Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елдің болашағы алаңдатады

28.01.2021, 11:00 933

Алла тағала жаратқан сүйікті пенделер болатын болса, біздің түсінікте соның бірі – Ардақ Назаров. Бұл сөзімізбен спортшының жарнамасын асырып немесе дәрежесін дәріптеу ойымызда жоқ. Жай ғана кешегі төбелесі мен бүгінгі белең ісіне көңіл тойғандықтан айтамыз. Осы тұрғыда, халқының сүйікті ұлы, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Ардақ Назаровпен кездесіп, ел болашағы, халық руханияты жайында аз-кем пікір алмастық.

Ардақ  НАЗАРОВ,

Ережесіз  жекпе-жектен  әлем  чемпионы:

БАЗАРДА  АРБА  ИТЕРІП  АҚША  ТАПҚАН  КЕЗДЕР  БОЛДЫ

– Сенімен сұхбаттасатынымды естігендердің көбісі өзіңнің інің Бейбіт Назаровтың қайда екенін сұрауды өтінді. Шынында, Бейбіт қазір немен айналысуда?

– Мен Бейбіт ініме ризамын. Неге десеңіз, бала кезден бірге өстік. Тауға жүгірген кезде шаршап қалады. Себебі, ол кезде бар-жоғы 6-7 жастағы бала еді. Сонда қалтама салған конфетті көрсетіп, «Кәмпит беремін, жүре ғой» деп алдаңқы­ратамын. Жіппен артыма  байлап алып, таудың шыңына беттейтінмін. 100 метрдей көтерілген кезде өзіміздің отыратын жеріміз бар. Сонда отырып, кешегі тығып кеткен конфетті шығарып, бүгінгісін қайта тығып қоятынмын. Сөйтіп, әлгі конфеттің орнын көрсетіп, «Бикош, ертең осында қайта көтерілеміз. Сонда осы кәмпитті өзің жейтін боласың» деймін. Ол 80-жылдардың аяғы еді. Ол заманда бүгінгідей көп конфет жоқ. Тәтті жеуді армандайтын едік. Артымнан келе жатқан інімді солай жігерлендіргім келетін. Бейбіттің спортқа жақын болуы осыдан да шығар. Дегенмен, түрлі жарақаттың кесірінен спорттан үш рет қол үзуіне тура келді. Алайда жарақатынан жазылған сайын жарыстарға қайта түсіп, әлем чемпионы атағына дейін алып жүрді. Қазіргі таңда жаттығу үстінде. Арасында ауылға барып, үй шаруашылығына көмек беріп қайтатыны бар. Орда бұзар жасқа келді. Қырыққа дейін талай белесті бағындырады деген ойдамын. Жақын арада АҚШ-қа жол жүреміз. UFC-ге жол ашылса, соған шықпақ ойымыз бар. Әзірге бабы жақсы. Дегенмен, әлі де көп жұмыс істеу керек. Дайындықты одан әрі үдете түсеміз.

– Қазіргі жас спортшылардың барлығы дерлік өзіңе еліктеп, өзің сияқты болғысы келеді. Сенің дұрыс сөйлеп, өзіңді дұрыс ұстағаныңнан бөлек чемпион­дығыңа да қызығады. Жалпы, чемпион болудың жолы қандай? Бұл бақ па әлде бұйрық па?

– Мен тоқсаныншы жылдардың аяғында оқуымды бітіріп, диплом алдым. Содан соң, бір жыл жұмысқа тұра алмай бос жүрдім. Еркектің жұмыс­сыз қалуынан қиын дүние жоқ ғой. Ата-анама масыл болу оңай болған жоқ. Сол үшін мүмкін болған жұмыстың ешқайсысынан бас тартпадым. Базарға барып арба итердім, вокзалға барып жүк түсірдім. Сол қара жұмыс істеп жүрген күндері әр түн сайын неше түрлі ой маза бермейтін. «Үйдің үлкенімін. Өзімді асырай алмай жүргенде ертең бауырларыма қалай жәрдемдесем?» деген ойлар өзегімді өртеді. Ішімде «Өзімді оқыта алмасам да бауырларымды оқытайын» деген бауыр­малдық сезім бар. Сол сезіммен спортқа келдім. Ауылда да спорт үйірмелерінде жақсы нәтижелерге қол жеткізетінмін. Қолымнан бар келетіні сол ғана. Себебі, мен әнші емеспін, композитор болып, әуен жазу да қолымнан келмейді. Сол үшін төбелесіп болса да ақша табуды жөн көрдім. Ол кезде ешқандай сайыстарға шықпаған кезім. Алайда шешімім нақты болды. Қолыма бір сөмкені алып, спортзалдың жертөлесінде қонып, дайындалдым. Ең алғаш бапкеріме келген кезде «Етім де, сүйегім де – сіздікі. Өлтірсеңіз, өлтіріңіз. Тек мақсатыма жетуге көмектессеңіз болды. Чемпион болғым келеді» дедім. Сол кездегі бапкерім Сағатбек Мұсаханов мені 10 жыл дайындады. Сол 10 жылдың ішінде бір рет болса да «шаршадым» деген сөз аузымнан шыққан емес. Мақсатыма жету үшін барымды салдым. Құдайдың қалауы болар, мүмкін болған барлық жарыстан жеңдік. Ол кезде қазіргідей спортшыға көмектесетін неше түрлі дәрумендер жоқ. Тіпті Сағат ағай екеуміз Ресейдің Санкт-Петербург қаласына барып, төбелесу үшін ақшаны  қарызға  алатынбыз. Ұшаққа да ақша жоқ. Бес жарым күн жүрдек пойыз арқылы қатынауға тура келеді. Осындай түрлі сынақтардың арқасында келген жетістік ғой. Бүгінгі таңда Құдайға шүкір, спортшыларға мемлекет қарайласып жатыр. Жекелеген спортшылар да өзінше дамуда. Барлық жағдай жасалған.

– Демек, сізді алып шыққан жанкештілік пе?

– Биік мақсат алып шықты деп ойлаймын. Табандылық пен қайсарлық та бар. Жақсы ниетсіз де жетістікке жету мүмкін емес. Осы спортқа келгеніме шүкіршілік ете­мін. Алла тағаламен байланыста болғанымның арқасында жеткен жетістігім.

ҚАРСЫЛАСТАРЫМДЫ  ҰРУҒА  АЯЙТЫНМЫН

– Әлемге әйгілі аяқдопшы Криш­тиану Роналдудың бала кезінде арманы болған екен. «Футболды жақсы ойнап, тапқан ақшама анама бүтін көйлек алып берсем екен» деген. Өзің айтқан биік мақсаттың жемісі ғой…

– Менде  де  соған ұқсас оқиға болып еді.  2003  жылы  Қырғыз­станда өткен жарыста жеңімпаз болып, Азия чемпионы атандым. Сонда Қордайдағы кеден басшысы маған «спорттық киім аласың» деп 200 доллар берді. Өмірімде долларды алғашқы рет ұстағаным сол кез еді. Ақшаны қойныма қысып, базарға барып, үлкен  теледидар алдым. Сол бойда ауылға бет алып, таңнан кешке дейін Нарынқолға жол жүріп, кешкісін үйге келіп  теле­дидарды ашқан   кезде   бауыр­ларым қатты қуа­нып еді. «Енді біздің үйде теле­дидар болатын болды» деп атой салып жүгірді. Сол кезде іштей «Бауыр­ларыңды қуантқан қандай керемет. Әке-шешеңді разы қылған неткен   жақсы  еді!»  деп  одан  әрі жігер­лене  түстім. Соларды қайта қуанышқа кенелту үшін еңбектеніп, соның арқасында жеткен жетіс­тіктер ғой. Ата-анам қуанған сайын кеудемде от пайда болатын. Қанша қиналсам  да  соларды  тағы  бір  рет  қуандырсам деп жүрдім. Осы уақытқа дейін сынбаған, жарақат алмаған  жерім жоқ. Бірақ, қайту ойда болған жоқ. Байқасаңыз, әр қарсыла­сымның шеберлігі менен асып түсетін. Деген­мен, солардың соққысы қисық өтіп кетіп немесе  бір болмашы қателікке ұрынып, менен  жеңіліп  жатты.   Соның барлығы Алланың қалауымен болды деп ойлаймын. Себебі, мен сайыстарға ешқашан дәретсіз шық­пайтынмын. Әр төбелес сайын намазымды оқып,  «Фатиха» мен «Аятәл-Күрси»  сүресін  оқып шығамын. Жекпе-жек барысында қарсыласыма да аяушылық білдіретін едім. «Бір жері жазым болмаса екен» деп тілей­тінмін. Себебі, оның да анасы, жақындары үйінде күтіп отыр.

БІЗ  ҰРПАҚ  ТӘРБИЕЛЕУІМІЗ  КЕРЕК

– Біз – қазақпыз. Парасатты елдің ұрпағымыз. Өнердің түр-түрі бар. Бірақ арасында «сол құндылықтарымызды ластап жатқан жоқпыз ба?» деген ой пайда болады. Бұған көз­қарасыңыз  қалай?

– Қазір барлығымызды алаңдататыны – елдің болашағы. «Қайт­сек, ел боламыз?» деген сауал ғасырлар бойы бабаларымыздың санасында болып еді. Енді біз де сол сауалға жауап іздеудеміз. «Қазақ қазақ болғалы, қазақ атқа қонғалы не көрмеді бұл елім» деп кешегі Сүйінбай айтқандай, ғасырлар бойы небір нәубетті басымыздан өткердік. Ел болып, етек-жеңімізді жиған кезде, «енді алға қадамды қалай басамыз?» деп ойланған кезде, жас ұрпақтың кей құндылықты аяққа таптауы – үлкен сын. Бүгінгі сахнада біздер орнықтық. Біз кешігетін болсақ, біз осы кезде жылы көрпеге оранып жатсақ, ертеңіміз опық жейді. Ұрпақтың алдында қарабет боламыз. Ұрпақты көтеру үшін бір-ақ нәрсе керек. Ол – ер-азаматтың ар-намысы мен ақыл-есінің биік болуы. Ер-азамат бүтін болмай, бұл қоғам ешқашан түзелмейді. Хандық кезеңде, үш жүздің басы қосылмай тұрған заманда Абылай аталарымыз да ұйықтамай, аттың үстінде жаумен арпалысты. Бүкіл ел қазаққа қарсы шапқанда өз туғанынан артығын таппай, сонда ғана қалың ел бірігіп, үш жүздің  басы  қосылды. Талай би-шешендер зар  болып, басын қоса алмаған қазақтың басы сонда ғана бір  шатырдың  астына  жиылды. Соның барлығын батыр бабаларымыз­дың ерен еңбегінің, ұйқысыз түндерінің арқасы деп білемін.

Бірде Омбыдан үлкен қару-жарақ тиелген керуен шығады. Керуен басында Карл Миллер тұр. Егер олар қонтайшы Қалдан Серенге жететін болса, қазақты қынадай қыруға жақын. Сонда Төле бидің тапсырмасымен Қойгелді батыр Қаратауды алты орап, әрбір 100 метр сайын жігіттерін қойып, 40 күн бойына ат үстінен түспеген. Құрангердің басында қамшыны тақап бір мызғыған кезде бір түстік ұйқы келеді екен. Біршама уақыт өткен соң, Карл Миллер бастаған керуен келеді. Сонда батыр керуен басшысына қарап тұрып, «кімсіңдер?» деп сұрақ қояды. Сонда әлгі Карл Миллер деген елші ұзын хатын шығарып, «Менің қолымда Екатерина Иоанновнаның хаты тұр. Одан бөлек, кіші жүздің ханы Әбілқайыр мен Қалдан Сереннің де рұқсат хаты бар. Алдымнан тұрыңдар» деген екен. Әлгі керуен ішінде Қойгелді батырдың жансыз­дары болса керек, солар жиналған жүкті қылыштарымен босатып жібергенде мылтықтар сау ете қалып, шашылған екен. Оны көріп, көзі жеткен соң, батыр барлығын қырып салып, Карл Миллерді ғана аман  алып  қалады.  Кейіннен  ол Ресей патшалығына барып, арызданып Қойгелдіні соттауды сұраған көрінеді. Содан соң, үлкен сот бола­ды. Онда түрлі соттар мен билер жина­лып, Орта Азиядағы түркі халық­тарының басы бірігеді. Барлығы Қойгелдіні соттау үшін жиналған. Сонда отырған Қойгелді белінде тұрған қылышын шықылдатып отырады. Карл Миллер болса, оны қарақшыға балап, соттауды сұрайды. Оны жұмсаған Төле би Қойгелдіні барынша аман ұстап қалуға тырысады. Сөйтіп отырып, Төле би Қойгелдіні сот үстінде өзі сынай бастайды. «Сенген ерім сен болсаң» деп біраз жерге жеткізеді да, қаза тапқан әр адамның басына 100 жылқыдан және қару-жарақтың бар шығынын толық өтеуді талап етеді. Сөйтіп, сол жерде отырып барлығын төлеп, Қойгелдіні аман алып қалады. Алайда сол кездегі Қойгелді тәркілеген мылтықтар Аңырақай шайқасында көптеген көмек тигізіп, қаншама қазақтың жанын аман алып қалған. Сонда отырып, Төле би Қойгелдіге разылығын білдіріп, батасын берген екен. Сол үш би Қойгелді секілді батырдың тәрбиеленіп шығуына тікелей атсалысып, бар өмірін сарп еткен. «Ол заманда неге батырлар көп?» десеңіз, ол кездегі аталар ұйық­тамай ұрпақ тәрбиеледі. Қалдан Серенмен келісімге отырғанда Төле би 15 жылға өз баласын кепілдікке беріп, жыл сайын қалмақтарға пұл төлеп отырған. Алайда сол өткен 15 жыл бойы құр жатпай ұрпақ тәрбиелеген. Дәл сол саясат бізге қазір ауадай қажет. Қазір бізде тыныштық пен бейбітшілік бар. Бірақ, оның қадірін білетін қазақ жоқ. Біз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Жастарға иман мен білімді қатар сіңдіру керек. Ол екеуі бар жерде ақыл болады. Ақыл болған жерде парасат болады. Парасат болған жерде жігер мен намыс болады. Қазақтың жігітімін дейтін әрбір адам елге қызмет етуі керек. Басқаларға өнеге бола алмаса да, өзін түзу жолға сала білу қажет. Барлық жаман әдетінен арылған жөн. Сен бір клубта билеп жүрсең, сенің қарындасың екінші бір клубта билеп жүреді. Себебі, сен намыссыз­сың. Намыссыз ағасың. Өзіңе, өз бауыр­ларыңа тәрбие бере алмағансың. Бұл – үлкен қасірет. Біз қазір жақсы өмір сүріп жатырмыз. Ал келесілер ше? Олар не істейді? Олар қалай өмір  сүрмек?

«ADAL»  –  ТАЗА  ПАРТИЯ

– Саясат біздің өмірімізбен тікелей баланысты. Екеуміз де саясатты көрдік. Бұл өзі болатын дүние ме әлде болмайтын дүние ме?

– Осы уақытқа дейін екі партияға шақырған. Осы үшінші рет ша­қырғанда айналамдағы жақын адамдарыммен ақылдаса бастадым. Ғалым кісілермен ақылдастым. Барлығы қолдады. Бірақ, ең алдымен Құдайдан қайырын тіледік. Сөйтіп, «ADAL»  партиясын жаңадан құрдық. Ол – әлі сайлауға қатыспаған жас партия. Таза партия. Әр салада жүрген азаматтар Алланы аузымыз­ға алып, тәуекелге бел будық. Біз онда дүние қуып барған жоқпыз. Елге қызмет етсек дедік. Алайда өтпей қалдық. Бірақ, оған өкініш жоқ. Керісінше, өтпей қалғанымыз­ға қуан­дым. Бәлкім, менің осылай жүргенім қайырлы шығар? Арқаны кеңге салып, жастармен жұмыс істеген, шәкірт тәрбиелеген қайырлы болар? Әр нәрсенің өз кезегі болады. Қазір барлығы саясатты жек көреді. «Онда неге барасың, ол жер сені бұзады ғой» дейді. Бірақ, сен бармасаң, мен бармасам, онда кім барады? Кім барып саясатты түзейтін болады? Жақсы адамдар бару керек. Жақсы жігіттер отыру керек. Біз бәйгеге түстік. Алайда өте алмадық. Мен бұған еш өкінбеймін. Мұның да қайыры бар.

– Сұхбаттасқаныңызға  рақмет!

Әңгімелескен 

Амангелді  СЕЙІТХАН

Сұхбатты  қағазға  түсірген

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: