Kazinform агенттігінің хабарлауынша, Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізу ниеті жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді. Елдің Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани Тегеранның Вашингтонмен қандай да бір келіссөздерге бармайтынын ашық айтты.
Оның пікірінше, АҚШ-тың қазіргі сыртқы саясаты Израиль мүддесіне көбірек бағытталған. Осыған байланысты Лариджани Дональд Трамптың «Америка бірінші орында» деген ұстанымы іс жүзінде «Израиль бірінші орында» саясатына айналды деп сынға алды. Сондай-ақ ол Иранның АҚШ-пен ядролық келіссөздерді қайта бастауға ұмтылып жатқаны жөніндегі ақпараттарды жоққа шығарды.
Лариджанидің айтуынша, Тегеран аймақтағы басқа мемлекеттерге қарсы әскери әрекет жасауды көздемейді. Алайда өңірдегі АҚШ әскери инфрақұрылымы Иранға қарсы қолданылған жағдайда, жауапсыз қалмайтынын ескертті.
– Біз көрші елдерге шабуыл жасауды жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ олардың аумағындағы әскери базалар бізге қарсы пайдаланылса, олар нысанаға айналуы мүмкін. Өйткені бұл нысандар сол елдердің емес, АҚШ-тың әскери құрылымының бөлігі, – деді ол.
Бұған дейін Дональд Трамп Иран тарапы жаңа келіссөздерге дайын екені туралы ұсыныс білдіргенін айтқан болатын. Алайда Тегеран бұл мәлімдемені растамады.
Фото: Фото: kazinform/aa.com.tr
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!