Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазанның  қақпағы

24.03.2026, 19:50 50

HALYQLINE.KZ

Тарих беттеріне үңілсек, құрамында болған халықтарға Кеңес Одағының жасамаған қиянаты жоқ шығар! Аз халықтарға істегені, тіпті, сорақы! Тілдерін жойды. Діндерінен бездірді. Арақпен улады. Мәдениеттерін талқандады.

Айта берсең, түбіне жете алмайсың! Тәуелсіздігімізді алып, бөлек кеткенімізге отыз жылдан асып бара жатса да, бізге тигізген зардабы әлі күнге жойылмай-ақ келеді.

Тілімізді айтпағанда, діліміз қандай күйге түсті?!…

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қаржаубай ақсақалдың отбасында соқталдай төрт жігіт болды. Қыздарын қоспағанда!.. Сол жігіттер көз алдымда арақтың құрбаны боп, отбасын құра алмай қор болып дүниеден өтті. Бұл қасіреттен қаншама шаңырақ құрылмай зардап шекті!..

Қаржаубай ақсақал ауылдағы іскер кісінің бірі еді. Жұрттың малын бақты. Монша жақты. Қарапайым жұрттың алды болды. Амал нешік, балалары әке жолын жалғастыра алмады. Арақтың арбауына түсті. Ажалы келіп, әке-шеше өмірден өтті. Уақыт өте келе, араққа салынған төрт ағайынды жігіттен тек бір ғана жігіт тірі қалған-ды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы қиыншылық халық үшін де, әлгі тірі қалған жігіт үшін де аса ауыр уақыт еді. Арақтың шырмауынан шыға алмай сергелдеңге түсіп, аямай шырмалып қалған жігіттің аты Жұмабай болатын. Жұрт оны «Жұмқаян» деуші еді. Жұмқаян ән шығаратын, гитараның құлағында ойнайтын аса дарынды жігіт болатың. Өкініштісі, қақаған қыста арақ ішіп жүріп, далада ұйықтап қалып, саусақтарын үсітіп алды. Яғни, ол оң қолының саусақтарынан айырылып қалды. Сонда да, Құдай берген талантының арқасында гитараны әжептәуір ойнайтын-ды. Бірнеше әні бар. Есімде қалғаны, сүйген қызына арнаған «Айна», туған жеріне арнаған «Қамбашым», тағы басқа әндері кезінде халық арасында кеңінен шырқалып жүрді.

Амал нешік, «кеңес әлемінің» идеологиясын кеңес үкіметі күштеп таңып жібергендіктен, салдары қазақ халқының санасын улап, талай азамат ақ жолдан тайқып, бұрыс жолға түсті. Бұрыс жолға түскендердің бірі осы Жұмабай (Жұмқаян) болды.

Жұмқаянның негізгі қасіреті араққа үйірсектігі еді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында жаңа үйленген шағымда, үйге Жұмқаян кіріп келді. Түрі бозарып кеткен. Аш екенінен ішінің тынымсыз қорылдауы хабар беріп тұр. Түс мезгілі еді. Келіншегім ас дайындап жатқан. Келіншегіме ымдадым. Ол тамақ құйып әкеп берді. Тамақ ішіп, ішіне ел қонған соң, Жұмқаян әңгімесін бастады.

— Мен, — деді ол, — арақты қойып, жаңа өмір бастаймын деп отырмын. Ең болмаса, шағын қып кетек болса да, бірдеңе салып алсам ба деймін.

Мына сөзді естігенде, қатты қуандым. Өйткені, мұндай сөз мен білетін Жұмқаянның аузынан шыға бермесі анық-ты. «Е-е, арақтан уланып қалған санасына құдіреті күшті Құдай дем беріп, саңылау түсірейін деген екен!» деп іштей бір қуанып алдым да:

— О-о, Жұмқаян! Талабың оң болсын!.. — дедім, шын көңіліммен риза болып. Сөйттім де, менен қандай көмек керек екенін сұрадым. Ол сәл ойланып тұрды да, құрылысқа ағаш керек екенін айтты.

Ол кезде менің де жағдайым оңып тұрмаған еді. Әлі үйленбеген інімнің үйіндемін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы ауыр кезең. Мұғалімдердің алты айда бір-екі мың, әрі кетсе үш мың теңге алатын уақыты ма еді?! Мүмкін әлде кеңестік топан ақшаның кезі ме екен?! Әйтеуір, материалдардың да тапшы кезі екені анық.

Неге екені белгісіз, Жұмқаянның көзі аулада жатқан, әнебір кезде солдаттардан алып қалған су жаңа шпалға түсе берді. Мен де шыдай алмадым.

— Жәке, мына шпал саған ұнап қалды-ау деймін? Олай болса, жаңа өміріңнің бастауы болсын! Осыны ала ғой! Су жаңа шпал, алты бөлікке бөлінеді. Яғни, бұл деген – алты қада деген сөз! Құдай қаласа, қаданы бір метрден қойса, кепеңнің бір қабырғасын жабуыңа жетеді, — дедім, жақсылық ниетпен қоштасып тұрып.

Жұмқаяным риза кейіппен әлгі шпалды бір өзі иығына салып алып сыртқа шығып кетті. (Қанша дегенмен, әлі де күші мол екен — Н.Ж.). Мен жақсылық тілеп қала бердім. Арада біршама уақыт өтті. Күн кешкіріп қалған. Жұмыстан қайтқан інім Нұртай ішке сөйлей кірді.

— Ау, Жұмқаян есіктің алдында шалқасынан жатыр ғой!.. Бірдеңе беріп пе ең!

Мен болған жайды айтып бердім. Інім басын шайқап:

— Ай, бұлар адам болмайды-ау! — деді.

Мен де іштей келістім. Жұмқаян еш сасар емес. Әкесінің үйінде жатқандай шалжиып жатыр. Сол жатысымен азанға шейін есік алдына жатты. Таңертең тұрсам, біреу есікті тырмалайды. Есікті ашып қалсам, Жұмқаян екен. Құмға әбден аунаған, үсті-басы адам көргісіз! Бейне батпаққа аунаған шошқа іспетті!

«О-о, Құдайым-ай! Қазақтың соқталдай жігіттерін шошқаша құмға аунатқан идеологияның ықпалын-ай! Талай отбасын құрдымға жібердің-ау!..» дедім іштей күйзеле.

Жұмқаян да есін жия бастады-ау деймін, жаныма теңселе келіп отырып, жан-жағына тіміскілей қарай бастады. Басын ұстап қояды. Байқаймын, арақтан уланып, сынып бара жатқан басы ештеңеге қаратар емес. Есіл-дерті бір жұтым арақ болса!…

Мен де шарасызбын! Қапелімде қолына ұстата қояр дәнеңе де көзге көріне қоймады…

Ауладағы ошаққа келіншегім тезек қалап кеткен-ді, қазан сарық-сұрық қайнап жатқан. Осы бір қиналып тұрған сәтте кеше Қазалы базарынан су жаңа қазан қақпағын сатып әкелгенім есіме түсе кетті. Ойланып отырып, Жұмқаянға: «Кешегі салмақшы болған кетегің не болды?!…» дедім. Ол сәл үнсіз қалды да: «Енді бастамасам, кешегі шпалды басы ауырып келе жатқан жігіттерді аяп, шпалды сатып, бастарын жазып жіберіп, сауаптарын алып қалғанмын… Кепені енді қолға аламын ғой!…» деді. «Е-е, -дедім іштей күйзеле, — басы ауырған әркімнің сауабын аламын деп жүргеніңде, кетекті де сала алмассың-ау!». Сөйтіп, дағдарып тұрғанымда, кенет басыма бір тамаша ой келіп: «Жұмқаян, маған бір ой келіп тұр!» — дедім.

Басы қатты ауырып мазасы кетіп тұрған Жұмқаянның мұны естігенде, көзі жайнап кетті.

— Қандай ой?!

— Ана қайнап жатқан қазанды көріп тұрсың ба?…

— Иә-иә!…

— Көріп тұрсаң, ішінде әрең тапқан ет қайнап жатыр! Ол саған керек емес! Енді қазанның қақпағына қара! Су жаңа! Кеше Қазалы базарынан сатып әкелдім. Сол саған лайық!

Жұмқаян таңдана қарады.

— Не-неге!…

Мен шешіліп сөйлеп кеттім.

— Байқаймын, мына екпініңмен кетекті де сала алмайсың-ау?!.. Оған қанша материал керек?! Төтесі ауыл сыртындағы бір төбенің етегінен ін қазып ал! Сол тиімді болар! Қаншама материалдың қажеті жоқ! Тек іннің ауызын жауып тұратын қақпақ керек. Оған мына қазанның қақпағы жарайды… Анда-санда жер бетіне шығып, шиқылдайсың да қайта кіріп кетесің! Тоңып қалмас үшін астыңа сыпырық төсеп алсаң болды. Сосын тышқандармен бәсекелес боп өмір сүресің! Рақат!..

Мұны естігенде, Жұмқаян қатты ашуланды. Бірақ екі көзін қазанның қақпағынан айырар емес! Мен шамалы уақыттан соң, көз шырымын алайын деп үйге кіріп кеттім. Ұйықтап кетіппін. Бір иттің қыңсылаған дауысы естілді де, мен далаға атып шықтым. Шықсам, қазанның қақпағы жоқ! Төбесінен бастырып қойған темір анадай жерде лақтырулы жатыр. Жұмқаяным да жоқ! Қазанға үңіліп қарасам, мәс-саған! Қазандағы қайнап жатқан ет те жоқ!

Бар кәкір Жұмқаяннан келген шығар деп ойладым. Қайнап жатқан етті тіскебасар, қазан қақпағын арақ қылған шығар дедім. Содан бері үш-төрт күн өтіп кетті. Бір күні таңертең сыртқа шықсам, шарбақта бір ит жүр екен. Аузы ыржиып күлетін сияқты. Шамасы, еттен айырылып қалғанымды мазақ қылады-ау! Езуін жимайтын секілді. Қаным басыма шапты. Қолыма түскен кесекпен аямай ұрдым. Дәл тиді! Бір таңғаларлығы, қаңсылаудың орнына, ыржиып алып асты. Иттің бұл қылығы ызамды қоздыра түсті.

Ызалана қуып келемін. Ит езуін жияр емес. «Сірә, ит емес, шайтан шығар?!». Басыма бұл ой келгенде, жүрегім дір ете қалды. Қорыққаннан «Біссміләмді» айтып, үйге тұра қаштым.

Екі-үш күннен соң, әлгі «шайтан» тағы пайда болды. Сол күйі әлі де ыржалаңдай ма? Бұл жолы шындап ашуланайын дедім. «Жын» болмақ түгілі «пері» болсаң да, өлген жерің осы жер!» деп жерден бір шақыр тасты тауып алып, көздеп тұрып, қақ шекеден бір-ақ ұрдым. Тағы да дәл тиді. Бірақ ит айылын жияр емес! Ыржалақтап асып барады. Қаңсылауды ұмытқан секілді!

Кенет патриоттық, отансүйгіштік сезімім оянды. «Шынымен де, шайтан болса ше? Онда қалай да көзін құрту керек! Әйтпесе, шайтанның кесірінен қазақтың кедейленгені кедейленген! Жарымағаны жарымаған!».

Осыны ойлағанда, қалайда бұл «шайтанды» құртуға бел будым. Күндіз де, түнде де қолымда тас, аңдуды бастадым. Тағы да үш-төрт күннен кейін көрші үйдің қорасынан шығып келеді екен, «Иә, сәт!» деймін іштей, қолымдағы тасты сығымдай ұстап: «Өлетін жерің келді!»

Тасты ыңғайлап ұстап енді ұра берем дегенше, көршімнің жан дауысы шықты.

— Ұрма итті! Онсыз да бет-ауызы күйіп әбден мықталып жүр бейшара!

Тамақ та іше алмайды. Әлденеге күйіп қалыпты.

Мен жағдайды бірден түсіне қойдым. Мен үйге демалмақшы боп кіріп кеткенімде, басы ауырған Жұмқаян басын жазып алу үшін ай-шайға қаратпай қазанның қақпағын ұрлап ала қашқан. Қазаннан қақпақ кеткен соң, көршінің итінен ұят кеткен. Қатты ашығып тұрған ит те ай-шайға қарамай, иісі бұрқырап піскен етті алу үшін қайнап тұрған қазанға басын тығып, етті ала қашқан. Сөйтіп, етті жемекші болған байғұс иттің бет-аузы күйіп, аузы ыржиып шыға келген. Оны мен қайдан білейін?!.. Шайтан деп жүрсем!…

Осындайда «Қазақстанның қақпағын ұрлап алған ұрылар қайтып күн көріп жүр екен?!» деген ой келеді.

Бет-ауыздарын ұятқа күйдіріп алып, ыржиып жүр ме екен?! Ай, қайдам?!…Оларда ұят қайдан болсын?!.. Өйткені, олар өздерінің ыңғайына, іс-әрекеттеріне бәрін бейімдеп алған ғой!…

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамбаш  ауылы.

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: