«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 422.87 (-2.62)

  • EUR: 512.1 (-0.74)

  • RUB: 5.63 (0)

Қайсар рухты Қайрат

05.09.2020, 17:00 161 0

HALYQLINE.KZ Қайрат Рысқұлбековтің түрмеде отырып, анасына, туған-туыстарына жазған хаты кім-кімді де болса терең толғанысқа, тебіреніске қалдырары сөзсіз.

Хатта: «…Иә, мен сiздерден еш жасырмаймын, мен 18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшiлiкпен бiрге. Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Тек ғана, ол жерге барған себебiм, бар мақсатым, бiрiншiден, ол жерде не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды.

Екiншiден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып «күл болмасаң, бүл бол» деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi.

Ер қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспiн, Құдайға шүкiршiлiк, менiң де көркейген кеудемде нағыз ерге лайық «намыс» баршылық. Оның үстiне «қыздың жолы жiңiшке» деген. Менiң түсiнiгiмше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың, хайуандардың еркегi де ұрғашысына мүйiз я болмаса тұяғын көтермейдi.

Ал, бiз бәрiмiз де аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтерiп, қол жұмсауға тиiс емес, әуелi еш «правосы» жоқ. Мiне, қысқаша айтқанда, осындай түсiнiкпен, әйел затына ер болып өз қолұшымды берiп, көмектесуге, оларды арашалап-қорғау үшiн барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бiр көмегiмдi бергенiм де рас. Ол үшiн әлi күнге дейiн еш өкiнбеймiн, керiсiнше, үлкен мақтаныш тұтамын.

Бiрақ та, бiр Құдай өзi куә, адам баласын еш өлтiргенiм жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзi, сормаңдай менiң қолымнан келмейдi. Еш уақытта, ешқашан да…

Ал, әйел затына айуандықпен қол көтерiп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегенi үшiн бiр милицияны ұрып-соққаным өте рас. Ол адам күнi бүгiнге дейiн аман-есен зыр жүгiрiп жүр. Өз қолыммен жасаған бар терiс қылық, бар қылмысым осы ғана» деп жазылған.

Ғұмыры қысқа болса да Қайрат қазақ халқының санасында туған ұлтының азаттығы, тәуелсіздігі жолында қандай батыл қадамға болса да баруға қабілетті, ержүрек азамат ретінде сақталып қалды. Қ.Рысқұлбеков сынды батыр ұлдарымыздың есімдері туған еліміз аман тұрғанда Тәуелсіздігімізбен бірге жасай бермек.

«Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар, 

Қасқалдақтай қаным бар, 

Бозторғайдай жаным бар. 

Алам десең, алыңдар. 

Қайрат деген атым бар, 

Қазақ деген затым бар,

Еркек тоқты құрбандық.

Атам десең атыңдар!» – деп сот үкімін қасқайып қарсы алған өр тұлғалы Қ.Рысқұлбеков қылышынан қан тамған қызыл империяның сан қилы қияңкескі әрекетін осы бір ауыз өлеңінің рухымен таптап тастаған тәрізді көрінеді де тұрады…

Әлеуметтік желіден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: