Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түсте көрген түс немесе мен өзімді неге сабадым?

06.05.2026, 17:20 80

HALYQLINE.KZ

Бүгін әкімшілік ғимаратында ерекше жиналыс болды. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерге ұйқышыл, маубас болмауға және жаман түстер көруден бас тарту керек екені айтылды. Әсіресе, түс көргіш мәдениет басшысына қатаң ескерту жасалды. Жаман түстер көрмеу үшін сергектікті күшейтетін дәрілер ішуге кеңес берілді. Үнемі жақсы түстер көруге шақырды. Тіпті, әкім «жақсы түс – жарым ырысы» деп, мақалды да өзгертіп жіберді. Сонымен бірге ұйқы дәрісін жұмыс кезінде емес, кешке ішу керек деп, ақырғы рет ескертілді.

Соңғы кездері неге екені белгісіз, бәріміз де жиналыс кезінде қалғып кетуді әдетке айналдырып алдық. Бір күні түс мезгілінде кезекті жиылыста көзім ілініп кетіпті. Түс көріп жатырмын. Масқара, түсімде өзімді-өзім жек көріп кетіппін. Айнадан көрсем, боқтап жіберемін. Жынданған жоқпын, денім сау. Бірақ, өзімді ұнатпай жүрмін. Біреу мені бетімнен шапалақпен тартып жіберсе екен деймін.

Көшеде кетіп бара жатқан бір жігітті тоқтаттым.

— Айналайын, амансың ба?

— Жоқ, Аман емес, Жөкетаймын.

— Кім болсаң да бір өтініш бар еді, мені сабайсың ба? — дедім.

Әлгі жігіт шошып кетті. Көзін алартып:

— Ағатай, қуасыз ба не? Мен сізді не үшін сабаймын?

— Өзіме жыным келеді, ең болмаса бір тепші, — дедім.

— Басыңыз ауырады екен, ағай, — деді де, Жөкетай жүгіріп кетті.

Жан-жағыма қарасам, ербеңдеген бір кісі келе жатыр.

— Ассалаумағалайкүм, ағасы, мені сабайсыз ба?

— Айналайын, сен не деп тұрсың? Мен не, көшеде адам сабайтын бұзақыға ұқсаймын ба?

— Жоқ, ұқсамайсыз.

— Мен қалалық білім басқармасы басшысының орынбасарымын. Мұғалімнің адам сабағанын қайдан көрдің?

— Интернеттен көрдім.

— Не айтып тұрсың?

— Аға, кешіріңіз, жарайды, айып етпеңіз.

Ол кісі маған қабағын түйді. Негізі бір сөз айтсам, шынымен де сабайын деп тұр. Бірақ, бұл кісіден таяқ жегім келмей кетті. Томпаңдап біреу асығыс келе жатыр.

— Жолыңыз болсын.

— Рақмет.

— Мені сабайсың ба?

— Түсінбедім.

— Мені бір ұршы деймін…

Әлгі жігіт шошып кетті. Алды-артына қарамай тұра қашты. Қолында папкасы бар бір мұртты адам көрінді.

— Кешіріңіз, бір өтінішім бар еді, — дедім.

— Оқасы жоқ, айта беріңіз, — деді әлгі адам.

— Мені сабайсыз ба?

— Сіз де кешіріңіз, менің қолымнан адам сабау келмейді, мен сіз түгілі үйдегі әйеліме қол көтеріп көрген адам емеспін. Мен өте мәдениетті жанмын, — деді.

Сүйтсем, ол әкімнің орынбасары екен. Бұл кісі мені көрсе, мұрты қисайып қалады.

— Онда кім адам сабайды екен, айтып жібермейсіз бе?

— Полиция бөліміне барыңыз.

— Олар адам сабай ма?

— Айта алмаймын.

— Қойыңыз, олар адам ұрмайды, қайта қорғайды, — дедім.

— Онда өзіңіз біліңіз, — деді ол.

Ойланып қалдым, не болса барып көрейін дедім.

— Сәлеметсіз бе?

— Тыңдап тұрмын, сізге кім керек?

— Сіздерде адам ұра ма?

— Түсінбедім, не деп тұрсыз?

— Менің өз-өзіме жыным келеді.

— Сонда не дегің келіп тұр, жолдас азамат, — деп, полицейдің дауысы қатты шығып кетті.

Енді бірдеңе десем ұратын сияқты. Бірақ, ойланып қалдым. Томардай жұдырығымен қақ маңдайдан бір қойса, нем қалады. Үндемей тайып тұрдым. Әкімшілік үйіне келдім. Тура әкімнің кабинетіне бас салып кіріп бардым.

— Ассалаумағалайкүм!

— Әликумассалам!

— Сізде бір тығыз шаруам бар еді.

— Қысылмаңыз, айта беріңіз, — деді әкім.

— Сіз мені жұдырық емес, шапалақпен бетімнен салып жібересіз бе?

— Ойбай, айналайын, не айтып отырсың? Әкім адам ұра ма? Мен сен ойлағандай бұзық, дөрекі, әртістермен саунаға түсетін әкім емеспін. Жаман әдеттерден аулақпын. Мен танымайтын адамды ұрмаймын. Сені білмеймін. Сондықтан, кешіріңіз, жолыңыз болсын!

— Аа, жарайды, айып етпеңіз, — деп шығып кеттім.

Кешке дейін көшеде жүрдім, бір адам баласы тиіспеді. Әркім өз шаруасымен жүр. Қас қарая үйге келдім де, айнаның қақ алдына барып, өзімді жеті атамнан бастап боқтай жөнелдім. Бір кезде айнадағы бейнеме тіл бітті:

— Ей, бетің табақтай болған неме? – деді.

— Ау, не болды? — деп жауап бердім.

Шошым кеттім. Айнадағы сурет – өзім.

— Бақандай жиырма жыл театрға өміріңді арнағанда басыңа мүйіз шықты ма?

— Жоқ!

— Жұртты күлдіргеннен омыруаңыңа орден тақты ма?

— Қандай орден?

— Ақымақсың?

— Неге? — дедім өзіме-өзім.

— Былтыр Астана қаласында Ақтөбенің мәдениет күндері аталып өтті. Қолына қалам ұстағандардың кітап көрмесі болды?

— Иә, ол жерде менің кітаптарыма орын жетпей қалды ғой, келесіде міндетті түрде қоямыз, — деді.

Өзіңнен-өзің қорыққан жаман екен.

— Ынжықсың, неменеге ылғи сені ұмыта береді. Мәдениетте отырғандар да өңшең склероз ауруын жұқытырып алғандар. Осыдан алты-жеті жыл бұрын Ақтөбе облысы қаламгерлерінің «Жәдігер» атты топтамалары шықты. Кітаптың ішінде бір шығармаң жоқ. Марқұм жазушы-сатирик Сейіт Кенжеахметов ағамыз күліп кетті.

— Иә, мен де қатты күлдім.

— Кімге?

— Өзіме күлдім.

— Ақтөбе қаласын айтпағанда, Шалқар ауданының бірінші энциклопедиясы шыққанда да саған бір парақ қағаз жетпей қалыпты.

— Сол бір парақ ақ қағаз апарып беріп едім, кеш қалыппын.

— Осылай сүмірейіп жүре берсең, әлі талай нәрседен құр қаласың.

— Келесіде ескереді ғой, — дедім міңгірлеп.

— Оған дейін ескіріп қалсаң ше?

— Көрерміз…

— Айтпақшы, өзің құраған «ЕКІ ЕЗУ» сатира театрың қайда?

— Бар ғой.

— Театрды жауып, елді күлкісінен айырған кімдер?

— Күлмейтін, қытығы жоқ адамдар.

 -Биыл «ЕКІ ЕЗУ» театрына 20 жыл, өзің ел ағасы 50-ге толады екенсің ғой. Құтты болсын!

— Рақмет!

Айнадағы өз сұлбам маған ұрысып, әкемді танытты. Намыстаным кетіп, өзімді қақ маңдайдан бір қойдым. Жұдырықпен бүйірімнен бір соқтым. Шашымнан ұстап алып жарға ұрдым. Көзім жарқ ете қалды. Басым айналып жерге құладым. Есімді жисам үйдегілер қоршап отыр.

— Ойбай, сені кім ұрып кетті? Бұл қоғам іріп-шіріп кетсе де, ештеңе жазба дедім ғой, — деп, шешем айғайлап жатыр.

— Ешкім ұрған жоқ, өзімді-өзім сабадым.

— Көтек, жындағансың ба?

— Солай шығар.

Айнадағы бейнеммен сөйлескенімді ешкім білген жоқ. Ал, мен болсам өзімді-өзім сотқа беруге бел буып жатырмын.

Бір кезде біреу түртті. Сүйтсем, жиналыс аяқталып, адамдар орындарынан тұрып жатыр.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: media.istockphoto.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: