Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Stopmusor: экологиялық жоба мен сайт іске қосылды

01.07.2020, 10:00 2112

HALYQLINE.KZ Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Stop Musor» әлеуметтік жобасы аясында полиэтилен пакеттерін жинауға бағытталған акция ұйымдастыруды бастап кетті. Акция 1 және 3 шілдеде сағат 11:00-20:00 аралығында Орталық, Ботаникалық және «Жетісу» саябақатырнда өткізіледі. Пакеттер таза күйінде ғана қабылданып, олардың санын 20-дан асырғандарға арнайы сыйлықтар бар.
Акция Халықаралық полиэтилен пакеттерінен бас тарту күніне арналады. Өздеріңіз білетіндей, әлемнің көптеген елдерінде бұл күні целлофан пакеттерді пайдаланудан толығымен бас тарту ұсынылған. Ұйымдастырушылар елорда тұрғындарын экологиялық мәселелерді шешуге белсенді болуға және өз үлестерін қосуға шақырады. Екі күндік экологиялық акцияның қорытындысы ретінде шілде айының екінші жартысында, қазақстандық заманауи суретші Сәуле Сүлейменова жиналған пакеттерден көркем дүние жасап шығарады. Кескіндеме «Жетісу» саябағындағы Шарын шатқалы жартасының қасына қойылады. «Stop Musor» – халықтың білімі мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтарға тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мәні зор жоба.

Сондай-ақ, қазақстандықтар шашылып жатқан қоқыс үшін онлайн эко-шағым бере алады. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы «StopMusor» жобасының сайты мен мобильді қосымшасын іске қосты. Сайтта пайдаланушылар жоба туралы, экология саласындағы соңғы жаңалықтар, жоспарланған конкурстар мен іс-шаралар туралы толығырақ ақпарат ала алады. Мысалы, қалдықтарды жинау және қайта өңдеу пункттері, құрамында сынабы бар шамдарды жинау және кәдеге жарату мекенжайлары да көрсетілген. «Stopmusor.kz» сайты арқылы пайдаланушылар өз қаласында эко-шағым бере алады. Барлық жиналған ақпарат ecokarta.kz қоғамдық экологиялық мониторинг порталында тіркеледі. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының мамандары қаладағы қоқыс тастайтын жерлер, топырақтың ластануы, ормандарды шабу, атмосфераның ластануы, заңсыз құрылыс жұмыстары секілді экологиялық проблемаларды сипатына қарай қала қызметтері мен уәкілетті ұйымдармен бірлесіп шешуді қарастырады. Сайттан басқа, осы науқан аясында iOS және Android үшін «StopMusor» мобильді қосымшасы да іске қосылды. Пайдаланушы сайтта бар бірдей мүмкіндіктерге смартфондарға арналған ыңғайлы форматта қол жеткізе алады. Аталмыш қосымша арнайы оқиғалар күнтізбесін қалыптастыруға, эко-шағымдарды жеңілдетілген түрде беруге, сондай-ақ барлық соңғы жаңалықтардан хабардар болуға мүмкіндік тудырады. Жаңадан іске қосылған жоба халықтың сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстан азаматтары арасында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: