Сөзсіз, журналистиканың өзге салаларға қарағанда мықты тұсы – әртараптылық. Журналист керек тұста өрт сөндіруші де, дәрігер де, ғалым да болуы керек деп айтамыз. Дөп сөз, әрине. Тақырып талғамай әлемнің қай бұрышынан да ақпарат тарататын журналистерді әмбебап демей немене… Дегенмен, кез келген өркениет, ғылым аясындағы алып өзгерістерге эволюциясы мен революциясына сай айдар тағып жатамыз. Ең алдымен бастау алу кезеңін классика дейміз, бертін келе қарыштап дамып, әлеуеті артқан тұсты модернизм деп бағамдаймыз, ең соңында ми жарарлықтай құбылыс еніп, жаңашаланған кезді пост-модернизмге теңейміз. Журналистиканы да аталмыш үш санатқа қарай жіліктеп бөлуге болады. Газет-журнал, басылым атаулы пайда болып, журналистика ұғымы дүниеге келген тұс – классика, артынша телеарна мен радио қолданысқа еніп, телерадиожурналистика дамыған уақыт модерн саналады. Әмбебап, конвергентті журналистиканың қанатын кеңге жайған кезі – осы сәт. Енді пост-модернизм дегеніміз интернетке тәуелді мультимедиа, дата-журналистика және сан түрлі салаға бағытталған салалық журналистика десек, артық айтқанымыз емес. Ешқандай ғылым емес, өз топшылауымыз. Біз үшіншісіне басымдық беріп, тоқталмақпыз. Салалық журналистика нені білдіреді, көкейтесті қандай мәселелер бар, даму үдерісі қаншалықты дұрыс жолда – осы шамадағы сұрақтарға мән береміз, жауап іздейміз.
Жасыратыны жоқ, журналистика тарихында ұзақ уақыт бойы әмбебап журналист моделі басым болды. Отқа да, суға да түсетін журналист қоғамдағы кез келген оқиғаны, нақтырақ, саясаттан бастап мәдениетті де бүкпей жеткізіп, қамти алды. Алайда, ақпарат ағымы бара-бара күрделене түскен сайын көзіміз үйренген «әмбебап журналистің» шектеулері байқала бастады.
Экономикадағы қаржы тетіктері, медицинадағы жаңа технологиялар, климат өзгерісі немесе цифрлық даму секілді ауқымды тақырыптарды үстірт ғана баяндай салу аудитория талабын қанағаттандырмайды. Осы қажеттілік салалық журналистиканың дамуына жол ашып отыр.
Бірі білсе, бірі білмес, салалық журналистика – белгілі бір қоғамдық немесе кәсіби бағытты терең зерттеп, сол саланың ішкі үдерістерін, проблемаларын және қоғамға ықпалын талдайтын журналистика түрі. Ал оның ең маңызды ерекшелігі – оқиғаны жай қаузап қоя салу емес, астарын ашып, тереңіне зер салу. Қысқасы, салалық журналист жаңалықты «не болды?» деген деңгейде қалдырмай, «неліктен болды?», «нақты қандай факторлар түрткі болды?» деген сұрақтарға жауап іздейді.
Хош. Мысал келтірейік. Әлем медиасында экономикалық журналистика әлдеқашан қалыптасып, тамырын терең жайған. АҚШ-тың The Wall Street Journal немесе Ұлыбританиядағы Financial Times секілді басылымдар экономика тақырыбын жай жаңалық етумен қатар, қоғамның дамуына әсер ететін үлкен жүйе ретінде қарастырады. Бұл медиалардағы журналистер тек биржа көрсеткіштерін немесе компаниялардың есебін жариялап қоймай, олардың халық тұрмысына, еңбек нарығына, сондай-ақ саясатқа ықпалын талдайды.
Мысалы, инфляция туралы қарапайым жаңалық «баға өсті» деген ақпаратпен шектелуі ықтимал. Ал экономиканы жазатын журналист оның себебін зерттейді: өндіріс шығынының артуы ма, валюта бағамының өзгеруі ме, әлде әлем нарығындағы жағдай ма? Осы арқылы қарапайым халық экономика нарығына куә болып, оның логикасын түсінеді.
Салалық мамандану ғылым журналистикасында да анық көрінеді. Әлемдік тәжірибеде National Geographic секілді медиа жобалар ғылыми тақырыптарды көпшілікке түсінікті тілмен жеткізудің үлгісін көрсетті. Ғылыми журналистің міндеті – зерттеушінің тілін қайталамай, ғылыми жаңалықтың адам өміріне әсерін көрсету. Мәселен, климат өзгерісі туралы материал температураның көтерілуімен шектелмейді, оның ауыл шаруашылығына, су ресурстарына, қалалардың болашағына ықпалын қарабайыр тілде түсіндіреді.
Қазақстан медиасында да салалық журналистиканың элементтері бар. Атап айтқанда, экономикалық бағытта Forbes Kazakhstan, іскерлік және қоғамдық мәселелерді талдайтын медиалар, спорт бағытында арнайы порталдар жұмыс істейді. Сонымен бірге дәстүрлі басылымдарда да белгілі тақырыптарға маманданған журналистер қалыптасқан. Алайда отандық медиада әлі де бір журналистің бірнеше бағытты қатар алып жүруі жиі кездеседі. Бұл жағдай терең сараптама жасауға кедергі келтіруі мүмкін. Қазақстандағы салалық журналистиканың мәселелері туралы зерттеулерде де мамандану, кадр даярлау және жаңа медиа жағдайындағы кәсіби өзгерістер мәселелері көтеріліп келеді.
Иә, Қазақстанға қарағанда, шетелде салалық журналистика әжептәуір алда екенін жоғарыда атап өттік. Бұл туралы Ұлыбританияда тілшілік қызметте жүрген халықаралық журналист Ғалымжан Қараманұлы ашып айтады. Ол өз кезегінде біздің журналистердің әр тақырыпты қозғап, жалған ақпарат тарату мүмкін екеніне налиды. Ал оның сөзінше, Тұманды Альбионда бәрі керісінше, әр журналистің өз діттеген саласы бар.
– Жалпы, біздің БАҚ Ұлыбританиядан кем емес деп айтуға толық негіз бар. Бірақ, арадағы басты айырмашылық, мұнда журналистердің әрқайсысының жеке зерттейтін саласы, тақырыбы бар. Ал бізде журналистер әр тақырыпты қозғай береді, әмбебаптықты жөн көреді. Адам бәрін білуі мүмкін емес. Былайынша мағлұмат алуы мүмкін, бірақ толық меңгеріп, сараптап жазу қиынға соғары анық. Бұл жақта салалық журналистика жоғары деңгейде дамыған. Нәтижесінде сапалы мақала, жөнді телевизиялық сюжет шығады, — дейді ол.
Салалық журналистиканың маңызын түсіну – бір бөлек, оны қалыптастыру – бір бөлек мәселе. Қазақстан медиасында экономика, ғылым, медицина, экология, құқық секілді бағыттарда материалдар жарияланып келеді. Алайда бұл салалар көбіне жеке кәсіби мектеп деңгейіне толық жетпей, жалпы ақпараттық журналистиканың ішінде қалып қояды. Мұның бірнеше себебі бар. Тарқатайық.
Бірінші себеп – журналистің әмбебап маман ретінде қалыптасқан дәстүрі. Қазақстан медиасында ұзақ уақыт бойы журналистен кез келген тақырыпты игеру талап етілді: таңертең саяси жаңалық, түсте әлеуметтік мәселе, кешке мәдени іс-шара туралы материал дайындау – редакция жұмысындағы қалыпты тәжірибе. Мұндай жүйе оперативтілікке тиімді болғанымен, белгілі бір саланы терең зерттеуге мүмкіндік бермейді.
Медиазерттеушілер де қазіргі журналистикадағы негізгі өзгерістердің бірі журналистің тек ақпарат таратушы емес, белгілі бір бағыттың сарапшысына айналу қажеттігі екенін атап өтеді. Қазақстандық зерттеулерде де салалық журналистиканы дамыту үшін кадр даярлау мен кәсіби мамандану мәселесі өзекті екені көрсетіледі.
Екінші мәселе – салалық журналистерді дайындау жүйесінің әлсіздігі. Университеттерде журналистика теориясы, жанрлар, медиа технологиялар оқытылады. Бірақ нақты экономика, медицина, ғылым немесе құқық саласындағы журналист дайындау мәселесі күрделі күйінде тасада қалып отыр.
Үшінші себеп – медиа нарықтың жылдамдыққа бағытталуы. Цифрлық дәуірде ақпараттың өмір сүру уақыты қысқарды: оқиға болған сәтте оны бірінші жариялау маңызды. Қазақстан аудиториясының жаңалықты тұтыну үлгісі де өзгеріп келеді: зерттеулерде әлеуметтік желілердің жаңалық көзі ретіндегі рөлі айтарлықтай артқаны көрсетіледі. Мысалы, 2025 жылғы зерттеу бойынша Қазақстан тұрғындарының 66,8 пайызы жаңалықты әлеуметтік желілерден алатынын айтқан.
Бұл жағдай редакцияларды жылдам контент өндіруге итермелейді. Ал салалық журналистика керісінше уақытты қажет етеді: құжат қарау, сарапшылармен сөйлесу, дерек тексеру, салыстыру жүргізу керек. Сондықтан терең зерттеу жылдам жаңалық бәсекесінде жиі ұтылып қалады.
Төртінші себеп – сараптамалық орта мен журналистика арасындағы байланыстың әлсіздігі. Дамыған медиа жүйелерде журналист пен сарапшы арасында тұрақты кәсіби байланыс бар. Мысалы, шетелдік ғылыми журналистикада тілші ғалымдармен бірге жұмыс істеп, күрделі зерттеулерді көпшілікке түсінікті форматқа айналдырады. Ғылыми журналистер арасында жүргізілген зерттеулер де көптеген журналистің өзін белгілі бір деңгейде ғылым маманы ретінде қабылдайтынын көрсетеді.
Алайда бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Алдымен журналистика білімінде салалық бағыттарды күшейту қажет. Болашақ журналист тек мәтін жазуды емес, белгілі бір саланың негіздерін меңгеруі тиіс.
ТҮЙІН. Әрине, мұнымен журналистика әмбебаптықты қажет ететінін жоққа шығармаймыз. Айтарымыз, ақпарат негізінде қандай да бір жаңалықты хабарлау –әр журналистің қолынан келетін іс. Алайда оқырманның жазған-сызғаныңа қарап бірдеңе ұққанын, тиісінше көзқарас қалыптастырғанын қаласаң, салалық журналистикаға бағытталу – міндет.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!