Бүгін Шиелі кентінде Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «KAP Logistics» ЖШС-нің 20 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Мерекелік іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі А.Жандарбеков мекеме ардагерлері мен сала мамандарын айтулы мерекемен құттықтап, кәсіпорынның өңір дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– «KAP Logistics» серіктестігінің 20 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Бүгінгі мерейтой – бір ғана кәсіпорынның қуанышы емес, тұтас өңірдің өндірістік даму жолындағы маңызды белесі, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің айқын көрінісі.
Шиелі ауданы аумағында 1982 жылдан бастап өндіріс орындарының негізі қаланып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берілді. Тарихқа көз жүгіртсек, 2006 жылы құрылған «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС «СКК-Шиелі» филиалы өндірістің күретамыры саналатын логистика саласын жүйелі жолға қоюға және уран өндіруші кәсіпорындарға сапалы көліктік-логистикалық қызмет көрсетуге бағытталды.
Талай белесті артқа тастап, түрлі даму кезеңінен өткен мекеме 2022 жылы «KAP Logistics» атауын иеленіп, 2023 жылдан бастап «Шиелі-Сұңқар» ЖШС атауымен қызметін жалғастырып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ел дамуының маңызды факторы» екенін атап өткен болатын. Осы бағытта «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Қызылорда облысының әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында Сыр өңірінде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, облыс орталығында ел тарихындағы маңызды жиын V Ұлттық құрылтай жиналысы өткен, құны 3 млрд 545 млн теңге болатын «Достық үйі» ғимараты пайдалануға беріліп, ел игілігіне табысталды. Бұл жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосты.
Осы сабақтастықтың жалғасы ретінде «KAP Logistics» серіктестігі Kazatomprom ҰАК-ның еншілес ұйымы ретінде еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға зор үлес қосып келеді.
Серіктестіктің басты құндылығы – кәсібилік пен жауапкершілік, сенім мен тұрақтылық. Осы қағидаттардың арқасында ұжым бүгінгі күні аймақ экономикасының маңызды бөлігіне айналып отыр.
Бүгінде «KAP Logistics» ЖШС-не қарасты «Шиелі-Сұңқар» филиалы өңірдегі ірі өндірістік құрылымдармен тығыз әрі тиімді байланыс орнатқан. Атап айтқанда, РУ-6 ЖШС, «Семізбай-У» ЖШС-нің Иіркөл филиалы, «Волковгеология» АҚ-ның №23 барлау экспедициясы және Түркістан облысы, Созақ ауданы аумағында да бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Бұл – өндірістік тізбектің үйлесімді дамуының нақты көрінісі.
Сонымен қатар, серіктестіктің қолдауымен құны 2 млрд 555 млн теңгені құрайтын «Шиелі–Тайқоңыр» автокөлік жолы жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілді. Бұл жоба елді мекендер арасындағы байланысты нығайтып, кәсіпкерлік пен әлеуметтік саланың дамуына тың серпін берді.
Кәсіпорын ұжымы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне белсене қатысып келеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан тазалығын қамтамасыз етуге арнайы техникаларымен тұрақты қолдау көрсетуде.
Бүгінде кәсіпорында ауданымыздың 500-ге жуық тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі.
Жиырма жыл – бұл сенім мен тұрақтылықтың, үздіксіз еңбектің, кәсіби шеберліктің айқын көрінісі. Алдағы уақытта да «KAP Logistics» серіктестігі жаңа белестерді бағындырып, ел игілігі жолындағы қызметін абыроймен жалғастыра беретініне сенімім мол», — деді аудан әкімі.
Мерекелік іс-шара барысында «KAP Logistics» ЖШС Бас директоры Дархан Рамазанов сөз сөйлеп, мекеме ұжымың мерейтоймен құттықтап, кәсіпорынның жетістіктеріне тоқталды.
Сондай-ақ, салтанатты жиында кәсіпорын ардагерлері Бейсен Қыдырбай мен Насыр Сүлейменов сөз алып, әріптестерін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Салтанатты іс-шара барысында еңбек сіңірген сала мамандары мен ардагерлерге Қызылорда облысының және Шиелі ауданының Құрмет грамоталары, облыс әкімінің, аудан әкімінің және «KAP Logistics» ЖШС-нің Алғыс хаттары мен «KAP Logistics» ЖШС-нің 20 жылдық мерекелік медалі табысталды.
Салтанатты іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әсем ән мен күйден шашу шашылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!