Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы агенттіктің атқарған жұмыстары жөніндегі есебін тыңдап, алдағы кезеңге қойылған міндеттермен танысты.
Агенттік мәліметінше, бюджет қаражатын бақылау барысында мал шаруашылығы саласында бөлінген субсидиялардың 30 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалуы мүмкін екені анықталған. Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен оларды коммерцияландыруға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаржының мақсатсыз пайдаланылған белгілері табылған.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталды. Құрылыс саласында 5,3 млрд теңге көлеміндегі қаржыны ұрлау деректері бойынша 21 қылмыстық іс қаралуда.
Алаяқтықпен күрес аясында 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, банктер мен байланыс операторларының атынан жалған SMS жіберумен айналысқан топ анықталған.
Сондай-ақ 3,7 мың алаяқтық сайт пен 25 мыңнан астам адам тіркелген 22 чат жабылды. 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының заңсыз лицензия алуының жолы кесілді.
Дроп-карталарды пайдалану деректері бойынша 14 тергеу басталып, олардың айналымы 13 млрд теңгеден асқаны белгілі болды. 68 мыңнан астам карта бұғатталған.
Жалған компанияларды пайдалану фактілері бойынша 23 іс қозғалып, келтірілген шығын шамамен 13 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар үш көлеңкелі криптоалмасу қызметінің жұмысы тоқтатылып, 483 заңсыз онлайн сервистің жұмысына шектеу қойылды.
Кездесу соңында Президент агенттік жұмысының негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Фото: Ақорда
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!