… Мәселенің бәрі оған қатысты емес. Министр болған соң, сөз келеді ғой. Біздің министр сауатты, тәжірибелі. Денсаулық сақтау саласының жүйесін жақсы түсінетін маман. Бірақ оның цифрландыру ісімен айналысатын арнайы орынбасары Ербол Оспанов бар ғой. Оның алдында екі жыл бұрын осы салаға жауапты болған Есенбаев не бітірді? Соңғы төрт-бес жылда бәрін бүлдіріп отырған осы екеуі. Олардан да «Не бітірдіңдер? Нәтиже қайда?» деп жауап алынуы тиіс. Екеуі қалай ақша шығарылғанын нақты білуі мүмкін. ҰҚК, Бас прокуратура солардың тірлігін зерттеуі керек. Бірақ екеуіне де ешкімнің тісі батпай ма, түсініксіз.
***
… Өз басым министрді қолдаймын. Себебі Ақмарал Шәріпбайқызын көп жылдан бері білемін. Біздің осы салада отыз жылдан астам тәжірибеміз бар. Оның ішінде 20 жылдан астам уақыт денсаулық сақтау саласында ұйымдастыру, басқару жүйесінде бірге жұмыс істедік. Бір-бірімізді жақсы танимыз, сыйлаймыз. Менің ойымша, министр өз орнында отыр. Президент жүктеген тапсырманы орындауға тырысады. Бірақ оған жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатыр. Мәселен, ол цифрландыру саласын қадағаламайды. Оған кіріспеу себебі біреу қолын байлап, жолатпай отырған сияқты. Егер өзі түсініп, өзі кіріссе – басқа мәселе. Мұны толығымен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне өткізіп берсе, дұрыс болар еді. Бірақ олар мұны да қатырмады.
Кезінде министр болған Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласының бүкіл электронды орталығын Бағдат Мусинге табыстаған еді. Ал оның сөзі көп, тірлігі аз. «Бүйтеміз, сөйтеміз» деді, бірақ ештеңе бітірмеді. Одан кейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалған Жаслан Мәдиев те келген бетте «платформаны қатырып жасаймыз» деп екпінді түрде сұхбат берді. Оның денсаулық сақтау саласының платформасын жасауға құлқы жоқ. Осылайша, бұл жүйені екі министрліктің арасында жоғалтып алдық. Ал президент «бірігіп істеңдер» деп шыр-пыр болады. Мұны қадағалайтын премьер-министрдің орынбасарлары да «мыналарың болмайды, президенттің тапсырмасын орындау керек қой» демей ме?
Мен де министр болдым. Барлық ауыртпалық менің де басыма түсті. Коронавирус пандемиясының, цифрландырудың айыбы маған жабылды. Мен таяқ жеп, жауапкершілігімді толық мойындап, ақыры сотталдым. Содан кейін үш-төрт министр ауысты, қор басшылары өзгерді. Бәрі келіп менен сұрайды. Оларға: «Кешіріңдер, көкелер! Бес-алты жыл өтті, бәріне жауап беріп отырамын ба? Менің де өмірім бар ғой» деймін.
Елжан БІРТАНОВ,
бұрынғы денсаулық сақтау министрі
(«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан)
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!