Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шығыс Қазақстанда әлі де қар үйіндісі бар

14.04.2026, 19:26 48

Шығыс Қазақстан облысында қар қарқынды ери бастады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, өңір аумағындағы қар жамылғысы 32 пайызға дейін қысқарған. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы хабарлады.

Мамандардың дерегінше, әсіресе Глубокое, Марқакөл және Алтай аудандарында қардың қалыңдығы айтарлықтай төмендеген. Аталған аумақтарда қар биіктігі 20-дан 43 сантиметрге дейін азайған.

Сонымен қатар ірі өзендердің арналары біртіндеп мұз құрсауынан ашылып жатыр. Қазіргі уақытта су деңгейі қауіпті межеден төмен екені айтылды. Ал гидротехникалық құрылыстар тұрақты бақылауға алынған. Сондай-ақ Бұқтырма су қоймасындағы мұз қабатының әлсірегені байқалған.

Әзірге өңірде өзендердің арнасынан асуы, тұрғын үйлер мен аулаларды су басу деректері тіркелмеген. Дегенмен су тасқыны қаупінің алдын алу шаралары күшейтілген режимде жалғасып жатыр.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде су тасқынына қарсы кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Су деңгейі гидропосттар желісі арқылы бақыланып отыр. Бұдан бөлек, су басу қаупі жоғары учаскелерге әуеден мониторинг жүргізілуде. Қазірдің өзінде 7 аэровизуалды бақылау ұйымдастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің төрт өңірінде су тасқыны мен қар көшкіні қаупі бар екені хабарланған болатын. Осыған байланысты құзырлы органдар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Фото: ШҚО ТЖД

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: