Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкімет жылдың алғашқы тоқсанын талқылады

14.04.2026, 16:55 66

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы талқыланды. Жиында ел өңірлеріндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалу барысы сараланып, алдағы кезеңдегі міндеттер нақтыланды.

Премьер-министр Үкімет отырысында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім қалыптасқанын айрықша атап өтті. Бұл аталған өңірлерде экономикалық белсенділіктің тұрақты сақталып отырғанын көрсетеді.

Үкімет отырысына Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты. Одан кейін өткен арнайы мәжілісте жиында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, өңірдің алдағы даму бағыттарына қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты басқармаларға қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсім қарқынын тұрақты сақтау үшін жұмысты жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Оның айтуынша, қазіргі кезде көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатқандықтан, қала және аудан әкімдері осы науқан аясында атқарылған жұмыстар туралы есептің статистика органдарына толық әрі уақытылы ұсынылуын, сондай-ақ мәліметтердің дәлдігіне айрықша мән беруі тиіс.

Данияр Еренғалиұлы бұдан бөлек, ай сайынғы қаржыландырудың жиынтық жоспарын 100 пайыз игеру қажеттігін де қатаң тапсырды. Сондай-ақ мамыр айының 1-іне дейін барлық конкурстық рәсімдерді толық аяқтап, келісімшарттарды қазынашылық органдарында мерзімінде тіркеудің маңызын атап өтті. Бұл өз кезегінде өңірдегі мемлекеттік жобалардың уақытылы жүзеге асуына және қаржының тиімді игерілуіне ықпал етеді.

Өңір экономикасындағы маңызды бағыттардың бірі инвестиция тарту мәселесі болып отыр. Биыл Қызылорда облысына 789,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Ал жыл басынан бергі үш айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 142,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 106,1 млрд теңге жеке инвестициялар есебінен қалыптасқан. Бұл өңірдің инвестициялық әлеуеті жоғары екенін және жеке сектордың белсенділігі артып келе жатқанын аңғартады.

Жыл соңына дейін өңірде жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ал 2026-2029 жылдар аралығында шамамен 2 трлн теңгеге жуық қаржыға 48 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 11 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастамалар аймақтың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да елеулі серпін береді.

Агроөнеркәсіп кешені саласында да нақты межелер белгіленген. Биыл өңірде 185,8 мың гектар жерге егін егу жоспарланса, оның 70 мың гектары күріш дақылына тиесілі. Қызылорда облысы үшін күріш шаруашылығы стратегиялық маңызға ие екені белгілі. Осыған байланысты су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де күн тәртібінде тұр. Алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларын енгізуге 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлу көзделіп отыр. Бұл ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға және су тапшылығы жағдайында тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар өңірде ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, құны 40 млрд теңгені құрайтын крахмал-сірне зауытының, 68 млрд теңгелік техникалық дақылдар өсіру жобасының және 134,5 млрд теңгеге бағаланған жылыжай кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға бағытталған.

Инфрақұрылымдық бағытта да өңірде оң өзгерістер бар. Қазіргі уақытта Қызылорда облысы 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Ал жыл соңына дейін газдандыру деңгейін 85 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95,2 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және елді мекендердің инфрақұрылымдық мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Өңірде тұрғын үй құрылысы да қарқынды жалғасып келеді. Биыл бұл салаға бюджеттен 55,6 млрд теңге бөлінген. Қаржыландырудың барлық көздері есебінен жыл соңына дейін 950 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді.

Үкімет отырысында қаралған үш айлық қорытынды Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының сақталып отырғанын байқатты. Инвестиция тарту, өндірісті өркендету, агроөнеркәсіпті жаңғырту, инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғын үй құрылысын дамыту бағытындағы жұмыстар өңір экономикасының әлеуетін арттыруға негіз болмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: