Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ жұртының арманы – ұлттық мемлекет!

18.04.2026, 13:10 90

HALYQLINE.KZ

Өткен айда екіқабат қыздың күйеуге асыққанындай референдумымыз да зу етіп өте шықты ғой. Ораза айт, әз Наурыз мерекелеріміз де түйдектеліп артта қалып жатты. Тек қазақ жұрты ғана сол баяғы проблемаларымен жападан жалғыз.

Өткен ғасырдың басында Ресей империясындағы І және ІІ Мемлекеттік Дума депутаттары болған Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменов, Әлихан Бөкейханов, Шаймерден Қосшығұлов Санкт-Петербордың биік мінберлерінен қазақ халқының мұң-мұқтажын айтуға тырысқан. Олардың заң тұрғысынан сауатты сөздері шошытып, ақыры ақ патша Мемдумалардың аяғын аспаннан келтірді. Бірақ Алаш идеясы солай алғаш қылаң берген.

1911 жылы Әлихан Бөкейханның демеуімен заңгер Барлыбек Сырттанұлы жазған «Қазақ елі Уставының» 1-бабында: «Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел» деп көрсетілген-ді. Бұл жерде әңгіме қазақ халқы мен қазақ халқының өзіндік тілі, құқығы, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі айтылып отыр. Ол Алаш қозғалысының жандануына түрткі болды.

1917 жылы патша үкіметі құлағанда Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деген өлең жазып:

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты!

деп жар салған (Ол қазір де өзекті!). Сол бас көтерудің арқасында Алаш автономиясы дүниеге келген.

1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпықазақтық ІІ съезінде «Алаш» автономиясы жарияланып, «Алаш-Орда» үкіметінің құрылуы біртіндеп 1920 жылы автономия, 1936 жылы одақтас республикаға айналған Қазақстанның құрылуына жол ашты.

Сол кезде 24 жастағы Сұлтанмахмұт Торайғыров:

Алаш туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді Алашты ешкімнің

Қорлығына бермейміз! — деп сілкінді!

Сол қазақ халқының бойындағы өшпейтін ұлттық ерік-жігер, алаштық намыс пен сілкініс ешқашан сөнген емес. Сөнбейді де!

Сол намыс 1979 жылы Теміртауда неміс автономиялық республикасын ашуға тырысқан мәскеулік әрекетке тосқауыл қойды.

Қазақ халқы бұған дейін де патшалық отаршылдық билікке қарсы 400 реттен астам көтеріліске шыққан. 1916 жылғы көтеріліс, кеңес өкіметіне қарсы 1929-1931 жылдардағы көтерілістер, 1986 жылғы кеңес өктемдігіне қарсы көтеріліс, 2022 жылғы Назарбаев режиміне қарсы ұлт-азаттық көтеріліс бәрі солардың қатарында. Әрқайсысының тарихта өз орны бар.

1988-1989 жылдары (ҚТП) Қазақстанның Тәуелсіздік партиясын құруға ұмтылдық. Сол кездегі қазақ халқының рухани көсеміне айналған Сәбетқазы Ақатаевтың ұсынысымен құрылмақ партияны «АЗАТ» азаматтық қозғалысына айналдырдық. Мақсат – Қазақстанның азаттығы болатын. Қозғалыс Қазақстан өмірінде елеулі қызмет етқарды.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда шын мәнінде қуандық, бөркімізді аспанға аттық. Қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы ұлттық мемлекет еді. Соған қолымыз жетер деп үміттендік. Бірақ холоптық санадан арылмаған Назарбаев билігі қазақ халқын шынайы азаттыққа жеткізе алмады.

Шынайы азат Қазақстан арман болып қала берді.

Бүгінде де Қазақ жұртының басты арманы – ұлттық мемлекет!

Осы халықтың бір баласы ретінде мен де соны армандаймын!

Өз басым Қазақстанды мемлекет құрушы қазақ халқы мен онда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтары толық қорғалатын ұлттық мемлекет ретінде көргім келеді.

Қазір

Қазақ халқының мемлекеті бар, құқығы жоқ,

Билігі бар, опасы жоқ.

Тілі бар, қолданысы жоқ.

Мерекесі бар, қуанышы жоқ.

Бірақ жоғалмайтын ұлттық санасы бар!

Бүгін қос жетіні құшақтай отырып тілегім:

Ұлтымыз да азат,

тіліміз де азат,

мемлекетіміз де азат күнге жетейік!

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: