Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыртқы ақпараттық манипуляция күшейген. Сарапшылар Telegram алаңына алаңдап отыр

11.05.2026, 16:00 35

Орталық Азия елдеріне бағытталған сыртқы ақпараттық қысым күшейіп келеді. Internews ұйымының Қазақстандағы өкілдігі жүргізген зерттеуде осындай қорытынды жасалған. Мамандардың айтуынша, манипуляциялық мазмұн көбіне әлеуметтік желілер арқылы тарайды. Әсіресе Қазақстанда мұндай ақпараттың негізгі ошағы ретінде Telegram аталып отыр.

Зерттеу авторлары Қазақстан мен Өзбекстандағы ақпараттық кеңістікке сырттан келетін ықпалдың ортақ бағытын талдаған. Олардың пайымынша, мұндай нарративтердің негізгі мақсаты – Батыс елдері мен демократиялық институттарға сенімсіздік қалыптастыру, ал Ресей мен Қытайды аймақ үшін «сенімді балама серіктес» ретінде көрсету.

2026 жылдың сәуірінде жарияланған зерттеу аясында ғалымдар 2025 жылдың қазаны мен 2026 жылдың ақпаны аралығындағы ақпарат ағынын қарастырған. Бес ай ішінде бес түрлі платформада жарияланған 581 мыңнан астам жазба сараланып, олар 32 негізгі нарратив бойынша топтастырылған. Осы жазбалар Қазақстанда 14 миллион, Өзбекстанда 18 миллион рет қаралған.

Бішкектегі Crossroads Central Asia тәуелсіз зерттеу институтының негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Шайырбек Жораевтың айтуынша, сыртқы ақпараттық бұрмалау тек жекелеген жалған мәліметтермен шектелмейді. Ол азаматтық қоғамға, тәуелсіз БАҚ-қа, демократиялық реформаларға және қоғамдық пікірталас алаңына жүйелі түрде әсер етуді көздейді.

Сарапшы ең алаңдатарлық мәселе ретінде ақпараттық шабуылдың шоғырланған сипатын атап өткен. Оның сөзінше, Қазақстанда анықталған манипуляциялық контенттің басым бөлігі санаулы аккаунттар арқылы таралған. Бұл ақпараттық ықпалдың кездейсоқ емес, белгілі бір жүйемен жүргізілетінін көрсетеді.

Зерттеуде Telegram платформасының рөліне ерекше назар аударылған. Қазақстандағы ақпараттық манипуляция белгілері бар материалдардың 88 пайызы осы мессенджер арқылы тараған. Мамандар мұны Telegram-дағы модерацияның әлсіздігімен, анонимді арналардың көптігімен және саяси ақпаратты тұтынатын аудиторияның дәл осы алаңда шоғырлануымен байланыстырады.

Сонымен қатар зерттеу авторлары ақпараттық қауіп тек Telegram-мен шектелмейтінін ескертеді. Сарапшылардың айтуынша, TikTok пен Threads секілді платформалар да дезинформация таратуда барған сайын ықпалды алаңға айналып келеді. Алайда бұл желілер аталған зерттеудің негізгі мониторингіне толық енгізілмеген.

Зерттеу барысында Қазақстандағы манипуляциялық нарративтердің 94 пайызы орыс тілінде таралатыны анықталған. Бірақ бұл қазақтілді аудиторияға әсер етпейді деген сөз емес. Елдегі қостілділік деңгейі жоғары болғандықтан, орыс тіліндегі контент қазақтілді азаматтарға да жетеді. Сонымен бірге мамандар қазақ тіліндегі сапалы ақпараттық контенттің аздығы болашақта бұрмаланған мазмұн үшін бос кеңістік қалыптастыруы мүмкін екенін айтады.

Сарапшылардың пікірінше, сыртқы ақпараттық манипуляцияға қарсы тұру үшін тәуелсіз медиа, фактчекерлер, азаматтық қоғам институттары және сапалы ұлттық контент маңызды рөл атқарады. Ақпараттық кеңістікте сенімді дерек, кәсіби журналистика және сыни ойлау күшеймейінше, сырттан келетін бұрмаланған нарративтер қоғам пікіріне ықпал етуін жалғастыра беруі мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: