Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі талқыланды

06.04.2026, 8:45 31

HALYQLINE.KZ

Қазіргі уақытта «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 850 текше метр су жіберілуде. Ал Қазалы ауданының аумағына Сырдария өзені арқылы 365 текше метр су келіп түсуде.

Осыған байланысты ауданға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев, сондай-ақ Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапары барысында арнайы делегация аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен бірге Ә.Тыныбаев атындағы «Қазалы» су торабына барып, Сырдария өзеніне келіп жатқан суды тиімді пайдалану, оны реттеу және ауыл шаруашылығы саласына бағыттау мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында аудан аумағындағы барлық дарияаралық, шабындық каналдар мен көлдер жүйесіне суды дер кезінде жеткізіп, толықтыру қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, егіс көлемін қажетті сумен қамтамасыз ету, вегетациялық кезеңді сапалы өткізу және су шығынын болдырмау бағытында нақты ұсыныстар айтылды.

Су торабынан кейін ауданға жұмыс сапарымен келген делегация құрамын аудан басшысы Басықара ауылындағы «АралРыбторг» ЖШС-ның құны 650 млн теңге болатын тауарлы балық өсіру тоғанының жұмысымен таныстырды. Бұл жоба өңірде балық шаруашылығын дамытуға, жергілікті өнім көлемін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін күшейтуге бағытталған. Жалпы тоғанда балық өсіру жобасының 308 млн теңге қаржысы кәсіпкердің өз қаражаты есебінен, қалған 342 млнтеңгесі «Байқоңыр Әлеуметтік Кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы несие алуға құжаттары ұсынылып отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта жобаға сәйкес мұнда барлығы 18 тоған салынып, биылғы жылы 500 тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарланып отыр. Айта кетейік, бұған дейін бұл аумақтағы тоғандарға 400 мың дана тұқым әкелініп салынған болатын.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: