Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Депутаттар медицина қызметкерлерін сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктерді айтты

01.04.2026, 13:20 103

ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында пациенттер мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын тең қорғауға арналған кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктер көтерілді. Бұл туралы AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева Денсаулық сақтау министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Депутаттың сөзінше, пациенттер мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын теңгерімді қорғау мәселесі партия назарындағы өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Ол халықаралық деңгейде мойындалған тетік саналатын медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесінің құқықтық негізі енгізілгеніне биыл екі жылға жуықтағанын, ал іс жүзінде оның жұмыс істеп келе жатқанына шамамен бір жарым жыл болғанын айтты. Соған қарамастан, жүргізілген талдау бұл жүйенің әзірге алдына қойылған мақсаттарға толық жете алмай отырғанын көрсеткен.

Мәжіліс отырысында келтірілген мәліметке сәйкес, бір жарым жыл ішінде мемлекеттік бюджет есебінен сақтандыру сыйлықақыларына шамамен 6 млрд теңге бөлінген. Алайда осы кезеңдегі нақты сақтандыру төлемдерінің көлемі 230 млн теңгеден сәл ғана асқан. Депутат бұл арақатынас қазіргі модельдің пациент пен медицина қызметкерін толық қорғай алмай отырғанын аңғартатынын айтты.

Сауалда 2026 жылғы наурыздағы жағдай бойынша сақтандыру пулында 332 өтінім тіркелгені айтылды. Соның ішінде тек 52 жағдай бойынша ғана сақтандыру төлемі жасалған. Тағы 38 өтінім қаралу үстінде болса, 242 өтінім, яғни жалпы өтініштердің 72,9 пайызы кері қайтарылған. Депутат мұндай жоғары бас тарту үлесі жүйенің тиімділігіне қатысты заңды сұрақ туғызатынын жеткізді.

Екатерина Смышляеваның айтуынша, сақтандыру жағдайларының негізгі бөлігі бес өңірде тіркелген. Олар – Астана мен Алматы қалалары, Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстары. Аталған аймақтардың үлесіне барлық тіркелген сақтандыру жағдайының 64 пайызы, ал төленген қаржының 70,8 пайызы тиесілі. Бұл ретте барлық өңір бірдей ережемен жұмыс істегенімен, сақтандыру жағдайларын анықтау, сүйемелдеу және реттеу тәжірибесінде елеулі айырмашылықтар қалыптасқаны айтылды.

Мәжілісте тәуелсіз сараптамалық комиссиялардың жұмысы да әр өңірде әрқалай қалыптасып отырғаны сөз болды. Депутат мұндай ала-құлалық құқық қолдану тәжірибесінің бірізді болмауына әкеліп отырғанын атап өтті.

Сауалда бас тартудың негізгі себептеріне де тоқталды. Соның бірі – денсаулыққа зиян келгенімен, мүгедектік белгіленбеген жағдайлар. Депутаттың айтуынша, мұндай санат барлық өтініштің жартысынан көбін құрайды. Алайда нақты төленген өтемақы құрылымындағы олардың үлесі небәрі 9,7 пайыз ғана. Оның себебі, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде пациент көп жағдайда шығынды тікелей өзі көтермейді. Соның салдарынан ол зиян шеккенін дәлелдеген күннің өзінде, нақты жұмсаған қаражатын құжатпен растай алмайды. Бұл жағдай өтемақы төлеуде әркелкі тәжірибеге жол ашып отыр.

Депутаттың сөзінше, бас тарту тек шығынды дәлелдеу мәселесімен шектелмейді. Кей жағдайда өтініштер оқиға мерзіміне немесе жүгінген сәтте сақтандыру шартының болмауына байланысты да қабылданбайды. Алайда денсаулыққа келген зиянның салдары ұзақ уақыттан кейін білінуі мүмкін. Сондықтан адам медициналық көмектен кейін біраз уақыт өткен соң ғана сақтандыруға жүгінуі ықтимал. Осыған байланысты депутат денсаулық сақтау саласындағы сақтандыру қорғауының мерзімдік шекаралары анағұрлым икемді болуы керектігін айтты.

Мәжіліс отырысында жүйедегі тағы бір маңызды олқылық ретінде медицина қызметкерлерінің заңгерлік қорғаныс шығындарының өтелмеуі аталды. Заңда мұндай мүмкіндік қарастырылғанымен, бір жарым жыл ішінде бірде-бір медицина қызметкеріне адвокат қызметінің шығыны өтелмеген. Депутат бұл норма заң жүзінде болғанымен, іс жүзінде жұмыс істемей отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, осы кезеңде медицина қызметкерлері адвокат көмегіне жиі жүгінгенімен, өтемақы тетігі іске қосылмаған.

Осыған байланысты Екатерина Смышляева бірқатар нақты ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, ол бас тартудың жоғары үлесіне әсер етіп отырған себептерді, соның ішінде мерзім, сақтандыру қамтуы және шарттың болуы секілді формалды негіздерді талдап, сақтандыру қорғауынан негізсіз айырылып қалуға жол бермейтін өзгерістер енгізуді ұсынды.

Сонымен бірге оң тәжірибе қалыптасқан өңірлерді ескере отырып, аймақтық тәуелсіз сараптамалық комиссияларға арналған нұсқаулықтарды толықтыру және қажет болған жағдайда оларды оқыту қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, мүгедектік белгіленбегенімен, денсаулыққа зиян келген жағдайлар бойынша өтемақы төлеу тетігін қайта қарау, яғни зиян келтіру фактісінің өзі пациенттің құжатталған шығынының жоқтығынан құнсызданып қалмауын қамтамасыз ету ұсынылды.

Депутат сондай-ақ заңда көзделген медицина қызметкерлерінің заңгерлік қорғаныс шығындарын өтеу тәртібіне жеке баға беріп, оның нақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзгерістер енгізу керектігін айтты. Бұдан бөлек, кәсіби сақтандыру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін пациенттер мен медициналық ұйымдарға кеңінен түсіндіру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігі де көтерілді.

Сауалда AMANAT фракциясы заңға өзгеріс енгізуге арналған жеке жоба дайындағаны да айтылды. Бұл құжат нақты шығын болмаған жағдайларда өтемақы тетігін жеңілдетуге бағытталған. Депутаттың сөзінше, сонымен қатар қолданыстағы нормалардың өзіне де қазірден бастап біркелкі құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыру маңызды.

Фото: Canva

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: