Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда – Ақтөбе автожолын төрт жолақты ету жобасының алғашқы кезеңі басталды

11.03.2026, 12:35 70

Қызылорда облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда–Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының алғашқы кезеңін бастау рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы жиналған жұртшылықты республикалық маңызы бар автомобиль жолы құрылысының басталуымен құттықтап, соңғы жылдары өңірде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл еліміз үшін де, Сыр өңірі үшін де тарихи маңызы зор жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында өңірдің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, атқарылған жұмыстарға оң баға берген болатын. Президент алдағы уақытта өңірде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асатынын айтып, соның ішінде «Бейнеу – Сексеуіл» бағытындағы жол құрылысы қолға алынатынын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда–Ақтөбе бағытын төрт жолақты ету жобасы басталатынын жеткізген еді.

Аймақ басшысының мәліметінше, көлік-транзит саласын дамыту – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар бағыт. Осы мақсатта өңірде бірқатар ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен 2022–2025 жылдары облыстағы 1600 шақырым автомобиль жолы мен көшелерді және 30 көпір өткелін салуға әрі күрделі жөндеуден өткізуге шамамен 150 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Биыл да жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, 56 жобаға бюджеттен 37 млрд 845 млн теңге қарастырылып, осы қаржы есебінен 136 шақырым жол мен көпір өткелдері жөнделеді.

Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі Қызылорда–Ақтөбе бағытындағы жолды төрт жолақты ету жобасының өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Бұл жол тек көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына, транзиттік әлеуетінің артуына және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына ықпал ететін маңызды көлік дәлізіне айналатыны айтылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2023 жылғы 10 қазанда Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі автомобиль жолын төрт жолақты ету жобасының жобалау жұмыстарын жедел бастау жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы қысқа мерзімде орындау мақсатында демеушілер есебінен 350 млн теңгеге техника-экономикалық негіздеме әзірленіп, жалпы ұзындығы 487 шақырым жолға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Жалпы жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең аясында ұзындығы 26 шақырым болатын Қызылорда қаласының айналма жолы салынады. Ал екінші кезеңде Қызылорда қаласынан басталып, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының сыртынан айналып өтетін, әрі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қосылатын 462 шақырым жол салу жоспарланған.

Жоба аясында автодәліз бойынан 11 көпір, 13 жол өткелі, үй жануарларына арналған 62 өткел және 399 су өткізгіш құбыр салынады. Сонымен қатар жолаушылар мен жүргізушілерге арналған заманауи сервистік қызмет көрсету нысандары бой көтеріп, бұл шағын және орта бизнестің дамуына жаңа мүмкіндік береді. Автожолдың ІІ санаттан І санатқа ауысуы көлік қозғалысын едәуір жеңілдетіп, жүк тасымалының тиімділігін арттырады.

Рәсім барысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев пен Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев сөз сөйлеп, игі бастамаға қолдау білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: