Аймақтар арасында Сырдың жолын сұраған адам Қызылорданың көшесі туралы жылы пікірді жиі естиді. «Қызылордаға барсаң, көлік тегіс жолмен зуылдап жүреді», «қалада кептеліс көп емес», «соңғы жылдары көшелер кәдімгідей түзелді» деген сөз ел ішінде бекер айтылмайды. Расында, облыс орталығында кейінгі жылдары жол жөндеу жұмысы тоқтаған жоқ. Көлік саны көбейіп, жаңа тұрғын аудандар кеңейіп, қала шеті бұрынғыдан да жандана түскенімен, Қызылорданың негізгі көшелерінде қозғалыс ырғағы сақталып тұр. Мұның бір себебі – соңғы жылдары жол инфрақұрылымына бөлінген қаржы мен жүйелі жүргізілген жөндеу жұмыстары. Сонымен, соңғы жылдары қанша көше жаңарып, қанша қаржы жұмсалды? Соңғы үшжылдықты шолып көрейік.
Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы Қызылорда қаласы мен оған қарасты елді мекендерде 236 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 99 көшеге асфальт, 137 көшеге тасжол салу көзделді. 2024 жылғы есепте қала, кент және ауылдық округтер бойынша жалпы ұзындығы 185,7 шақырымды құрайтын 269 көшеге орташа жол жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілгені айтылды. Бұл жұмыстарға 10,6 млрд теңге қаралған. Сонымен бірге 19 көшеге жаяу жүргінші жолы салынып, көпір, жарық, аулаішілік жол, абаттандыру бағытындағы жобалар қатар жүзеге асты. Ал 2025 жылға қарай қала басшылығы орталық көшелермен ғана шектелмей, Тасбөгет, Белкөл, Қызылжарма, Ақсуат, Қызылөзек секілді шетаймақтар мен ауылдық округтердегі жол мәселесін де нақты атай бастады.
Дегенмен, жол тақырыбымен тек мақтана алмаймыз. «Қай көше жөнделді, оған қанша қаржы жұмсалды, сапасы қандай, тротуар мен жарық қатар жүрді ме, тұрғындар айтқан мәселе ескерілді ме?» деген сұрақтар да бар.
2023 жылы Қызылорда қаласын Асылбек Шәменов басқарған тұста жол мәселесі, әсіресе ауылдық округтердегі кездесулерде көп көтерілді. Белкөл кентінде Сарыарқа мен Путейцев көшесіне асфальт төсеу, Жерұйық, Путейцев тұйығы, Әбдіқадыров №2, №4, №6, №9 көшелеріне қиыршық тас төсеу, Белкөлдің орталық көшесі мен Бірлік көшесіне тротуар салу жоспарланғанын жарыса жаздық. Қызылөзек ауылында 2 көшеге асфальт, 4 көшеге малта тас төсеуге республикалық бюджеттен 173 млн теңге бөлінген. Талсуатта 65,2 млн теңгеге 8 көшені жөндеу, 7 көшеге жарық бағаналары орнатылғанын байқадық.
Қарауылтөбедегі кездесуде тұрғындар жол мен жарық мәселесін көтерді. Сол кезде Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов ауылдағы бірқатар көшеге қаржы бөлінгенін айтты.
– Жол, жарық мәселелеріне қаражат бөлінді. Тұрғындар айтқан көшеге де қаржы бөлінген, енді конкурсы өтеді. Жалпы ауылдағы 24 көшеге жаяу жүргінші жолы, 12 көшеге қиыршық тас төселеді, — деді Асылбек Өмірбекұлы.
Ақжарма ауылында өткен кездесуде тұрғындар аяқсу, көше және жарық бағаналарына қатысты мәселе айтты. Қала әкімі бұған дейін әуежай аумағынан алынған бағаналардың ауылдарға таратылғанын жеткізді. Сондай-ақ аяқсудың берілуін бақылау ауыл әкімінің міндеті екенін атап өтті.
– Өткен жылы әуежайдан шыққан біраз бағананы осы ауылдарға тараттық. Басқа ауылдардан қалған бағаналарды жинап, әкеліп береміз, еш қиындығы жоқ. Ал ауыл әкімі аяқсудың келуін тікелей бақыласын. Тұрғындар бірігіп, сенбілік өткізсе, арықтарды тазартса да жақсы болады, — деді қала әкімі.
Сол кезеңде Асылбек Шәменов жергілікті бас редакторлармен де кездесіп, қалада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды ақпараттандыру мәселесіне тоқталған еді.
– Билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып, мемлекеттің саясатын жан-жақты шынайы жеткізіп, облыс пен қалада атқарылып жатқан жұмыстарды ақпараттандырудағы әрбіріңіздің еңбектеріңізді бағалаймын. Әрине, бірлесіп, түсінісіп жұмыс істеудің берері бар. Өздеріңізбен бір ай бойы аталып өтіп жатқан қала күнінің мәресіне жетер уақытта жүздесіп, облыс орталығында бұған дейін не істелді, алда қандай жоспарлар барын бөліскім келеді, — деген еді Асылбек Шәменов.
2023 жылы қалаға қарасты елді мекендердегі жол, жарық, жаяу жүргінші жолы және абаттандыру мәселелері тұрғындармен кездесулерде жиі көтерілді. Қарауылтөбе мен Ақжармадағы кездесулерде де осы бағыттағы сұрақтарға жауап беріліп, қаржы бөлу, конкурс өткізу, бағана жеткізу және аяқсуды бақылау мәселелері айтылды.
2024 жылы Қызылорда қаласының әкімі болып Серік Қожаниязов тағайындалды. Сол жылғы есептерде жол-көлік инфрақұрылымына қатысты бірнеше ірі жоба қамтылды. Қоғамдық кеңес алдындағы есепте Сырдария өзенінің сол жағалауында Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізімен жанасатын көлік айырығы 5,7 млрд теңгеге пайдалануға берілгені айтылды. Қала, кент және ауылдық округтердегі жалпы ұзындығы 185,7 шақырым болатын 269 көшеге орташа жол жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бұл бағытқа 10,6 млрд теңге қаралған. Сонымен бірге 690 млн теңгеге 19 көшеге жаяу жүргінші жолы салынған.
Көпір құрылысы да сол жылғы инфрақұрылымдық жұмыстардың қатарында болды. Бәйтерек тұрғын ауданына Қызылжарма каналы арқылы өтетін автомобиль көпірі 350,1 млн теңгеге салынып, пайдалануға берілді. Ғ.Мұратбаев көшесі мен А.Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргінші көпіріне 304 млн теңге жұмсалды.
Серік Қожаниязов қоғамдық кеңес алдындағы есебінде тұрғындардан түскен ұсыныстар мен қоғамдық кеңестің рөліне тоқталды.
– Әр саланың өкілдерінен құралған бұл белсенді ұйым – билік пен азаматтық қоғамды байланыстырушы буын, алтын көпір. Қоғамдық кеңес мүшелерінің көтерген әрбір мәселесі – тұрғындарымыздың талап-тілегі, үні, — деді қала әкімі.
Сол есепте қала бюджетінің көлемі де айтылды. Серік Қожаниязовтың мәліметінше, Қызылорда қаласының бюджеті 96 млрд теңгеден асып, 2022 жылмен салыстырғанда 31 пайызға өскен.
– Экономикамыз еселеп артып, барлық салада өнімді өсімдерге қол жеткіздік. Бұл – бірлік пен тынымсыз тірліктің нәтижесі, — деді ол.
2024 жылға арналған жоспарларда көше жарығы мен жаяу жүргінші жолдары жеке бағыт ретінде енгізілді. Қызылорда қаласы бойынша 54 көшеге жарық бағаналарын орнату үшін республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталатыны хабарланды. Сонымен қатар облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге қаралып, жалпы ұзындығы 48 шақырым болатын қаланың 40 көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланды.
Серік Қожаниязов «Әкім сағаты» бағдарламасында қаладағы нысандарды аралап, тұрғындармен, ардагерлермен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, депутаттармен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескенін айтты.
– Өзім осы қалада туып-өстім. Қызмет жолымды да туған өлкемнен бастадым, сондықтан қаланы бес саусағымдай жақсы білемін деп айта аламын. Десе де, бірқатар нысанды аралап, тұрғындармен, ардагерлермен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, депутаттық корпуспен, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, пікірлестім. Олар тілек-ұсыныстарын жеткізді, әрине, барлығын міндетті түрде ескеремін, — деді ол.
Бағдарлама барысында қала әкімі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі жоспарларына да тоқталды.
– Жалпы ортақ үйімізді қалай гүлдендіреміз, тұрғындарымызға қолайлы орта қалыптастыру үшін қандай жұмыстарды қолға алуымыз қажет? Осы хабарды пайдалана отырып, жоспарларымды бөліскім келеді, — деді шаһар басшысы.
2024 жылдың екінші жартысында Қызылорда қаласының әкімі болып Нұржан Ахатов тағайындалды. Оның қызмет кезеңінде жол жөндеу жұмыстары қаладағы ірі көшелер мен қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде жалғасты. Қыркүйек айындағы ресми ақпаратта сол жылы жол-көлік инфрақұрылымына 36 млрд теңге бөлінгені хабарланды. Қала, кент және ауылдық округтердегі 99 көшеге орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту, жол және көпір құрылыстарын салу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Сол тізімде әуежай жолы, Шиелі ауданынан кіреберіс айналма көпірден аспалы көпірге дейінгі аралық, Қожа Ахмет Яссауи көшесі, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшесі, Жаппасбай батыр, Е.Көшербаев, М.Шоқай және Қорқыт ата көшелері аталды. Қорқыт ата көшесіндегі жөндеу жұмыстарының барысын пысықтаған қала әкімі жауапты мердігерлерге жұмыс сапасын сақтау жөнінде тапсырма бергені жарияланды.
2025 жылға қарай қаладағы жол мәселесі Нұржан Ахатовтың БАҚ-қа берген сұхбаттарында да кеңірек қамтылды. Жаңбырдан кейін кей көшеде су жиналатыны туралы сауалға қала әкімі коммуналдық қызмет жұмысы мен шетаймақтардағы жағдайды атады.
– Жаңбыр жауған кездері ондай мәселелер болды. Бірақ коммуналдық сала қызметкерлері күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Суды мүмкіндігінше бір-екі күнде арнайы техниканың көмегімен тартып алуға тырысады. Жауын-шашынды күндері бірінші кезекте орталық көшелерге басымдық берілетіні рас. Содан кейін шет аймақтарға ауысамыз. Халықтың шағымы осыдан туындайды. Қаланың шеткері бөлігінде мәселе барын әлеуметтік желі арқылы біліп, бақылап отырмыз. Мұндай көшелерге негізінен халықтың жүруіне ыңғайлы етіп тас төселеді, — деді Нұржан Ахатов.
Қала әкімі өткен жылы атқарылған жол жұмыстары бойынша бірнеше шағын аудан мен саяжай аумақтарын атады.
– Өткен жылы Бәйтерек, Шанхай, Титов, КБИ, Саяхат шағын аудандарындағы 35 көшеге асфальт, Эдельвейс, Ягодка саяжайларының 20-ға жуық көшесіне тас төселді. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің Ақмешіт, 3-ірілендірілген квартал, Астана-1, 2, Арай-3, Тоқмағамбетов, №3 үй аулаішілік жолдары жаңартылды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы ұзындығы 4 шақырым 7 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл бағыттағы іс-шараларды биыл да жалғастырамыз, — деді ол.
2026 жылға жоспарланған жұмыстар ішінде Назарбаев даңғылы, Тасбөгет кентіндегі бірқатар көше және Спанов көшесі бар.
– Назарбаев даңғылының Баймаханов көшесінен бастап Тасбөгет кентіне дейінгі аралығын қайта жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткіземіз. Бұл жұмыстың қатарына Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Есенов көшелері енді. Сондай-ақ Баймаханов пен Шәменов көшесінің аралығына дейінгі Спанов көшесін де қайта жаңғыртамыз, — деді қала әкімі.
Кент және ауылдық округтердегі жол жөндеу жұмыстарына 2 млрд 659 млн теңге қаралған. Бұл қаржыға 29 көшеге қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды.
– 2 млрд 659 млн теңгеге кент және ауылдық округтердің 29 көшесіне қайта жаңғырту, орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Тізімде Белкөл кентіндегі орталық көше, Тасбөгет кентіндегі Шоқай, Олжабайұлы, Әбенов, Абай, Қызылжарма ауылдық округіндегі Нақыпұлы, Ділдебаев, Алмағанбетов, Абдулов көшелері, Мейірманов, Алтықұлаш, Қаратау, Тереңсай, Қараарын, Төсбұлақ, Күркіреуік, Терісақпай, Ақсуат ауылдық округіндегі Байтен, Жөнбаев, Сарыкөл, Үсенбаев, Әбиев, Жаңатұрмыс, Қырықбайтақ, №10 «В», Әлімов, Қаратаев, Қызылөзек ауылдық округіндегі Қараөзек бекеті-4, Құнанбаев көшелері бар, — деді Нұржан Ахатов.
2023, 2024 және 2025 жылдарға қатысты мәліметтерде қала орталығымен қатар кенттер мен ауылдық округтердегі көшелер де қамтылған. 2023 жылы қалаға қарасты елді мекендерде асфальт төсеу, қиыршық тас салу, жарық бағаналарын орнату, жаяу жүргінші жолдарын жүргізу мәселелері көтерілді. 2024 жылы қала, кент және ауылдық округтер бойынша 269 көшеге жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргінші жолдары мен көпірлер пайдалануға берілді. 2025 жылғы жоспарларда Тасбөгет, Белкөл, Қызылжарма, Ақсуат, Қызылөзек бағытындағы көшелер атаулы түрде көрсетілді.
Соңғы үш жылда Қызылордада жол жөндеу жұмыстары орталық даңғылдармен ғана шектелмей, тұрғын аудандар, саяжайлар, кенттер мен ауылдық округтерге дейін тарады. Шаһар басшылығының сөзінше, жолмен қатар тротуар, жарық, көпір және аулаішілік жолдар да қамтылып отыр.
Қаланың бүгінгі беталысына қарап айтылар баға белгілі. Қызылорданың жолы түзеліп, көшесі кеңейіп, келбеті кіріп келеді деген сөзді естігенде сырбойылықтардың марқайып қалатыны бар. Расында, кейінгі жылдары қалада да, қалаға қарасты елді мекендерде де жол жөндеу, тротуар салу, жарық жүргізу, көпір мен аулаішілік қатынасты реттеу бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Бірақ шешімін күткен шаруа мұнымен таусылмайды. Шетаймақтағы ағайынның жолға, жарыққа, жаяу жүргінші жолына, су жүретін арыққа, аялдамаға, қауіпсіз қатынасқа қатысты талабы әлі де өзекті. Сондықтан алдағы кезеңде де бұл жұмыстар тоқтамай, әр көшенің, әр ауданның, әр ауылдың сұранысы ретімен шешімін таба береді деген үміт бар. Өйткені қаланың шын келбетін қалыптастыратын дүние – шетаймақтағы шағын көшенің жағдайы.
Е.СӘРСЕНҰЛЫ.
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!