Жыл сайын мамыр-маусым айларында редакцияға іс-тәжірибеден өтуге журналистика мамандығының студенттері келеді. Олардың бір парасы көзі жайнап, қалам қуаты тасып, ертең дайын репортаж әкелетіндей құлшынып тұрады. Ал екінші бір тобы есік ашар-ашпастан мүләйім жүзбен жақын келіп, сыбырлай сөйлеп бір өтініш айтады. «Аға, мен бұл салада жұмыс істемеймін ғой, сондықтан қинамай, жеңіл өткізе салыңызшы». Бұл сөзді естіген кәнігі журналистің жүрегі мұздап қалады. Себебі мұндай өтінішті айтып тұрған бала – кез келген біреу емес, тура осы мамандыққа төрт жыл оқып, мемлекеттің грантын жұмсап, ұстаздың алдын көрген, ертеңгі баспасөздің тірегі болуы тиіс жас. Ал ол есіктен кірмей жатып, өзі таңдаған кәсіптен бас тартып тұр. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында осы көріністің астарына үңіліп, мәселенің тамырын ашқан жөн сияқты.
Бұл – бір ауыл, бір қаланың емес, бүкіл саланың басындағы күй. Журналистика факультеттеріне жыл сайын жүздеген студент қабылданады, бітіреді, диплом алады. Ал солардың қаншасы шынымен редакцияға барып, тілші болып қалады? Сала мамандарының айтуынша, бұл көрсеткіш жылдан-жылға азайып барады. Журналистиканы оқыған түлектердің көбі мүлде басқа жаққа ауып кетеді. Біреуі баспасөз хатшысы, біреуі пиар маманы, біреуі блогер, біреуі әлеуметтік желі маманы, енді біреуі мүлде салаға қатысы жоқ кәсіпке кетеді. Қаламды қолына алып, нағыз журналистің жүгін көтеретіндер некен-саяқ қалып барады. Сонда осыншама студент оқытып, «неге нәтиже шамалы?» деген заңды сұрақ туады.
Мәселенің бірінші тамыры таңдаудың өзінде жатыр. Көп бала журналистиканы шынайы қалап, аңсап келмейді. Талай түлек бұл мамандыққа тек балл жеткендіктен, не ата-анасы кеңес бергендіктен, не «жеңіл сала болар» деген жаңсақ түсінікпен түседі. Журналистика сырттай қарағанда қызық, эфирде жүру, атақты адамдармен сұхбаттасу, оқиға ортасында болу деген баланы қызықтырады. Ал оның артындағы түнгі редакция, мерзімге үлгеру қаупі, дерек тексеру азабы, сын мен қысым, аз жалақы деген ауыр жағын ешкім алдын ала айтып бермейді. Содан бала оқуға түсіп, шындықпен бетпе-бет келгенде, қиялы мен өмірдің арасындағы алшақтықтан түңіледі. Қызыққа елігіп келген жан еңбекті көргенде шегінеді.
Екінші тамыры заманның өзгерісінде жатыр. Бүгінгі жас өсіп келе жатқан кезде газет оқып, теледидар көріп өскен жоқ, ол телефонның экранына қарап, әлеуметтік желімен бой жетті. Сондықтан оның түсінігінде ақпарат деген газет беті емес, бір минуттық бейне, қысқа сторис, жарқыраған контент болып көрінеді. Жас буын журналистиканы көзбен көрген қалпында қабылдайды, ал ол қалып блогерлік пен әлеуметтік желіге құрылған. Олар үшін мың сөзден тұратын сараптамалық мақала жазғаннан гөрі, бір минуттық қызықты бейне түсірген әлдеқайда оңай әрі пайдалы көрінеді. Себебі ол бейненің астында бірден мыңдаған лайк, жүздеген пікір, тіпті ақша табу мүмкіндігі тұр. Ал «мақаланы кім оқиды, кім бағалайды, ол үшін қанша ақы төленеді?» деген сұрақтың жауабы көмескі. Жастың таңдауы қарапайым логикаға бағынады, оңай әрі тиімді жолды таңдайды.
Үшінші тамыры, мұны ашық айту керек, саланың өз жағдайында жатыр. Журналистің жалақысы көп жағдайда қарапайым, еңбегі ауыр, жауапкершілігі мол. Бір материал үшін бірнеше дереккөзбен сөйлесіп, факт тексеріп, түнделетіп жазып шыққан тілшінің айлығы кейде сол ақпаратты ұрлап алып, өңдеп қойған әлеуметтік желі қолданушысынан төмен болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жас маман неге ауыр жолды таңдайды? Ол блогер болса, өзіне-өзі қожайын, өз уақытын өзі билейді, табысы да көп. Ал редакцияда отырса, мерзімге бағынады, басшылықтың сынын естиді, аз ақыға көп жұмыс істейді. Сондықтан жас журналистиканың дәстүрлі жолынан гөрі жеңіл де табысты көрінетін жаңа форматтарды таңдайды. Бұл жерде баланы бүтіндей кінәлауға да болмайды, өйткені әркім жақсы тұрмыс, лайықты бағаны қалайды.
Алайда бұл құбылыстың арғы жағында үлкен қауіп жатыр. Егер ең талантты, ең білімді жастар журналистикадан безіп, тек жеңіл контентке ауып кетсе, ертең шынайы, тексерілген, сапалы ақпаратты кім жасайды? Блогер мен журналистің арасында түбегейлі айырмашылық бар. Журналист дерек тексереді, екі жақтың пікірін алады, жауапкершілік арқалайды, қателессе жауап береді. Ал әлеуметтік желідегі контент жасаушының көбі мұндай ережеге бағынбайды, ол тек қызық, тек көрермен қуатын қуады. Қоғам осы екеуін шатастыра бастаса, ақиқат пен жалғанның арасы көмескіленеді. Жалған ақпарат, өсек, манипуляция дәл осындай бос кеңістікте дендеп өседі. Сондықтан журналистиканың әлсіреуі тек бір саланың мәселесі емес, бүкіл қоғамның ақпараттық қауіпсіздігіне төнген қатер болып отыр.
Жаза кеткен жөн, осындайда тағы бір түйін менмұндалайды. Ол – ұстаздар мен оқу жүйесінде жатыр. Кей факультетте журналистика теориясы әлі ескі қалыппен, бүгінгі цифрлық дәуірден алшақ оқытылады. Студент төрт жыл бойы кітаптағы теорияны жаттап шығады, ал нақты редакция қалай жұмыс істейтінін, бүгінгі оқырман нені қалайтынын білмей оқу бітіреді. Іс-тәжірибеден өтуге келгенде ғана өзінің дайын емесін сезеді, содан қорқып, шегінеді. Демек мәселе тек жастың селқостығында емес, оны дайындау жүйесінде де бар. Заман өзгерді, ал оқыту әдісі сол баяғы қалпында қалса, түлек пен өмірдің арасы алшақтай береді. Бүгінгі журналист әрі жазуды, әрі түсіруді, әрі монтаждауды, әрі әлеуметтік желіні білуі керек, бірақ оны үйрететін орта әлі толық қалыптаспаған. Десе де бәрін қара бояумен ғана көрсету әділетсіздік болар еді. Журналистикаға шын ғашық, осы кәсіпті өмірінің мәні санайтын жастар да жоқ емес. Әр редакцияда көзі жанып, қаламы жүйрік, мерзімге қарамай еңбек ететін жас тілшілер жүр. Олар үшін журналистика – әділеттің жаршысы, халықтың үні болу деген ұлы парыз. Дәл осындай жастар саланың болашағын сақтап тұр. Сондықтан, мәселе – журналистиканың мүлде құрып бара жатқанында емес, шынайы маман мен жеңіл жолды қуғандардың арасы ашылып бара жатқанында. Бұл алшақтықты жабу үшін салаға да, оқу жүйесіне де, қоғамға да бірлесіп жұмыс істеу керек.
Осы орайда «жастарды кінәлаудан бұрын, оларды осы кәсіпке қайтаратын жағдай жасалды ма?» деген сұрақты өзімізге қойғанымыз дұрыс. Журналистің еңбегі лайықты бағаланса, жалақысы көтерілсе, оқу жүйесі жаңарса, редакциялар жас маманды қанаттандырып, қолдаса, бәлкім қаламнан қашқан буын қайта оралар еді. Әр баланы блогер болғаны үшін айыптаудың қажеті жоқ, керісінше журналистиканы блогерліктен де қызық, мағыналы әрі мәртебелі кәсіп ете білу керек. Себебі қоғамға блогер де керек, бірақ ақиқатты тексеріп, жауапкершілікпен жеткізетін нағыз журналист одан да қажет. Қаламды ұстаған қол әлсіремесе, халықтың көзі де, құлағы да, ары да аман болмақ. Ал ол қаламды ұстайтын келесі буынды бүгіннен тәрбиелеп, баулып, бағалай білген ел ғана ертең шынайы сөзден кенде қалмайды.
Ердәулет ҚАЛИЕВ.
Суретті түсірген автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!