Қазақстанда 2025 жылдың IV тоқсанындағы орташа айлық атаулы жалақы 473 158 теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Бюро дерегіне сәйкес, бұл көрсеткіш шағын кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпорындарды есепке алмағанда шығарылған.
Ресми мәлімет бойынша, осы кезеңдегі медианалық жалақы 339 912 теңге болған. Яғни еңбек нарығындағы қызметкерлердің едәуір бөлігінің нақты табысы орташа жалақыдан төмен қалып отыр.
Статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда атаулы жалақы индексі 108,8 пайыз болды. Алайда нақты мәндегі индекс 96,8 пайызды құраған. Бұл инфляция әсерін ескергенде нақты табыстың өспегенін көрсетеді.
Өңірлер бөлінісінде орташа айлық атаулы жалақының ең жоғары өсімі Ақмола облысында тіркелген — 17,4 пайыз. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы 13,1 пайыз, Абай облысы 11,7 пайыз, Алматы қаласы 11,5 пайыз және Жетісу облысы 11,2 пайыз өсім көрсеткен.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың III тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 429 368 теңге, ал медианалық жалақы 302 584 теңге болған. Осылайша, жыл соңында көрсеткіштің өсуіне сыйақы, үстемеақы және маусымдық төлемдер әсер еткен.
Фото: ZTB – Qazaqstan telegram арнасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!