Бұл туралы қала тұрғындары біраздан бері шағымын әлеуметтік желіде жазып жүр. Қызылордадағы Сужиков көшесінің жағдайы тұрғындардың жүйкесін жұқартып, күнделікті қауіпке айналғаныны айтып, дабыл қағып жатыр жұртшылық. Ол туралы Әлия Жанәбілқызы Facebook парақшасында жазды.
ЖКХда (Қызылорда Түкш) орындалмаған істі «шешілді, барлығын реттедім» деп өтірік сөйлемейтін, міндетін орындай алатын, адамды адам көретін маман бар ма өзі? Басшыларының өзі жауапкершіліктен қашса, басқасына не дейміз? Қаладағы Сужиков көшесін білетіндер бар ма? Пешеход жоқ, тротуар туралы айтпасақ та болады. Бұл көшемен жүргенде аман қалғың келсе, амалсыз ағаштың астына тығыласың. Кейде иті тоқтамай үретін үйдің дарбазасы пана болады. Бізді қойшы, оқушыларға обал. Мектепке апаратын жалғыз жол осы. Үйге аман-есен келсе екен деп отырамыз. Қар жауғалы жағдай қиындады. Жер мұз. Аяғың тайып, жиекте де тұра алмайсың. Өткенде үй жақта бір бала жылап келе жатыр. Сөйтсем машинадан қашамын деп, жиекке тығылған, бірақ аяғы тайып жолға қарай ауып кетіпті. Мәшне сырып өтіпті. Ал не дейсіз? Төмендегі видеоны бүгін балалар жіберді. Ал соңғысы жазда түсірілген. Өзі тар көшеге апарып автобусты жүргізіп қойған кез. Мейлі, автобус тек Желтоқсан көшесі жабылғанда жүреді, бірақ мына Сужиковтан грузовойлар да артылмайды ғой. Келеміз, реттейміз, шешеміз, деген Қызылорда Жкх басшылығы көрінбейді. Сонау 2023 жылдың наурызында көшеге одностороннее движениенің белгісін қоямыз деп уәде берген екен. Ол знак әлі қойылмаған. Біздің көшенің знагы жоғалып кеткен сияқты. Көргендер бар ма? – делінген жазбада.
Мәселе аясында Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшылығынан түсініктеме сұрағанымызда, бұл мәселе көптен бері көтеріліп, әлі күнге дейін зерделеніп келе жатқанын жеткізді.
– Аталған мәселенің көтерілгеніне біраз уақыт болды. Яғни бұл мәселені біздің мекеме ғана емес, қалалық Полиция басқармасымен бірге жүзеге асыруымыз керек. Егер олар тұрғындардың өтінішіне сай нұсқама берген жағдайда, біз аталған көшеге арнайы жол белгілерін қойып, бір бағытты көше қылуға құзіреттіміз. Дегенмен, бұл көше тым тарлығына байланысты тұрғындар өтінішіне сай тротуар салу мәселесі қиын. Өйткені, ол жерде артық мемлекет меншігіндегі жер жоқ. тек жеке тұрғындардың ауласы немесе автотұрағы бар. Ол жерге жаяу жүргіншілер жолын салу заңсыз. Бұл мәселе бойынша арнайы тексеру жұмыстары тағы жүргізілетін болады, — деді мамандар.
Көшенің қазіргі ахуалын төмендегі видеоға өтіп көруге болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!