«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жүк тасымалын жоспарлау процесін жетілдіру үшін жаңа автоматтандырылған жүйені енгізуді бастады. Жүйенің негізгі мақсаты – жүк жөнелтушілер тарапынан берілетін өтінімдердің қайталануын болдырмау және тасымал көлемін жасанды түрде асырып көрсету жағдайларын азайту.
Қазірдің өзінде жаңа жүйеге 30-дан астам вагон иесі қосылған. Компания мамандарының мәліметінше, соңғы үш жылдағы көрсеткіштер жүк жөнелтушілердің берген өтінімдері мен нақты тасымал көлемі арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсеткен.
Мәселен, 2023 жылдан бері жүк жөнелтушілер жалпы көлемі 202,5 миллион тонна жүк тасымалдауға өтінім берген. Оның ішінде «Қазақстан темір жолы» 118 миллион тоннаға келісім бергенімен, іс жүзінде шамамен 88 миллион тонна ғана тасымалданған.
Жылдар бойынша көрсеткіштер мынадай:
2023 жылы – 73,6 млн тонна жүк тасымалдауға өтінім берілген, оның 38,2 млн тоннасы мақұлданып, нақты 27,3 млн тоннасы тасымалданған;
2024 жылы – 62 млн тонна сұраныс түсіп, 39,3 млн тонна келісілген, ал 27,5 млн тонна ғана жеткізілген;
2025 жылы – 66,9 млн тоннаға өтінім беріліп, 41 млн тонна мақұлданған, нақты тасымал көлемі 33 млн тоннаны құраған.
Осы деректерге қарағанда, келісілген жүк көлемінің шамамен төрттен бірі тасымалдауға ұсынылмайды. Бұл жағдай теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін жасанды түрде брондауға алып келіп, шын мәнінде жүк жөнелткісі келетін компаниялардың мүмкіндігін шектейді.
Жаңа автоматтандырылған жүйе бойынша енді өтінімдер тек вагон операторлары мен жүк қабылдаушылардың растауынан кейін ғана қабылданады. Бұл тасымалды жоспарлау процесінің ашықтығын арттырып, теміржол инфрақұрылымына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және вагон айналымын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Компания мәліметінше, жүйені толық енгізу 2026 жылдың соңына дейін, пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жүзеге асады.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстандағы теміржол тасымалы тарихи көрсеткіштерге жеткен. 2025 жылы жүк тасымалы көлемі Ресеймен – 92 млн тонна (+3,5%), Қытаймен – 35,6 млн тонна (+11%), ал Өзбекстанмен 32,3 млн тоннаға (+16%) дейін өскен.
Фото: Gov.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!