Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмқаян  жылаған  төбе

13.04.2026, 9:45 51

HALYQLINE.KZ

Біздің ауыл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасына дейін, яғни Бодықов Дәкібай әкеміз ауылдың төбелерін (көшелерін емес) қайта атамағанда, бұрынғыдай «көше», «мастер», «трест», «арғы бет», т.б. болып бөлініп тұра берер ме едік, қайтер едік?

Бүгінде ауылымыз аузы дуалы Бодықов Дәкібай әкеміз бөліп атап кеткен төбелер ізімен келе жатыр. «Жынды төбе» — бұрынғы «Мастер», т.б. болып кете береді.

Осы өзгерістерге біз де өзімізше үлес қосқандай болдық. Оқиға өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында болған еді.

Ұмытпасам, 1992 жылы ауылдың сыртынан көл жақ бетке зираттың қасынан жер алып, сарай салуды бастағанмын. Қасыма Әйімбетов Қарубай деген қарастығы жоқ жігітті көмекшілікке алдым. Өйткені, ол жігіттің жағдайын Фахраддин әкеміздің баласы Жорабектен есітіп білгенмін.

«Бірде, — дейді ол, — әкемнің басына барып құран оқып, зираттың ішімен келе жатсам, бір өксіген адамның дауысы естіледі. Аңдап барсам Қарубай екен. Әкесі Әмірәлінің моласын құшақтап жылап отыр. Өзінің ешкімі жоқ екенін, әке-шешесі, бауырлары түгел қайтыс болғанын, өзінің бірнеше күн бойы аш жүргенін айтып зарлап айтып өксиді. Қолымнан келгенше, жұбаттым».

Мұны естігенде, біртүрлі болып кеттім. Өйткені, Әмірәлі әкеміз тегін адам емес-ті. Бұл кісі атақты Нұртуған шайырдың шәкірті әрі мұрагері, қамқоршысы еді. Ол туралы 1994 жылы Алматыдан басылып шыққан «Кәнеки, тілім, сөйлеші…» атты кітапта жан-жақты баяндалған.

Міне, осы Қарубай Әмірәлі әкеміздің кіші баласы болатын. Менімен түйдей құрдас Алпысбай деген ағасы бар еді. Арақтың кесірінен топ болып төбелесіп, содан кісі өлімі болып сотталды. Түрмеден шыққан соң да оңбады. Ақыры, ауру тауып, содан қайтыс болды.

Мен де қайбір жетісіп жүр дейсің?.. Сол кездері мұғалімдердің алты айда әрең қолға тиетін мың теңге айлығынан басқа қолда түк те болмайтын. Әрі мен жақында ғана шаңырақ көтерген жас отбасымын. Сонда да болса жаныма шақырып алдым.

Жұмыс қызып жатқан. Малға шөп дайындайтын мезгіл де жетіп келді. Бір күні арқаланған дорбасы бар Жұмқаян пайда болды. Амандастық. Жөн сұрастық. «Жынды төбе» жақта тұратын Айбарша апам пішен оруға жіберіпті. Үйдің жанына келген соң, шамалы дем алып алайын деп ойлады да, дорбасының аузын ашты. Біз тезірек Жұмқаянның бұл жерден кетіп қалғанын тәуір көріп отырмыз. Өйткені, қазір бірдеңе ұрттап алса, жұмыс та, пішен де жайына қалады. Айтқандай, солай болды да қойды. Дорбаның ішінде бір бөтелке «самопал» бар екен. Қасында тіскебасар нан, қуырған балықтары да көрінеді. Әлгі «самопалды» стақанға толтыра құйды да, тамсана тартып жіберді. Тіскебасарға қарар түрі жоқ. Тек жеңін бір иіскеді де қойды. «Самопалды» стақанға толтырып, тағы бір тартып жіберді. Әлі де тіскебасарға қарар емес!.. Бір кезде іштегі алау едәуір жерге алып барды-ау деймін! Әңгімесін бастады. Бір кездері өзінің де қыздарға ғашық болғанын айтты. Сөйтті де, «Айна» деген әнін шырқап жіберді. Ән мұңды. Ән біткен соң, басын шайқап, үнсіз қалды. Мен сезіп отырмын. Талай бастан өткен шытырман. Мен де талай қызға ғашық болғанмын. Олар да маған ғашық болған. Бәріне өзім кінәлімін!.. Бәрі арақтың кесірі!.. Мен Жұмқаян сияқты салынып ішпесем де, бәрібір арақтың кесірі көп тиді. Әйтеуір, бағыма Жіңішкеқұмның қызы тап болып… Әйтпегенде… мен де!.. Құдай сақтасын!..

Ой тұңғиығына батып кетсем керек. Жұмқаян жаңа әнін бастап кетіпті. Ауыл туралы!.. Қамбаш туралы!.. Тағы да ой!.. Тұңғиық!..

Бір кезде Жұмқаян билей бастады. Бізде зәре жоқ! «Қазір Айбарша апамыз келіп, шаңымызды қағады-ау!» деген ой мазалады. Уақыт шіркін жүйрік қой!.. Күн кешкіріп қалды. Айтқандай, Айбарша апам да жетті-ау!.. Жұмқаянды іздеп келеді екен.

— Жұмқаян қайда?!.

— Жаңа ғана осы жерде жүр еді!..

Жаппай Жұмқаянды іздеу басталды. Күн әлдеқашан ұясына қонып, қараңғылық қоюланған. Көзге түртсе, көргісіз!..

Сөйтсе, Жұмқаяным ауыл сыртындағы бір құм төбенің басында ұйқыны соғып, қорылдап жатыр! Жұлқылағанға оянар емес! Айбарша апам қатты ашуланды білем.

— Әй, жүгірмек! — деп қатты жұлқып кеп қалып еді. Солай сәті келді ме, әлде сәйкестік пе?! Қалың ұйқыда жатқан Жұмқаянның шошып кетіп, абайсызда бар тізгіннен айырылып қалып, «тарс!» еткізігені, айналаны шошытты! Ол да ештеңе емес! «Самопалдан» басқа нәр татпаған Жұмқаянның ішінің иісін айтсайшы!.. Тура ішіне ит өлгендей, қолқаны атып жіберді!.. Айбарша апам тұншығып қала жаздап, жанталасып мұрынын басқан күйі, қолындағы таяқпен арқасынан салып кеп қалды. Таяқты ауырсынған Жұмқаян шошып оянып кетіп, қорыққаннан өкіріп жіберді.

Өзінің үйі-күйі жоқ, бауырларының түгелдей қайтыс болғанын, әркімнен

осылайша таяқ жеп жүргенін айтып зарлағанда, жүрегі нашар адамдар сөзсіз қосыла жылайтыны анық-ты!

Айтып-айтпай не керек, халықтың мұндай салт-дәстүрден ажырап арақ-шарапқа әуестеніп кетуіне өткен шақтағы коммунистердің озбыр саясаты тікелей әсер еткені анық. Олардың қитұрқы саясатының арқасында көптеген ұлттық құндылықтар жойылды. Талай қазақтың «тепсе темір үзетін» жігіттері үйленбей, шаңырақ көтерместен дүниеден өтіп кетіп жатыр.

Бәрі осы арақтың кесірі!.. Бәрін араққа үйірсек қылған, атаңа нәлет, кеңестік саясаттың кесірі!..

Айтпақшы, түннің бір уағында үйдегі ит Жұмқаянның дорбасын ұрлап әкеліпті. Ішінде әлгінде айтқанымыздай, тіскебасар нан, шекер, шай, қуырылған балық тағы да басқа көптеген тамақ түрлері бар екен. Олар бізге бұйырған! Бұл алты ай бойы мардымсыз жалақысын да ала алмай жүрген мұғалімдер үшін зор байлық қой! Жұмқаянның бар байлығын соғып алдық. Осылайша, Жұмқаян да бір кәдеге жарады-ау!

Арақ ішіп, ұйықтап қалған Жұмқаянды Айбарша апам желкелеп алып кеткеннен соң, жігіттер құм төбенің басына жиналып кеңес құрды. Ұсыныс түсті. «Мына заманды бейнелейтін, мәңгілік есте сақтайтын, кеңес үкіметінің қитұрқы саясатының салдарынан ұлтымыздың азып-тозғанын, аштыққа ұшырағанын, санымыздың күрт кемігенін, салт-дәстүріміздің, тіліміздің жойыла бастауын, соқталдай азаматтарымыздың арақ-шарапқа салынып, сананың улануы, үкімет құлап, жаңа қиындыққа тап болғанымызды есте сақтау үшін осы құм төбені «Жұмқаян жылаған төбе» деп атайық!» десті. Ұсыныс бір ауыздан мақұлданды.

Алайда, уақыт өте келе, шешім қабылдаған жігіттер түрлі себеппен о дүниелік боп кетті де, төбенің атауы біртіндеп ұмыт бола бастады.

Осы орайда, ешкім де, ештеңе де ұмтылмас үшін Бодықов Дәкібай әкеміз сынды дуалы ауыз да керек шығар деп ойладым.

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

Қамбаш көлі. Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: