебі біреу, тіршіліктің көзі – су. Мәселенің атын дұрыс атаған жерде ғана оның шешімі ізделе бастайтынын ескерсек, «климаттық көші-қон» деген сөзді ресми сөздікке  енгізетін  уақыт  жеткен  сияқты.

Сөз соңында тағы бір мәрте министрлік зерттеуіне оралайық. Әсет Шонов өз қорытындысында климаттық көші-қонның Қазақстан үшін де, бүкіл әлем үшін де барған сайын маңызды мәселеге айна­лып бара жатқанын, ал бейімделу мен тұрақтылық стратегияларын дамыту алдағы онжылдықтардың басты сын-­қатері болып  қала  беретінін  ашық айт­қан. Демек мәселенің бар екенін мемлекеттің өзі біледі, тек оны атымен атап, көші-қон саясаты мен климат саясатын бір арнаға тоғыстыратын қадам ғана жетпей тұр. Сырдың бойында күрішін суға жары­та алмай отырған диқан мен Петропавл түбінде жаңа тұрмысқа бейімделіп жатқан оңтүстік отбасының арасында көзге көрінбейтін, бірақ үзілмейтін жіп бар. Тағы айтайық, ол жіптің аты – су. Климат өзгерген сайын сол жіп тартыла түседі, ал оны байқамаған, есепке алма­ған саясаттың күні ертең көш артынан жүгіруіне тура келеді. Бүгін атын дұрыс атап,  ертеңін  бүгіннен  жоспарласақ, судың соңынан  көшкен буын тағдырдың емес, ақылмен жасалған таңдаудың көші болады. Құдай ақырын берсін дейміз.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Коллаж бен инфографиканы жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: