«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шиелі ауданы әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге кент аумағындағы бірқатар сауда нысанын аралап, олардың санитарлық жағдайы мен абаттандыру жұмыстарын бақылаудан өткізді. Атап айтқанда, «Береке» сауда орталығы, «Әбдіманап» базары, сондай-ақ орталық сапаржай мен теміржол вокзалы аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың жай-күйімен танысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Аудан басшысы аралау барысында сауда орындарының халық көп шоғырланатын аумақ екенін атап өтіп, ең алдымен санитарлық тазалық пен қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтау басты міндет екенін жеткізді. Базар әкімшіліктеріне аумақтың ішкі және сыртқы тазалығын тұрақты қамтамасыз ету, қоқыс қалдықтарын дер кезінде шығару, сауда орындарын талапқа сай ұстау қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен қатар, сатушылар мен келушілерге қолайлы жағдай жасау, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.
Аралау барысында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысына өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстау жүктелді. Ал аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына сауда орындарындағы тазалық деңгейін күшейтіп, жүйелі жұмыстарды жүргізу тапсырылды.
Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне базар маңындағы орталық көшелердегі көлік қозғалысын реттеп, кептелістің алдын алу міндеті қойылды. Шиелі кентінің әкімі мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысына кәсіпкерлермен бірлесе отырып, нысандардың сыртқы келбетін жақсарту, тозығы жеткен жарнамалық тақтайшаларды жаңарту, базар аумағында әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізу, дүкендердің сыртқы әйнектерін тазалау және жалпы аумақтың көркін келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі өз сөзінде бұл нысандар тек аудан тұрғындары үшін ғана емес, көршілес өңірлерден келетін қонақтар үшін де маңызды қоғамдық орын екенін атап өтті. Сондықтан мұнда тазалық, тәртіп және қауіпсіздік талаптары әрдайым жоғары деңгейде сақталуы тиіс екенін қатаң ескертті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!