Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз білмейтін ақпарат әлемінің құпия салалары

25.06.2026, 6:00 78

Көпшілік  журналистиканы  камера алдында сөйлеген тілші, газетке мақала жазатын автор немесе жаңалық жүргізушісі ретінде таниды. Алайда ақпарат әлемі біз ойлағаннан әлдеқайда кең. Кейде журналистің жұмысы микрофон ұстаумен емес, архив ақтарумен, дыбыс тыңдаумен, тіпті мыңдаған адамның эмоциясын зерттеумен байланысты болады. Қазіргі журналистика – болған оқиғаны баяндаумен қатар, шындықты әртүрлі әдіспен іздейтін үлкен зертхана.

Журналистиканың  көп  айтыла бермейтін бағыттарының бірі – сот журналистикасы. Бұл салада жұмыс істейтін тілшілер сот отырыстарын бақылап ғана қоймайды, заң жүйесінің қалай жұмыс  істейтінін  терең  зерттейді.

Сот журналисі үшін бір ғана сөздің өзі маңызды болуы мүмкін. Себебі сот процесінде айтылған әрбір пікір, дәлел немесе құжат үлкен мәнге ие. Мұндай мамандар заң тілін қарапайым халық  түсінетін  тілге  аударып  береді.

Сот журналистикасы қоғамдағы ашықтықты қамтамасыз ететін құралдардың  бірі саналады. Кейде журналистің бір зерттеуі  сот  жүйесіндегі  үлкен мәселелерді  көрсетуі  мүмкін.

Көп адам некрологты тек қайтыс болған адам туралы қысқа хабарлама деп қабылдайды. Бірақ әлемдік журналистикада адамның өмір жолын, еңбегін, қоғамға әсерін баяндайтын ерекше бағыт барын бірі білсе, бірі білмейді.

Некролог жазатын журналист адамның өміріндегі ең маңызды сәттерді таңдайды. Оның мақсаты – өлім туралы емес, адамның  артында  қалған  із  туралы  айту.

Кейбір танымал басылымда некролог бөлімі арнайы дайындалады. Себебі адамның өмірін бірнеше абзацқа сыйғызу үлкен журналистік  шеберлікті  қажет  етеді.

Кейде журналист оқиғаның өзіне қатыса алмайды. Бірақ ол болған жағдайды қайта құрастыра алады. Бұл – реконструкция журналистикасының  негізі.

Мұнда журналист куәгерлердің сөзін, құжаттарды, бейнежазбаларды, карталарды және басқа да деректерді біріктіреді. Нәтижесінде оқырман оқиғаның қалай болғанын көз алдына елестете  алады.

Бұл  әдіс  көбіне  тарихи оқиғаларда, апаттарда немесе күрделі зерттеулерде  қолданылады.  Журналист  өткенді зерттеп, оны  бүгінгі  аудиторияға  қайта  ұсынады.

Технология дамыған сайын журналистің құралдары да өзгерді. Қазір кейбір тілші ақпарат жинау үшін ұшатын құрыл­ғыларды  пайдаланады.

Дрон-журналистика арқылы адам бара алмайтын жерлерден көрініс алуға болады. Табиғи апат аймақтары, үлкен құрылыс орындары немесе алыстағы аумақтар арнайы құрылғылар арқылы  түсіріледі.

Бұл  бағыт  журналистикаға жаңа көзқарас әкелді. Себебі кейде шындықты көрсету үшін жерден емес, жоғарыдан қарау қажет.

Журналистикада көзбен  көретін  ақпараттан  бөлек,  құлақ­пен  қабылданатын әлем де бар. Радио, подкаст  және  дыбыстық  деректі  материалдар  осы  бағытқа  жатады.

Дыбыс журналисі адамның дауыс ырғағына, тынысына, қоршаған ортаның дыбысына мән береді. Кейде бір ғана дыбыс тұтас оқиғаның атмосферасын жеткізе алады.

Мысалы, бос қалған үйдің үнсіздігі немесе қала көшесінің дауысы журналистің мәтінінен де күшті әсер беруі мүмкін.

Журналистика тек фактілерден тұрмайды. Кейбір материалдың  негізгі  нысаны – адамның  сезімі.

Эмоция журналистикасында автор адамдардың қорқынышын, қуанышын, үмітін немесе қайғысын зерттейді. Мұнда басты кейіпкер – оқиғаның өзі емес, сол оқиғаны бастан өткерген  адам.

Осындай материалдар оқырманға құрғақ ақпарат емес, адам тағдырын  көрсетеді.

Қазіргі уақытта видеоойындар да үлкен мәдени құбылысқа айналды. Сондықтан ойын журналистикасы жеке бағыт ретінде дамып  келеді.

Бұл саладағы журналистер ойындарға шолу жасап ғана қоймай­ды. Олар ойын индустриясын, оның қоғамға әсерін, технология­лық  өзгерістерін  зерттеп-зерделейді.

Виртуал  әлемдегі  оқиғалар да қазіргі адамның мәдениеті мен  ойлау  жүйесінің  бір  бөлігіне  айналып  отыр.

Қару-жарақ, қаржы немесе саяси билік – әлемді өзгертудің дәстүрлі құралдары осылай көрінуі мүмкін. Бірақ тарих сахнасын­да бұлардың бәрінен де қуаттырақ тағы бір күш бар. Ол – ақпарат  және  шындық. Кейде бір ғана мақала, дер кезінде жазылған жалғыз зерттеу алып империяларды сескендіріп, заңдарды  өзгертіп, миллиондаған  адамның  тағдырын  араша­лап  қалған.

Журналистиканың билікке ықпалын сөз еткенде алдымен ауызға оралатыны – Уотергейт оқиғасы. 1972 жылы The Washington Post газетінің тілшілері Боб Вудворд пен Карл Бернштейн Вашингтондағы «Уотергейт» қонақүйіндегі тыңшылық құрыл­ғыларын орнату ісін зерттей бастайды.

Нәтижесінде, қарапайым репортаждан басталған зерттеу АҚШ президенті Ричард Никсон­ның тікелей заңбұзушылықтарға қаты­сы барын әшкереледі. Мақалалар сериясы қоғамда үлкен серпіліс тудырып, соңында 1974 жылы АҚШ тарихында тұңғыш рет Прези­денттің өз еркімен отставкаға кетуіне алып келді. Бұл баспасөздің «төртінші би­лік» екенін дәлелдеген  ең  үлкен  жеңіс  еді.

2016 жылы Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) және Süddeutsche Zeitung газеті әлемді дүр сілкіндірген ауқымды материал жариялады. Түрлі елдің жүздеген журналисі бірлесе отырып, оффшорлық аймақтардағы жасы­рын байлықтарды су бетіне шығарды. Ауқымында 11,5 миллионнан астам құпия құжат талданды. Ықпалына тоқталсақ, әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің, миллиардерлер мен танымал тұлғалардың салықтан қалай жалтарғаны әшкереленді. Салдарында мақалалар жарық көрген соң Исландия мен Пәкістанның премьер-­министрлері қызметінен кетті. Дүниежүзі бойынша оффшорлық заңнамалар қатаңдатылып, миллиардтаған доллар салық түрінде мемлекеттік  бюджеттерге  қайтарылды.

1950-60 жылдары Еуропада «Талидомид» деп аталатын жүкті әйелдерге арналған тыныштан­дыратын дәрі кеңінен сатылды. Бұл дәрінің кесірінен әлемде мыңдаған сәби кемтар болып дүниеге келді. Фармацевтикалық компаниялар бұл фактіні жасырып, жауапкершіліктен  қашып  бақты.

Ұлыбританияның The Sunday Times газеті және оның редакторы Гарольд Эванс бұл іске білек сыбана кірісті. Олар заңдық шектеулер мен қоқан-лоқыларға қарамастан, зардап шеккен отбасылардың мұңын шағып, зерттеу  мақалаларын  тоқтаусыз  жариялады.

Мақаланың күшіне келсек, журналистердің қажырлы еңбегінің арқасында компания кінәсін мойындап, миллиондаған фунт өтемақы төлеуге мәжбүр болды. Ең бастысы, бүкіл әлемде дәрі-дәрмектерді клиникалық сынақтан өткізу және бақылау заңдары түбегейлі өзгертілді. Бір мақалалар сериясы болашақта миллиондаған  баланың  өмірін  аман  сақтап  қалды.

XIX ғасырдың соңында журналист Нелли Блай (Элизабет Кокран) Нью-Йорктегі әйелдерге арналған психикалық аурухананың ішкі жағдайын білу үшін өзін «жынды» ретінде көрсетіп, сонда жатып шығады. Оның New York World газетінде жарық көрген «Жындыханадағы он күн» атты мақаласы қоғамды шошытты.

Мақалада емделушілерге жасалған қатыгездік, лас жағдай мен сау адамдарды қамау деректері ашық жазылды. Осы материал­дан кейін Нью-Йорк билігі аталған мекемелерге бюджетті еселеп арттырып, психикалық ауруларды емдеу жүйесіне толық резонанс жасады. Бұл инвестициялық және зерттеу журналист­икасының  алғашқы  жеңістерінің  бірі  еді.

Бұл мысалдар – мұхиттың бір тамшысы ғана. Журналистика жай ғана оқиғаны баяндамайды, ол – әділетсіздікке қарсы тұратын, қоғамның тынысын реттейтін тірі ағза. Сондықтан бүгінгі цифрлық дәуірде, фейк пен манипуляция  қаптаған  заманда  нағыз, сапалы журналистиканың  маңызы  бұрынғыдан  да  арта  түсті.

Дайындаған А.АБАЙҰЛЫ

Фото: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: