Сыр өңірінің дамуына, отандық өндіріс саласының өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан белгілі кәсіпкер, «Квант» механикалық зауытының негізін қалаушы әрі директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Бекішевтің 70 жылдығы аталып өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ел мүддесі бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» деген болатын.
Міне, сондай еңбек адамдары ұжымын басқарып отырған Жаңабай Бекішевке өңірдің дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Өндіріс және құрылыс министрлігінің «Қазақстанның құрметті машина жасаушысы» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар кәсіпкерге Қызылорда қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, «Атамакен» ұлттық палатасы Қызылорда өңірлік кеңесінің, Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасының, республикалық «Ауыл» партиясы Қызылорда облыстық филиалының, Қызылорда Жылу орталығының және т.б. өндіріс орындарының құттықтаулары табысталып, зауыт ұжымы оған дәстүрге сай шапан жапты. Өз кезегінде Жаңабай Бекішев көрсетілген құрмет пен ыстық ықыласқа ризашылығын білдіріп, туған жерінің дамуына әрдайым жанашыр бола беретінін атап өтті.
Жаңабай Бекішев 1956 жылы Жалағаш ауданы, бүгінгі Бұқарбай батыр атындағы ауылда өмірге келген. Ол – Сыр өңірінде 30 жылдан астам уақыт бойы металл өңдеу мен өнеркәсіп саласын үзіліссіз дамытып, аймақ экономикасының тірегіне айналған «Квант» зауытының басшысы. Оның жетекшілігімен кәсіпорын өнімдері тек елімізде ғана емес, жақын шетелде де жоғары сұранысқа ие болып, Сыр елінің мерейін асырып келеді. Сонымен қатар, ол – жергілікті өндірушілердің құқығын қорғап, жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп жүрген білікті меценат, қоғам белсендісі.
«Квант» зауытының ұжымы мен аймақ жұртшылығы Жаңабай ағаны туған күнімен құттықтай отырып, оған сарқылмас қуат, отбасылық бақ-береке және еліміздің игілігі жолындағы еңбегіне жаңа табыстар тілейді!
Бекмухамбет Әбдрасуллаев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!