Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жаңа Конституцияға орай мерекелік салтанатты жиын өтті

20.03.2026, 7:55 40

Қызылордадағы «Өнер орталығында» еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануына арналған мерекелік салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен және жаңа Ата заңның қабылдануымен құттықтады.

Салтанатты жиында аймақ басшысы жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң тәуелсіздікті нығайтып, мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қызмет етеді. Сондай-ақ елдің тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз ететін негізгі құжат ретінде бағаланды.

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының жаңа Конституцияға қатысты ұстанымына тоқталып, бұл тарихи құжаттың халық мүддесі мен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезінуден туғанын жеткізді. Айтуынша, жаңа Ата заң ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі қуатты мемлекет ретінде ілгерілеуіне негіз болады.

Жиында жаңа Конституцияның 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енетіні, ал Конституция күні енді жыл сайын 15 наурызда мемлекеттік мереке ретінде аталып өтетіні айтылды.

Мерекелік басқосуда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заңдылық пен тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік және өңірлік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, оларға «Парасат», «Құрмет» ордендері, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Марапаттаудан кейін мерекелік шара мәдени бағдарламаға ұласты. Көрермендерге «Томирис» би ансамблінің, Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінің және аймақ өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Айта кетейік, Наурыз мерекесі қарсаңында өңірде бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар ел игілігіне беріліп жатыр. Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуға арналған заманауи «Құзыреттілік орталығы» ашылып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 400 пәтердің кілті тапсырылды. Сонымен бірге, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында жаңғыртылған Президент саябағы да пайдалануға берілмек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: