«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.05 (0)

  • EUR: 509.29 (0)

  • RUB: 5.58 (0)

«Қасқырлар» «ұлыған» күн

18.09.2020, 17:40 317 1

Жанкүйер жанайқайы

HALYQLINE.KZ Жергілікті «Қайсар» футбол клубы өткен жылы Қазақстан кубогын жеңіп алғаннан кейін-ақ, Еуропа лигасын асыға күттік. Ойыны жүйеленіп қалған футболшыларымызды Еуропа додасында үлкен жетістікке жетеді деп сендік. Қарсыласы азулы команда «АПОЭЛ» болғанымен, ойын өрнегі келіскен командамыз жеңіп қалар деп үміттендік. Шынында кипрлік команда соңғы маусымда біршама сүреңсіз ойын көрсетіп келе жатқандықтан, бұл мүмкін болардай көрінген. Тарихи матчты «Қайсар» жанкүйерлері ғана емес, еліміздегі барлық футболсүйер қауым асыға күтті. «Қасқырлар» әлі барша Еуропаны таңғалдырады» деді. Оның үстіне кездесу Қазақстанда өтетін болған соң, жеңіске деген сенім өрши түсті.

Уақыт өтті, көптің назарын аударған матчтың да күні жетті. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионында өткен доп додасы басталысымен-ақ, кипрліктер ойынды өз қолына алды. Жиі шабуылдап, командамызды айып алаңына тықсырды. Дегенмен, «қасқырлар» бұрыннан көп шабуылдамайтын, қорғанысқа мығым команда болғандықтан, бұған қатты мазаланбадық. Шабуылмен қатты әуестеніп кеткен «АПОЭЛ» ойыншылары қорғанысты бір мезетке ұмыт қалдырып еді, алаң иелері оны дереу пайдаланып, 6-минутта Лобжанидзе гол соқты. Асхат Тағыберген қарсыластар қақпасына жойқын соққы жасап, кипрлік қақпашыны есеңгіретіп тастады. Осы сәтті тиімді пайдаланған грузиялық шабуылшы допты ашық қақпаға енгізе салды. Күтпеген жерден гол жіберіп алған қарсыластар шабуылды үдете түсті. Еурокубоктегі алғашқы матчы болған соң ба, «Қайсар» ойыншыларында қобалжу басым болды. Онысы алаңдағы жасаған икемсіз қимылдарынан анық байқалады. Осылайша, қобалжып жүріп, командамыз көп ұзамай 15-минутта гол жіберіп алды. Артынан шабуылын тоқтатпаған кипрліктер 25-минутта есепті еселеп, 48-минутта тіптен үшінші голын соқты.

Дегенмен, қызылордалықтарда мүмкіндік әлі де бар еді. Себебі, қосалқы құрамда Артур Режиналдо, Элвин Фортес секілді шабуылдың қас шеберлері отырған болатын. Соларды ойын барысында алаңдағы «дәм-тұзы» кете бастаған Александр Колев, т.б. ойыншылармен ауыстырады деген үміт болған. Алайда Стойчо Младенов алаңға Александр Станисавлевичті шығаруды жөн көрді. Тәжірибелі жартылай қорғаушы шынында ойынға жаңа дем беріп, қайсарлықтар ойынды ширата бастады. Ендігі тұста жанкүйерлер «жұмбақ» шабуылшы Элвин Фортесті асыға күтті. Әлеуметтік желідегі парақшада осы тектес пікірлерді көзіміз көп шалып қалды. Бірақ, алаңда күмәнді жағдайлар орын ала бастады. Шабуылды арттыру керек болған кезде бапкер алаңға Марк Гурманды шығарды. Көбіне, қорғанысқа жауап беретін бұл жартылай қорғаушы алаңдағы командамыздың лидері Асхат Тағыбергенді ауыстырды. Одан кейін тіптен, Ілияс Әмірсейтовтың орнына, дәл сол позицияға Дінмұхаммед Кашкен шықты. Осылайша, ойынның соңғы минутында «Қайсар» төртінші голын жіберді. «Қасқырлардың» Еуропадағы жорығы осымен аяқталды.


Райымбек СЕРІК, жанкүйер:

Жалпы, ойын басталмай тұрып, Еуропа лигасын өз басым мүлде сезіне алмадым жəне тамашалауға да қызығушылығым болмай жүрген. Себебі жанкүйерсіз ойын, бір жағынан, өзге қаланың стадионында ойнадық. Иə, расымен Сыр елі сенімін арқалаушы футбол клубы ол тек «Қайсар» екені анық, одан бөлек алғаш рет Еуро жорыққа аттанған үкілеген үмітіміз болатын. Ол арман да орындалды, алғашқы қарсыласымыз – Еуропа алаңдарында тұрақты өнер көрсетіп жүрген кипрлік «АПОЭЛ». Тəжірибесі өте мол ұжым, тіпті 2012 жылы УЕФА Чемпиондар Лигасының 1/4 финалына дейін жетіп, корольдік клуб «Реалға» жол беріп, жарыс жолын тоқтатқан. Ал ойынға келер болсақ, ҚПЛ деңгейіндегі матч болды, құдды бір «Астана» мен «Оқжетпес» ойнағандай əсер қалдырды. Сондықтан тіркелген есепті заңды деп есептеймін. Негізгі қателік Младенов бапкердің тарапынан болды. Болгариялық маманды біліксіз демеймін, олай айтуға аузым да бармайды. Дегенмен, кешегі ойында біздің бірінші лиганың деңгейіндегі емес ойыншыларды шығарды, бір шығарып қоя салса түсінеміз ғой, бірнеше рет тұрақты ойнатып жүр. Атап өтсек, Колев, Рейжиналдо, жəне отандасымыз, жасы келіп, күші қайтқан Гурманды неге бастапқы минуттардан ойната береді? Бұл тек ғана менің пікірім емес, жаны ашитын барша жанкүйерлер де осы пікірді жазып, əлеуметтік желіні шулатып жүр. Жалпы, биылғы трансфер менің көңілімнен шықпады. Тым болмаса, Абдель Азиз Ламанжды сақтап қалуымыз қажет еді. Бұл «Қайсардың» басты қателігі болды. «Қайсар» жастарға көңіл бөледі деуші едік, бірақ көзінде оты бар Шоқан, Өркен секілді жерлестерімізді қашанғы қосалқыда сақтап отыра береміз?» деген жауабы жоқ сұрақтарды қоя беріп шаршадық.


Әрине, әлемдегі бірінші спорт түрі болғандықтан, алаңда әртүрлі жағдайлар болады. Жеңіліс пен жеңіс қатар жүретіні тағы бар. Дегенмен, ел үмітін арқалаған футболшыларымыздың бұлай сүреңсіз ойнауына келесіде жол бермеуіміз қажет. Ойыншыларға алаңда нақты бір тапсырма берілмегендей. Ойын барысында капитандық қызметтің өзі 2 мәрте ауысты. Бірінші Асхат Тағыберген ойыннан кетіп бара жатып, Ілияс Әмірсейтовке қалдырса, бірнеше минуттан соң Ілияс та ауыстырылып, тізгінді Александр Марочкинге қалдырды. Бұл оқиғаның қызығы сол, алаңда соңғы минутта капитандық қызметін атқарған Александр Марочкин «Қайсар» ойыншысы емес. Естеріңізде болса, өткен трансферлік маусымда «Тобылға» ауысқан болатын. Кейіннен қызылордалықтар ойыншыны жалға алды. Осындай жауапты матчта аса маңызды рөл атқаратын капитандық қызмет осылайша «әркімнің» қолында кетті.

Енді өткен ойыннан сабақ алып, қателіктермен жұмыс істеу қажет. Қазақстан Премьер-лигасында жақсы өнер көрсетіп, Еуропа лигасына қайтадан қатысу мүмкіндігін жеңіп алуға тырысу керек. Ал, біз футболшыларымызға сәттілік тілеп, алдағы болатын ойындарға жанкүйерлік танытайық.

Бекзат АМАНОВ

Пікірлер:
  • Қарсыластардың мықты тәжірибелі команда екенін ескере отырып Қайсарлықтарға жақсы алға ілгері бастау болды.Әрине біз жанкүйерлер мойымаймыз,дода тек жеңістерден тұрмайды.Біздің әлі жеңіске жететін күн алыс емес!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: