Ақмола облысының Қорғалжын ауданында Сабынды ауылына жақын маңда орналасқан «Шөптікөл» бөгеті жарылды. Нысан елді мекеннен шамамен 2 шақырым жерде орналасқан.
Қазір оқиға орнында суды қауіпсіз арнаға бұру бағытында жедел жұмыстар жүріп жатыр. Жағдай құзырлы органдардың тұрақты бақылауына алынған.
Апат салдарын жоюға Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, аудандық полиция бөлімі мен жол қызметтерінің мамандары жұмылдырылды. Қазір мамандар дамбаны нығайту, инертті материалдарды төгу және су ағынын бұру жұмыстарын атқаруда.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, бөгеттен шыққан су егістік алқаптары арқылы елді мекен бағытына қарай таралып, «Астана – Қорғалжын» автожолының 75-шақырымына дейін жеткен.
Дегенмен республикалық маңызы бар жолды су басу қаупіне жол берілген жоқ. Ресми мәліметке сәйкес, жол бойындағы су өткізу құбыры штаттық режимде толық қуатымен жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ жол жамылғысының зақымданбағаны және шайылмағаны расталды.
Қазіргі кезде «ҚазАвтоЖолдың» облыстық филиалына қарасты 14 техника мен 30-дан астам қызметкер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Солтүстік өңірде Сергеев су қоймасының су тасып жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Фото: qaz365.kz телеграм арнасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!