Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық белсенді 4 жылға сотталды

13.02.2026, 10:00 61

Қызылорда қаласында жергілікті белсенді Ерғали Құлбаев пен азаматша Ақлима Ертайқызына қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен екеуі де төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл ақпаратты белсендінің қорғаушысы Темірлан Ахметов Азаттық радиосына растаған. Адвокаттың айтуынша, Ерғали Құлбаев пен Ақлима Ертайқызына Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы («Бопсалау») бойынша айып тағылған.

Іс материалдарына сәйкес, қылмыстық іске былтыр жазда Қазалы ауданында өткен әкім сайлауы кезінде болған оқиғалар негіз болған. Сол кезеңде Құлбаев пен Ертайқызы өзін тәуелсіз бақылаушы ретінде таныстырып, бірқатар сайлау учаскелерін аралаған.

Сот құжатында көрсетілгендей, белсенділер дауыс беру барысында анықтаған заңбұзушылықтар бойынша ішкі істер органдарына арыз жазған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар осы жайттарды әлеуметтік желілерде жариялаймыз деп қорқытып, сайлау комиссиясы өкілдеріне қысым көрсетпек болған деп бағаланған.

Адвокат Темірлан Ахметов істің бірқатар тұстары күмән тудыратынын айтып, тергеу барысында процессуалдық олқылықтар кеткенін мәлімдеген. Оның сөзінше, қорғау тарапы үкімге келіспейді және апелляциялық шағым түсіруге ниетті.

Ерғали Құлбаев бұған дейін де қоғамдық-саяси тақырыптарда белсенді пікір білдіріп жүрген жергілікті азамат ретінде танылған. Ол әлеуметтік желілерде өңірдегі әлеуметтік мәселелер мен сайлау процестеріне қатысты жиі жазбалар жариялап келген.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қорғау тарапы істі жоғары инстанцияда қайта қаратуға дайындалып жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: