НАҒЫЗ БАТЫР АНА – СЕНСІҢ
Үйге келсем қарындасым: «Анам саған лагерьде дұрыс киініп жүрсін деп қарызға киім алып, қайтарға қаражаты болмай, ауылға қарызға таксимен келді…» деді. Осы сөзден кейін көңілім босап кетті… Не деген тәуекел десеңші?! Анадан асқан жанашыр жан бар ма?
Бала кезде өте тұйық болдым. Ешкіммен ашылып сөйлесіп кете алмайтын мінезім көп нәрсеге кедергі келтірді. Ойыңды ашық жеткізе алмау өзіңе деген сенімсіздікке әкеп соғатыны рас қой. Томаға-тұйық балаға жақсы орта қажет-ақ…
Оныншы сыныпта Қаратаудың етегіндегі «Тау самалы» лагеріне бардым. Гүлсара Қалжанова апай (қазір өз туысымдай боп кетті) аудандық білім бөлімінде қызмет ететін. Біздің отбасыға кезекті қамқорлығын жасап, барын салып, лагерьге тегін жолдама алып берді.
Сыртқа шығып үйренбеген үй баласына үлкен ортаға үйренісіп кету оңай ма? Лагерьдегі алғашқы он күн қобалжумен, ал одан кейінгі он күн жаңа достарымды қимастықпен өтті. Келген күні «ауылға кетем» деп қылық шығарғам. Ал ауылға қайтар сәт келгенде «лагерьден кетпеймін» деп бір шулатқам…
Жиырма күнге созылған жазғы демалыс өмірімді түбегейлі өзгертті. Алғаш сахнаға шығып, ән шырқадым. Онымен қоймай, лагерьдің салтанатты жабылу жиынын жүргіздім. Гала-концерт арасында ән айтып, микрофонды ешкімге бермеуге тырыстым… Сол кезде лагерь директоры арнайы келіп, қолымды алып, алғысын білдірді. Әрине, бұл оныншы сыныпта оқитын оқушы үшін үлкен мәртебе еді.
Үйге келсем қарындасым: «Анам саған лагерьде дұрыс киініп жүрсін деп қарызға киім алып, қайтарға қаражаты болмай, ауылға қарызға таксимен келді…» деді. Әр адамның жетістігінде ата-ананың үлкен үлесі бар. Олардың жанкешті ісі сені тек алға жетелейді. Анамның осы әрекетін еске алсам, жүрегім шымырлап қоя береді. «Нағыз батыр ана – сенсің!» деуден жалықпай келем…
АУЫЗАШАРДА АЙТЫЛҒАН ТОСЫНСЫЙ
Батыр ана дегеннен шығады, бір күні Бас мүфтиді үйге ауызашарға шақырдық. Ұжыммен керемет рухани отырыс болды. Бас мүфтиге анамды таныстырып, оның бізге жасаған қамқорлығын, өмірдің қиындығына берілмей, бес баланы оқытып-тоқытқанын, әлі күнге дейін аналық мейірімін төгіп келе жатқанын айтқанымда: «Апамыз нағыз батыр ана екен! Біз мұндай батыр аналарға қандай құрмет көрсетсек те аздық етеді. Алла қаласа, екі айдан кейін үлкен қажылық маусымы басталады. Біз сіздің батыр анаңызға үлкен қажылыққа тегін жолдама береміз. Қасиетті Қағбаның қасында бізге, Діни басқарма ұжымына, халқымызға, еліміз бен жерімізге аналық жүрекпен дұға етсеңіз болғаны» деді.
Бас мүфтидің біз күтпеген тосынсыйы ауызашарға жиналғандардың жүрегін елжіретіп жіберді. Біздің де көзімізден ыстық жас ытқып кетті. Сол кездегі анамның қуаныш сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алланың қалауымен сол жылы үлкен қажылығын өтеп келді. Бұл да бір Алланың ұлы сыйы мен нығметі екеніне шүбә жоқ.
МҰСА ПАЙҒАМБАРДЫҢ ЖӘННАТТАҒЫ СЕРІГІ
Осы ретте мына оқиғаны баяндап бергенді жөн көрдім. Бір күні Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Алладан жәннаттағы серігін көрсетуін сұрайды. Сол кезде Жебірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періште келіп: «Сенің жәннаттағы серігің пәленше жерде тұратын пәленше деген қасапшы» деп жауап береді. Мұса қасапшының дүкеніне барған кезде ет сатумен айналысып жатқан жас жігітті көреді. Мұса жігіттің іс-әрекетін жақыннан бақылайды. Бірақ ешбір ерекше істі байқамады.
Түн болған сәтте қасапшы бір жапырақ ет алып, үйіне қайтады. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар да оған ілесіп, қонақ етуін сұрайды. Бірақ өзін таныстырмайды… Жігіт қонақты кең пейілмен қарсы алып, үйіне кіргізіп, ас-ауқатын алдына қояды. Мұса бақылауын жалғастырды. Әлгі жігіт тамақ дайындап болған соң төбеде ілулі тұрған себетті түсіріп, бір қарт әжені алып шығады.
Жуындырып, киімін ауыстырып, өз қолымен тамақ беріп болғаннан кейін өз жайына жайғастырады. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) әлгі қарияның түсініксіз тілде бір нәрсе айтқанын естиді. Анасын тамақтандырғаннан кейін қонағын күтіп, бірге тамақ іше бастады. Осы сәтте Мұса қария әже жайында сұрады. Сонда жігіт: «Бұл – менің анам. Мен әрқашан оның қызметіндемін» деп жауап берді. Содан кейін Мұса: «Анаң өз тілінде не деп айтты?» деп сұрайды.
Ол: «Мен оған қызмет жасаған кезде әрқашан: «Алла сені кешірсін және сені қиямет күні Мұсаның серігі етсін!» деп дұға етеді» деді. Сол кезде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Мен сені сүйіншілеймін! Алла сенің анаңның дұғасын қабыл етті. Сені байқап едім. Анаңды ұлықтап, құрмет жасап, жақсылық істегеніңнен басқа амал көрмедім. Сенің осындай дәрежеге жетуің – ата-анаңа деген құрметіңнің және жақсылығыңның нәтижесі», — деді.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген еді: «Үш дұға міндетті түрде қабыл болады, онда еш күмән жоқ: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына жасаған дұғасы»; «Егер кім өмірінің ұзақ әрі ризығының мол болғанын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туыстық қатынастарды сақтасын».
Жаратушы Иеміз ата-аналарымыздың алғысын алуды, Өзінің ризалығына бөленуді нәсіп еткей. Әумин!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
Көрнекі фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!