Орыс патшалары, дворяндары, князьдері және басқа да ақсүйектерінен некеден тыс дүниеге сәбилер туылып отырған. Болар іс болған соң, оларға фамилия беру керек.. Ойланбай ойнас жасағанымен, ойланып ойдан фамилия шығаруға тура келді. Сәйкес фамилия табуда шығармашылық көрсетіп, қысқартылған фамилияны ойлап тапты.
Мысалы, Екінші Екатерина патшайым князь Таврическийден туған қызы Елизаветаны Танкина деп жаздырды. Өздерінің патшаларынан үлгі алған басқа ақсүйектер де өздерінің қысқартылған фамилиясын некесіз туған балаларына беріп отырды. 1812 жылғы Отан соғысына қатысқан дворянин Елагин қол астындағы крепостной шаруаның қызынан көрген ұлын Лагин деп жаздырды, кейін Александр Лагин белгілі кітап иллюстраторы болды. 1812 жылғы соғыстың қаһарманы генерал-фельдмаршалы Трубецкой некесіз ұлын Бецкой деп жаздырды, кейін ұлының патша сарайында мансабы өсіп, белгілі тұлғаға айналды.
Ресейдегі белгілі тұлғалардың некесіз балалары граф Шереметев – Реметов, Репин – Пинин, Головин – Ловин, Разумовский – Умовский, Румянцев – Умянцев, Наумов – Умов, Долгорукий – Рукин деген фамилиялармен жазылды.
Атақты дворяндар Тенешев пен Голицин ойнастан туған балаларына онша қуана қоймаған болуы керек, «Те» және «Го» деген ең қысқа фамилия берді.
Кей орыс патшасы халық атап кеткен лақап аттарын да некесіз балаларына беріп отырды. III Александр Миротворц ұлына Миротворцев деген фамилия берді, ұлы кейін белгілі совет хирургі, Сталиндік сыйлықтың иегері болды. Император I Павел Великий некесіз ұлына Великий деген фамилия берді. II Александр патша бәрінен де асып түсіп, әйелінің фамилиясын берді. Әйелі Екатерина Долгорукая Москва қаласының іргесін қалаған патша Юрий Долгорукийдің ұрпағы еді.
Фантазиясы ұшқыр романтиктер өзінің ойнастарын қатты жақсы көргендіктен болар, сөйлейтін немесе мағынасы бар фамилиялар беріп отырды. Дворянин Нестеров ұрпағын французша Фавст (бақытты), екіншісін французша Макеровский (менің жүрегім) деп атады. Шығармашылығы тасып бара жатқан ақсүйектер өзінің заңнан тыс туған ұрпақтарына өз фамилиясын теріс айналдырып жаздырды, атап айтқанда Рибас – Сабир, Чарналуский – Луначарский, Шубин – Нибуш, Петров – Ропет, ал князь Владимир Волконский атын теріс қарай жаздырып Римидалв деп фамилияны ойлап тапты.
Ал кейбіреулері некесіз баласын жақтырмай, Бастрюков, Нечаев, Нагульнов деген фамилияны берді. Есіме М.Шолоховтың дүнежүзілік революцияны армандайтын есерсоқ кейіпкері Макар Нагульнов түсіп кетті ғой.
Кей дворян текті фамилиясын қара дақпен былғағысы келмей, некесіз туған баласына географиялық фамилия берді. Граф Разумовский баласына өзінің тұрған имениесінің атауымен Перово, князь Куракин өзен атауымен Сердобин деген фамилия берді.
II Екатерина патшайым граф Григорий Орловтан туып алған екінші баласына Алексей Бобрикин деген фамилия берді. Граф Орловтың тұрған имениесі Бобрики деп аталатын.
Қазақ халқы да некесіз ойнастан туған баланы жақтырмай және айыптап «шата» деп атаған және баланы «жолдан тапқан» деп, атын да соған сәйкестендіріп Жолдыбай және Жолбике қойған. «Шатаның шатағы көп» деген сөз содан қалған.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
тарихшы, журналист-дайджест.
Фото: Суретші Ричард Редгрейвтің (1804-1888) «Некесіз бала туып алған қызын әкесі үйінен қуып жіберуі» картинасы. Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!