«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 417.99 (-0.32)

  • EUR: 492.68 (+0.75)

  • RUB: 5.74 (+0.06)

Қиындық елді қиыстырады

30.07.2020, 12:45 670 0

Наурызбай   БАЙҚАДАМОВ,

Қызылорда   облысы   әкімінің   орынбасары:

«ҚАЗАҚТЫҢ  ҚОРҒАНЫШЫ «ҚҰДАЙ  САҚТАСЫНЫ»  ҒАНА»

– Наурызбай  Сейітқалиұлы, алдымен қат-қабат тірліктің арасынан уақыт тауып, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет айтамын. Бүгінгі әңгіменің негізгі тақырыбын өзіңіз де бағамдап отырған  шығарсыз…

– Жалпы, дүниежүзінде миллиондаған адам қырылып қалған небір нәубетті жылдар болған. Айталық, оба (чума) – адамзатқа ертеден белгілі ең қауіпті жұқпалы ауру. Бүгінгі күні медицина саласының қарқынды дамуы­ның арқасында бұл індет сирек кездеседі. Сол індет ХІХ ғасырда 6 рет қайталаныпты. Мұның негізі Үндіс­таннан, кейін Оңтүстік-шығыс елдерін­е, сауда кемелері арқылы Еуропаға, бұдан әрі Еуразияға, одан біздің елге тараған. Осы обадан қазақ даласында жүздеген, мыңдаған адам қаза  тапты.

Малшының баласымыз ғой. Көшіп-қонып жүргенде ата-әжеміз бұзылған ескі елді мекен орын­дарынан айналып өтетін. Өйткені, обадан өлсе, онда  індет  болуы  мүм­кін деп  күдіктенетін. Беріге  дейін  әжеміз  қызылша ауруынан  қатты қорықты. Өзі  – 14  құрсақ көтерген кісі. Ол «14 құрсақ көтердім. 11 баланың қайда жерленгенін толық білмеймін. Елге індет келгенде жамағайын жапа-тармағай «бала­пан ба­сына, тұрымтай тұсына» қаша жөне­лем­із. Аурудың беті қайтты-ау дегенде барып, бір-бірімізді іздейміз. Кім өлді, кім тірі?» деп үнемі күйзеліспен айтып отыратыны бар. Ол аман қалудың, өзін-өзі қорғаудың далалық тағы­лымынан туған инстинкт бо­латын.  Ал қазір керісінше карантин кезінде адамдар жаппай қыдырып, індеттен қайтыс болғанның нама­зына барып ауру жұқтырып, өздерінің  қайтыс болуы жиіледі.

– Облыстағы қазіргі эпидахуал қандай?­ Жағдайды қалай бағамдасақ болады?

– Коронавирус пандемиясы – жер-жаһандағы техниканың, медицинаның дамығанына, адамның ұлтына, жынысына, әлеуметтік деңгейіне қарап жатқан жоқ. Бұл індеттің қиындығы – ауа жұтатын адамның бәрі ауруы мүмкін. Көзге көрінбейді не қолға ілінбейді. Мамандар әу бас­тағ­ы коронавирустың белгілеріне қарсы вакцина әзірледі. Одан кейін вирус мутацияға ұшырады. Ал вак­цина оған қарсы тұра ала ма, алмай ма? Тарихи мәліметтерге сүйенсек, вирус кемі 5-6 жыл өмір сүріп, әлсі­реп, содан  кейін жойылатын көріне­ді. Дегенмен, бүгінгі күні медицина саласы­ның дамуы өз дегенін жасайды, індетті тез құрсаулаймыз деп үміттенеміз.

Дәл қазір облыстағы эпидемиологиялық ахуал күрделі, бірақ бол­жамды. Өздеріңізге белгілі, өңірде ең алғаш  коронавирус  жұқтырған  нау­қас 28 наурызда анықталды. Одан бері бірнеше кезеңнен өттік. Бірінші кезеңде күдікті деп танылған науқастарды оқшаулап, солардың арасынан емдеу шараларын жүргіздік. Эпидемиямен күрестің негізгі методикасы осылай. Айта кететін жайт, облыстағы эпидемиологтардың біліктілігі жоғары. Сол саланың ардагерлерімен алқа құрып, ақылдастық. 1 айдың ішінде жағдай тұрақталып, науқастардың 85 пайызы емделіп шыққан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жариялан­ған төтенше жағдай режимі 11 мамырда тоқтатылды. Осыдан кейін эпидахуал қайтадан күрт күрделеніп кетті. Бұл үлкен сабақ болды. Көпші­лік «төтенше жағдай режимі тоқтаса, вирус та тоқтады» деп түсінді-ау дей­мін. Оның үстіне сол уақытта «Вирус жоқ. Бұл жалған нәрсе. Коронавируспен ауырған адам болса, көрсетіңдер­ші» деп жүргендер де табылды. Тіпті, телефонымызға тыным бермейтін. «Карантиндік шаралардың жеңілдеуі вирус тоқтады деген сөз емес. Бұл – ел экономикасын ұстап тұру үшін жасалға­н қадам» деген сарында ақпараттық түсіндірме жұмыстарымен шұғылдандық. Облыста індетке шалдыққандар саны күрт көбейгенде ардаге­р-эпидемиологтар «Наурызбай, вирус жұқтырып, анықтал­ғандардан емес, анықталмаған адамның­ санынан қорық. Өйткені, олар тарап кеткен жағдайда ие болу оңай болмайды» деп ақыл қосты. Сондықтан вирус жұқтырған адаммен байла­ныста болғандардың бәрін каран­тинге жатқыздық… Оған да қарсылы­қ, ренішт­ер болды. Де­генмен­, көпшілік  түсіністікпен  қарады.­

– Жасыратыны жоқ, осы індет ең алғаш басталғанда «тас түйін дайынбыз» дедік. Дегенмен, пандемиямен бетпе-бет келгенде билік біраз абдырап қалған тәрізді… Оның үстіне денсаулық сақтау министрлігі жасаған бол­жамы да қисынға келмеді…

– Алғашында біз министрлік ұсынғ­ан әдістемеге сүйене отырып инфекциялық, провизорлық стационарлар, карантиндік орталық әзір­ледік. Шыны керек, тәуелсіздік ал­ғалы мұндай деңгейде жұмыс істеп көрген  жоқпыз.

Меніңше, біз денсаулық сақтау саласын жиі реформалап жіберген секілдіміз. Соның нәтижесін кеше көрдік… Тіпті, дәріханалардан дәрі-дәрмек таппай қалдық емес пе? Бір ғана мысал, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, бұрынғы СЭС дейміз ғой, соның сесі жоғын байқадық. Негізі эпидахуалды бақылау, бағамдау – сондағы мамандардың жұмысы. Дегенм­ен, СЭС-те ондай техникалық база жоқ. Аудандарда індет ошағы анықталғанда  мамандар  жедел  баруы­ керек. Сол уақытта қызмет­керлерге қажетті қорғаныс құрал­дарын тауып берудің өзі проблемаға айналды. Қаладағы ауруханалар мен емханалардағы құрал-жабдықтарды алып беруге мәжбүр болдық. Кейін мемлекет барлығын өз қолына алып, проблемалар шешілді. Ел мынаны түсінсе деймін. Пандемия кезінде әр адам оқшауланып, өзінің жеке басын қорғаумен айналысуы қажет. Ал мемлеке­т  өз  деңгейінде ауруханадағы төсек-орынмен, дәрі-дәрмекпен, құрал-жабдықпен қамтумен шұғылданады. Қажетті нормативтік-құқықтық құжаттарды жариялайды. Сосын қоғам болып жұмылуымыз қажет.

«Отбасылық іс-шараларды тоқ­тату керек. Көп адам шоғырлануға болмайды» десең, ел «Құдай сақтасын» дейді де, жүре береді. Әзіл де болса айтайын, қазақтардың қор­ғанышы, антивирусы – «Құдай сақ­тасыны» ғана. «Құдай сақтанғанды сақтайды» деген сөзді естен шығармағанымыз жөн. Мәліметтерге сүйенсек, адам бір түшкіргенде триллионға жуық вирус тарайтын көрі­неді. Енді есептей беріңіз… Кейінгі нәтижесін өзің де көріп отырсың. Біраз адамнан вирус анықталды. Сондықтан да Хазіреті Ғазали имамны­ң «адамның ең ақылдысы – айыпты өзінен іздейтін, білмегенін ғалымдардан  сұрайтын адам»  деген­ сөзінен  тағылым  алайық.

– Ашығын айтайық, дәл қазір елімізд­е өлім-жітім көбейіп кетті. Қайты­с болған азаматтар пневмониядан көз жұмды ма, әлде коронавирус індетінен бе? Осының ара-жігін нақ­тылап   беріңізші…

– Қайтыс  болған  адамның барлық  диагнозы республикалық комиссияға түседі де, сондағы мамандар толық зерттеп-зерделеп, нақты неден көз жұмғанын анықтайды. Мәселен, соңғы 4 айда инфекциялық стационарда 30-ға жуық адам қайтыс болса, соның 7-еуінде негізгі себебі ретінде «коронавирус» деп көрсетілген. Өйткені, көпшілігі бұрын инсульт алған­, қант диабетімен, қан қысымы, т.б. сырқаттармен ауырған. Ал мына вирус  соның  барлығын  қайта  қоздырып  жіберіп  отыр.

Ал енді пневмонияға келсек. Маман­дардың пікірінше, бұл – вируст­ы пневмония. Бұрын бакте­риялық пневмонияға шалдыққан адам жеңіл-желпі дәрі-дәрмектің көмегімен аурудан айығатын. Ғалымдардың көпшілігі «вирусты пневмония – өкпеге түсіп кеткен вирус, мүмкін COVID-19» деген пікірді айтып­ отыр. Бұл – бір ғана нұсқасы. Шыны керек, дәл қазір өлім-жітім себебін пневмония не COVID-19 деп дөп басып айту да қиын. Қалай деген­де­ де өлім-жітім былтырғыдан бір­неше есе артты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт­ Тоқаев коронавируспен күреске­ байланысты ведомствоаралық жиын өткізді. Президент сол жиында Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды. Жергілікті билік шұғыл шешім шығара алмайды деп қалды…

– Біз түгілі Еуропа елдерінің біразы­ абдырап қалды. Сөз басында да айттым ғой. Әу баста елге індет келгенде дағдарып қалғанымыз рас. Тіпті, ұйымдастыру жұмыстары кезін­де кімнен не  сұрайтынымызды, кімге  қандай  тапсырма  беретінімізді де  білмедік.  Облыстық  кітапханадан вирусқа қатысты 6 кітап алдырып, танысып  шықтым. «Вирус: друг или враг» деген кітапты оқыдым. Сонда жалпы вирусқа байланысты айтады: вирус бұл жақсы нәрсе емес, бірақ үрейге ұрынбай соны ұйым­дастырып, дұрыс бағытқа алып шықсаң,­ оң нәтижеге қол жеткізуге болады  екен.

Бұрынғыға қарағанда қазір пан­демиямен күресу өте қиын. Себебі: вирус­тың көптеп тарауына коммуникацияның, транспорттың қарқынды дамуы сеп болуы мүмкін. Еуропадан ұшып келу, Қызылордадан Аралға, Қазалыдан Түркістанға бару – дәл қазір проблема емес. Жалпы алғанда, мемлекеттік деңгейде тиісті іс-ша­ралар атқарылды. Дегенмен, мойындау керек, жергілікті жерде қиындықтар болмады емес, болды. Тәжірибе жетіспеді.

– Естуімше, сізден де осы коронавирус  анықталыпты…

– Ол рас. Тапсырған анализімнен COVID-19-дың симптомсыз түрі анықталд­ы. Дереу оқшауланып, бір аптадай­ емделдім. Кейінгі анализім теріс  нәтиже  беріп, мамандар жұ­мыс­қ­а  қайта қосылуға  рұқсат  берді.

«БАСШЫ  АУЫСҚАНЫМЕН, ЖҰМЫС БАҒЫТЫ ӨЗГЕРМЕЙДІ»

– Жақында сыбайлас жемқорлыққа  қарсы агенттік облыстық денсау­лық сақтау басқармасындағы лауа­зымды тұлғалар 98 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Кеше ғана өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алу кезінде де кеткен кемшіліктер  анықталуда…

– Дәл қазір бұл іске байланысты ешқандай баға бере алмаймын. Бұның ақ-қарасын құзырлы органдар анықтай жатыр. Сондықтан осындай істе баға беруге асықпау қажет.

– Қазақ «өткелде ат ауыстырмайды» дейтін еді. Ел дүрлігіп жатқанда Қызыл­орда облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының  басшысы  ауысып кетті…

– Бұрынғы басқарма басшысы Жақсылық Абдусәметов жұмысты істей алмағаннан емес, денсаулығына­ байланысты жұмыстан босауға өзі өтініш берді. Өйткені денсаулық сақтау басшысы да, орынбасары да ауырып қалды. Одан қалыпқа келу үшін де уақыт керек. Осы жауапкер­шілікті  салауатты түсіне  білгендіктен, ел мүддесін  жеке мүддесінен жоғары­ қоя  білетіндіктен өтініш бер­ді деп түсінемін. Бұл да дұрыс шығар. Себеб­і, қиын-қыстау уақытта шешім қабылдайтын адам керек. Жұмыстың бәрі шұғыл, уақыт тығыз. Ал осы бас­қармаға жаңадан тағайындалған Сәбит Пазылов – тәжірибелі маман. Ол бұған дейін Алматы қаласындағы ең мықты провизорлық орталықты басқарған азамат. Айта кетейін, басшы ауысқанымен, жұмыс бағыты өзгермейді, әрі қарай жалғасатын болад­ы.

– Өткенде  дәрі-дәр­мек тапшылығы сезілді ғой. Сарапшылар індет қайта өршуі мүмкін деген болжам айтуда. Бұған дайындық қалай?

– Бүгінгі күні облыстық көпбейін­ді аурухана ішінен реабилитациялық бөлім ашып жатырмыз. Онда пневмониямен ауырып шыққан адамға ем-дом шаралары жүргізіледі. Осы ретте дәрігер мамандардың берер нұсқамасын айта кетейін. Ауруханадан шыққан соң қою тамақтан, салқын судан бас тартып, физикалық тұрғыда көп күш жұмсамауға кеңес береміз. Қатты күтім қажет. Барынша сұйық тамақты­ аз-аздан, бірақ жиі-жиі ішіп, тек жылы су тұтынса дейміз.

Дәрі-дәрмекке байланысты тоқталсақ. Жалпы, жылда ауруханалар мен емханалар былтырғы жылғы көрсеткіштерді сараптай отырып, қажетті мөлшерде тапсырыс береді. Ал жекеменшік дәріханалар өз-өзде­рін қамтамасыз етеді. Оған мемлекет араласпайды. Пандемия кезінде дәл мұндай дәріге сұраныс болады деп ешкім болжай алған жоқ. Кейін мұның барлығы реттелді. Бүгінгі күні ауруханалар мен дәріханаларда дәрі­нің 1 айлық қоры артығымен алынды.­ Облыста үнемделген қаражат есебінен 400 млн теңге қаражат бөлініп, тұрақтандыру қорына жыл соңына дейін жететін дәрі-дәрмек қорын жасақтап жатырмыз. Сейсенбі күні облысқа «Шұғыла» қоғамдық қоры арқыл­ы 200-дей оттегі концентраттары алынды. «СҚ-Фармация» әр өңірде дәрі-дәрмекті тұрақтандыру қорын жасақтауға көшті.

«Вирус: дос па, жау ма?». Бұл нені көрсетті? Әрине індет қашанда жаман. Қазақ «қиындық елді қиыс­тырады» дейді. Ұлттық сезім артты. Ел алдындағы әр адамның жауапкер­шілігі көтерілді. Пандемия  кезінде бір қолдың саласындай, бір үйдің балас­ындай бірікті. Мемлекеттік орган да, үкіметтік емес ұйым мүшелері де, кәсіпкерлер де, «мен оппозициямын» деп теріс қарап жүргендер де ұйымшылдық танытты. Кәсіпкерлер қолдан келетін қандай көмек бар, соның барлығын көрсетті. Ұлттық  бірігудің  жаңғыруы сезілді. Жау келген­де бірігіп, сайлауда бөлінбей, үнемі осындай ұлт мүддесі жолында бір  болғанымыз  дұрыс.

«ӨМІРДІҢ   МӘНІ – БІР   ЖҰТЫМ   АУА»

– Асқар Жұмаділдаевтың «сөз бен істің арасы қанша шақырым?» деген сауалы бар. Бұған сіз қалай жауап бересіз?­

– Біз аз ойланып,  ұзақ  іс жасайтын тәріздіміз. Меніңше, жұмыстың ең ауыры – ойлану. Әлемге таныма­л адамдардың дені «қазір көп ойла­нып, жылдам  жұмыс істейтін  заман»­ деген­ пікірді айтуда. Себебі, уақыт тез өзгеріп отыр. Алдымен­  айтып­, сосын оны орындай алмай қал­сақ, сөз бен істің арасы алшақ­тап қалары анық. Сондықтан сөзден гөрі ойлану мәселесі алдыңғы орында тұруы тиіс…

– Өткенде әлеуметтік желі қол­данушылары сізді қайта-қайта сын тезіне­ салды ғой. Мұның біз білмейтін сыры  бар  ма?

– Оның нақты себебін білмеймін. Оны өзім де оқыдым. Әйтсе де, мұн­дай мәселелерге түсіністікпен қараймын. Мені сынау арқылы өзінің атын шығарамын деп жатса, ол да менің біреуге тигізген пайдам. Жеке басымды сынап жатқан адам өз уақытын мен үшін бөліп отыр. Және оның қай жері дұрыс, қай жері бұрыс екенін бағалау – маған пайда. Бұл да – жарнама. Шыны керек, кейде менің жеке басыма, отбасыма қатысты сын айтатындар бар. Дегенмен, ол этикаға жатпайды. Атқарып жатқан жұмы­сыма қатысты сын болса, қабыл­даймын. Бірақ жеке бастың шекарасына өтуге болмайды. Адамның жеке өмірі, ар-намысы заң арқылы қор­ғалатынын естен шығармайық. Бірақ мен «малың­ды жауға қойып, басыңды дауға қойып кішірейтпе» деген атам қазақтың нақылын ұстанғанды жөн санаймын. Алмас Алматовтың «тау басына тас лақтырсаң, өзіңді төмен қарай  қуалайды»  деген сөзі бар еді.

– Бізде идеология саласы екіге бөлінді. Бұл өзгерістің тиімділігі қайсы?

– Бұрын ішкі саясат, жастар мәселесі, мәдениет, білім, денсаулық, жұмыспен қамту, т.б. салалар облыс әкімінің бір ғана орынбасарының мойнына жүктелетін. Тиісінше, оның барлығын тереңірек зерттеп-зерде­леуге мүмкіндік болмайды. Қазір ақпараттық-идеологиялық жұмыс пен әлеуметтік сала екіге бөлінген соң жұмыс істеу тиімділігі артты.

– Сіз  бұрын  білім  саласында  қызмет  еттіңіз…

– Иә, ілгеріде біраз жыл Қорқыт ата атындағы университетте оқытушы, облыстық білім басқармасында басшылық қызметте болдық. Сол жылдары шығармашылықпен шұ­ғылдандық. Қазір бұған мүмкіндік болмай тұр. Жазуға тиісті дүниелер де бар еді…

– Болашақта Н.Байқадамовтың өмір өткелдері туралы кітап оқуымыз мүмкін бе?

– Мүмкін. Кейін мемлекеттік қызметтен қол босаса, туып-өскен ауылдың тарихы мен мемлекеттік қызметте жүріп атқарған жұмыс­тарым жөнінде жазыла жатар. Өйт­кені, біздің буын тау тұлғалы біраз азаматтың көзін көрдік, тәрбиесін алдық дегендей… Кез келген адам соңы­нан жақсы із қалдыру керек деп ойлаймын. Қанша дегенмен, қаламмен жазылған қарумен өшпейді. Үлкен кісілерде өткенін көп айта береті­н әдетті байқаймын. Оның себе­бі, олардың кезінде бәрі дұрыс болғандай көрінеді, соның өтіп кеткеніне, көбіне үлгіре алмағанына өкіну де бар болуы ықтимал. Мүмкін біз де солай болармыз. Сондықтан жазатын дүние бар деп ойлаймын. Соның бірі, мен көрген мемлекеттік қызмет деп аталатын шығар. Мемлекеттік қызметтің шектеулері қызметкердің белсенділігіне кері әсер ететін жақтары жеткілікті. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту уақыты келген сияқты. Мемлекеттік басқарудың кейбір тетіктері қоғам дамуынан кешігіп келеді деп ойлаймын.

– Айтыңызшы, пандемия бізге нені үйретті?

– Менің бір жақын досым бар. Өткенде пневмониямен ауырып, ауруханаға түсті. Емделіп, провизорлық орталықтан шыққан соң хабарласты. Екеуміз өмір туралы жиі сөйлесетінбіз. Сонда айтады: «Наке, өмір­дің мәні – бір жұтым ауа. Бір жұтым ауа жетпей, тынысың тарылғанда адамға қызмет те, атақ-абырой да, ақша да, ешнәрсе керек емес екен. Ең бірінші, келесі ауа өте ме, өтпей ме? Соны ойлайсың. Жаның қиналғаны сонша кіндігіңнен тараған балаңды ойлауға мұрша болмайды» дейді.

Пандемия  адамзат әлі де табиғат­ алдында қауқарсыз екенін көрсетті. Пандемия жер-жаһанның жұп-жұмыр екенін көрсетті. Табиғат адамзат­тың  бір-бірімен таласқаннан  емес, жарасқаннан дамитынын тағы бір ескерт­ті. Ай қайдам? Тарихтың аш­қан бір ғана жаңалығы бар екенін үнемі ұмытамыз. Ол жаңалық – «тарих­  қайталанады, бірақ одан  са­бақ  алмаймыз»  деген тәмсіл.

– Дәл қазір сіз нені жиі ойлап жүрсіз?

– Жасқа байланысты ма, әлде жұмыс жүйесіне орай ма, ұйқыны ұмытқандай болдық. Бүгінде баршамызды эпидахуалдың алаңдатып отырғаны  шындық. Бұны да жеңеміз. Өзім біраз жыл білім саласында тер төккен соң білім және тәрбие саласы бұл қиындықтан қалай өтетіндігі толға­ндырып жүр. Министрлік қа­жетті шараларды ұйымдастырды ғой. Дегенмен, бала бәрібір мектеп партасында отырғандай сезіне алмайтыны тағы рас. Ата-ананың бәрі бірдей тәжірибелі  емес. Ашығын айту керек, қашықтан оқытуда біздің елдің тәжірибесі жоқ. Сондықтан осы бір індеттен басымыз аман, бауырымыз бүтін  құтылсақ  деймін…

Қорғаушымыз да, қуатымыз да, қолдаушымыз да, қамқоршымыз да болып табылатын  халқымыздың амандығы, еліміздің бүтіндігі ойландырады. Мен бақытты және ортақ мүддеге пайдалы болу үшін өмір сүргім келеді. Ғ.Мүсірепов айтқандай: бізге қарны тойса, қалғып кетпейтін ұрпақ керек. Отбасымның дұрыс бағытта дамуы, оң тәрбие алуы маңызды. Осыларды ойлаймын.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: