Қазақстанда 2026 жылғы 6–30 сәуір аралығында жалақы, алимент, зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақы түсетін шоттардан тыйымды уақытша алып тастау акциясы өтіп жатыр. Бұл бастаманы Әділет министрлігі Республикалық жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп іске қосқан. Қазірдің өзінде бұл мүмкіндікке мыңдаған азамат жүгінгені хабарланды.
Енді сот орындаушысы бұғаттаған шотты онлайн түрде ашуға болады. Ол үшін азамат Adilet.gov мобильді қосымшасына тіркеліп, сол жер арқылы жеке сот орындаушысына өтініш жолдауы керек. Өтінішке шоттың қандай төлем түріне арналғанын растайтын құжаттар қоса беріледі. Мысалы, жалақы түсетін карта болса, жұмыс орнынан анықтама, ал зейнетақы не жәрдемақы үшін тиісті төлемнің осы есепшотқа түсетінін дәлелдейтін құжат қажет.
Министрлік түсіндіргендей, тыйым тек әлеуметтік маңызы бар түсімдер келіп түсетін шоттардан ғана алынады. Яғни бұл мүмкіндік барлық бұғатталған есепшотқа бірдей таралмайды. Шот ашылғанымен, азаматтың қарызы жойылмайды, борыштық міндеттеме сол күйінде сақталады. Бұл шара тек адамның күнделікті өміріне қажет негізгі қаражатқа қол жеткізуін жеңілдетуге бағытталған.
Осылайша, егер картаңызға жалақы, алимент, зейнетақы немесе әлеуметтік төлем түссе, оны бұғаттан шығару үшін енді сот орындаушысына тікелей бармай-ақ, мобильді қосымша арқылы өтініш беруге болады. Алайда өтініш қаралуы үшін растайтын құжаттардың толық әрі дұрыс жүктелуі маңызды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!