Елімізде 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдық аймақтарды дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған болатын.
Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасының аудан аумағында іске асырылу барысы талқыланды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
«Ауыл аманаты» жобасы негізінде 2023-2024 жылдары аудан бойынша жалпы құны 883,6 млн теңгені құрайтын 131 жоба қаржыландырылып, 174 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі – 8 жоба, өңдеу саласы – 67 жоба, мал шаруашылығы бағыты – 16 жоба, егін шаруашылығы – 10 жоба және ауыл шаруашылығынан басқа бағыттар бойынша 30 жоба іске қосылған. Ал, 2025 жылға ауданға 835,1 млн теңге бөлініп, аталған қаржы есебінен 124 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі күні 57 жобаның 43-і қаржыландырылып, қалған жобалар бойынша жұмыстар жалғасуда.
Мәжілісте аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне жобаны халық арасында кеңінен түсіндіру, кәсіп ашуға ниетті тұрғындарды нақты сүйемелдеу, жаңа бағыттағы жобаларды ұсыну бойынша жұмыстардың деңгейі өте төмен екендігін қатаң сынға алды. Осыған сәйкес, жауапты бөлімдер мен ауыл әкімдеріне «Ауыл аманаты» жобасы аясында жергілікті жерде өндірілмейтін, сырттан тасымалданатын негізгі азық-түлік өнімдерін өндіру бағытында нақты жобалар әзірлеуді және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жиында аудан басшысы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жаңа мүмкіндіктер туралы да сөз қозғап, кепілдік тетіктері арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсететін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының құралдарын тиімді пайдалану қажеттігін де атап өтті. Ауыл әкімдері мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысына аталған бағдарламаны да халықтың арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын ұйымдастыру керектігін ескертті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!