«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.59 (-2.48)

  • EUR: 505.43 (-2.18)

  • RUB: 5.61 (-0.01)

Әмірхан Бәкірұлы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі: «Мені репрессияның ауқымы таңғалдырды»

01.02.2020, 9:37 503 0

Тарих – өмірдің әрбір сәтін жадына сақтап, керек кезінде «ақтара» алатын қазынасы сарқылмас дүние. Біздің де әр уақытымыз сол дүниеге қарап бүгінгіні бағалап, өткенді ескеріп, келешекке қамданумен өтіп жатыр. Бір қызығы, осы тарих болмаса біз өткенді ұлықтар ма едік?! Жоқ, әрине. Өйткені біз көрмеген дәуренді еске кім салады дейсің?! Кейде тарих қойнауына сүңгіп кеткің келеді. Бүкпесіз шындықтар, бүктемесіз оқиғалар, барлығы дерлік соның еншісінде. Бүгін сол сарғыш тартып, көнерген қағаздар тағы бір шындықтың бетін ашты десек қате айтқандық емес. Жазықсыз жазаланған арда азаматтар мен зар заманның зұлмат зұлымдығына тап болған Алаш зиялылары бертін келе ақталса да, «қан жұтқан» қара жер оларды еске салмай тұрмайды. Осы ретте бір сәт кері шегініп, өткенге көз жүгірту мақсатында құқық қорғау органдарында қызмет етіп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы қызметін атқарған, отставкадағы полковник Әмірхан Бәкірұлын әңгімеге тартқан едік.

 – «Қызыл тарихтың» бетін парақтап көрейік… Ықылымнан қазақ халқының басына төнген нәубет жылдарды кейде солақай саясаттың «жемісі» ме деп қаламыз…

 – Қазақтың сайын даласының қай қырына, қай бұрышына зер салсаң да, тарихтың ізі «сайрап» жатыр. Сонау жылдардағы жүргізілген мемлекеттік идеология мәселесінде біраз шикіліктің болғаны рас. Ауыр күйзеліске ұшыраған елдегі ахуал да мәз емес-ті. Аштықтан бұратылып, соғыстан көз ашпаған. Сол себепті де елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай әлсіз күйге түскен.

Сол кездің өзінде саясатты қолдаған, белсенді азаматтар болды. Алашордаға қарсылығын танытқандар да жоқ емес. Бұл тақырыпты жазғанда тек сабақ ретінде ұсынуымыз керек. С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Ә.Бөкейханов, солардың барлығы революцияға қарсы өз ойларын айтты.

Қауіпсіздік органдарының мәліметтеріне қарағанда, Голощекин бастаған республика басшылары үш жылға жоспарланған ұжымдастыруды Қазақстанда бір жылда аяқтауға бар күштерін салған. Тіпті, Ресей жеке шаруаларын 10 пайызға ұжымдастырған кезде Қазақстанда бұл жұмысты 64 пайызға орындаған. Әрине, «революция шығынсыз болмайды» деген қағиданы ұстанған партия басшылары ұжымдастыру кезінде «репрессия машинасына» кеңінен сүйенген. Тек, 1930 жылы Қазақстандағы біріккен саяси бас басқармасымен 4970 қылмыстық іс қозғалып, 17839 шаруа адамдары жауапқа тартылған. Осы мәселелерге келіспеген ұлтшыл азаматтар Сталинге хат жазады. Алайда «Халық жауы» деп олардың өздерін айыптап, іздеріне түсіп алады.

 – Жалпы, қазақтың тарихына толықтай тоқталмай, көз жүгіртіп өте шыққанның өзінде берідегі 1916-18 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс, 1921-22 жылдардағы алғашқы ашаршылық, 1923-25 жылдардағы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, 1928 жылдардағы конфискация, 1930-33 жылдардағы екінші ашаршылық, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін секілді соқтықпалы соқпақтан аман қалған қазақ 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында жеңіске жетіп барып, әлемді мойындатқандай… Қазақтарды бас көтертпей, төпей беруінің себебі саясатпен байланысты болды ма?

 – 1929-1931 жылдар аралығында Қазақстан жерінде ұзын-ырғасы екі мыңға жуық халық толқулары болған. Бірқатар толқу шарасы асқына келе Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілістерге ұласқан. Бұл көтерілістердің негізгі себептері – ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, орташалары, кейде тіпті кедейлерді де «кулактар» қатарына жатқызу, жұртты мал-мүліктерінен айыру және дінге тыйым салу еді. Кеңес өкіметінің осындай авантюристік шараларына Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында халық наразылық білдіріп, жаппай бас көтерулер мен толқулар орын алды. Қызылорда аймағының өзінде 30-жылдардың бас кезінде оннан астам қарулы ірі көтерілістер болған. Бұл көтерілістерге «антикеңестік» деген баға берілген жоқ, Кеңес өкіметі оларды «банда» қатарына жатқызып, Қылмыстық Кодекстің аясында аяусыз жазалады. Тергеу істерін «Ақмырза бандасы», «Калетов бандасы», «Иімбетов бандасы» деп атаған.

Қазақстандағы Біріккен саяси бас басқармасының мәліметі бойынша 1931-1933 жылдар аралығында 2 миллион қазақ және 200-250 мыңға жуық басқа ұлт өкілдері қаза болған көрінеді. Әрине, бұл – болжам.

  • Биыл – 1937-1938 жылдардағы репрессия тарихи оқиғасына 80 жыл. Бертін келе бірсыпырасы ақталды. Жаппай қазақ интелеллигенцияларын асу, ату жазасына кесуге не себеп болды?

 – Қазақ халқының тарихында отызыншы жылдардағы сталиндік қанды террор мен жаппай репрессия мәңгілікке өшпестей таңба қалдырды. Сондағы зұлымдықтың салдарынан халқымыздың көптеген аяулы адамдары жазықсыз жазаланды. Бірсыпырасы соттан тыс «екілік», «үштік», «айрықша кеңес» дегендердің үкімімен атылып кетті. Өзгелері бас бостандығынан айрылып, жер бетін қаптаған ОГПУ-НКВД органдарының қарамағындағы тұтқындар ұстайтын лагерьлеріне жөнелтілді. Олардың басым көпшілігіне тағдыр елге оралуды жазбады. Жазасын өтеп жүрген жерлерінде бастарына түскен азапқа шыдамай қаза тапты.

1972-1976 жылдары прокуратура органдарында қызмет атқардым. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ауыстым, басқарма бастығы қызметін атқардым. (Қазір запастағы полковник – ред.). Билікке Голощекин келіп, 1989 жылдары репрессияға ұшырағандарды жаппай ақтау жұмыстары басталды. Бұл іске мені де қатыстырды. Бірінші рет репрессия материалдарымен таныса бастадым. Құжаттарды зерделегенде үш нәрсе таңғалдырды: репрессияның ауқымы, яғни репрессияға тартылған адамдардың көптігі. Екіншісі, жауапқа тартылғандардың 40 пайызы – сауатсыз шаруа адамдары. (Олар тіпті не үшін жазаға тартылып жатқандарын түсінген де жоқ). Соңғысы, халықтың бір-біріне жазған арыз-шағымның көптігі таңғалдырды. Контрреволюциялық қылмыс құжаттарының өзін үшке бөлуге болады: бірінші, жекешелендіру кезіндегі шаруалардың жауапқа тартылуы; екіншісі, қазақ ұлтшылдарының ісі; үшіншісі, соғыстан кейінгі жылдардағы «отанға опасыздық жасау» дерегі.

  • Мирзоянның Сталинге жолдаған «Аса құпия» хаты туралы бірер сөз…

 – Голощекин биліктен кеткеннен кейін оның орнына Мирзоян келді. Халық Голощекиннің кем-кетігін дұрыстап жатыр деп қуанған халықтың үміті өкінішке орай ақталмады. 1937 жылдың 2 желтоқсанында «аса құпия» деген таңбамен Қазақстан үкіметін басқарып отырған Л.Мирзоян Сталинге хат жолдайды. Онда ол «қоғамға жат элементтерді тазалау үшін» 1600 адамды атуға лимит сұраған. Сол хаттан кейін қазақ интеллигенциясының ірі қаймақтары атылып, сотталған. Жүсiпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейiмбет Майлин, Темiрбек Жүргенов, Әлiбек Қоңыратбаев, Смағұл Садуақасов, Ахмет Бiрiмжанов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзiр Төреқұлов, Ыдырыс Мұстамбаев, Бiләл Сүлеев, Мырзағазы Есболов, Абдолла Асылбеков, Әбдiрахман Айсарин, Сейiтқали Меңдешев, Жалау Мыңбаев, Халел Ғаббасов, Ілияс Жансүгіров, тағысын тағы жалғаса береді. Ал Голощекин болса, өзі басқарып тұрған тұста керісінше, Сталинге қазақтардың азайып бара жатқандығына қынжылып хат жолдаған көрінеді.

 – Атылған азаматтардың ұлттық құрамына назар аударсақ, қазаға ұшыраған 631 адамның 70-75 пайызы қазақ интеллигенциялары екен. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын қайраткер ұлдарынан айырылғаннан кейін оның ұлттық интеллектісі мен күш-қуаты төмендейтіні анық. Көздеген мақсаттары осы ма?

 – Қазақстанда ең алғашқы репрессиялық жұмыстар 1932 жылы Алматы қаласында орын алды. Сондағы «Крестьянская партия Казахстана» деген партиядан 20 адам жауапқа тартылды. Одан кейін 1933 жылы контрреволюциялық ұлтшыл байлардың «Джайлас» ұйымы жойылды. Бұл ұйымнан 53 адам жауапқа тартылып, оның 12-сі ату жазасына кесілді. Ең алғаш рет осылай басталған.

 – Біз ойлаймыз ғой, репрессия тек 1937-38 жылдары орын алды деп. Демек, мұның түп-тамыры әріде болған ба?

 – Иә, бұл 1925 жылы Сталиннің Қазақстанның бірінші хатшысы Мамиашвлиге жолдаған хатынан басталған. Онда ол «Шетелдегі Мұстафа Шоқайдың басып жатқан еңбектері «Ақ жол» газетінен алынған. Сондықтан осы басылымдағы интеллигенцияның барлығын назарға алыңдар» деп мәлімдейді. Осыдан бастап, ұлтшылдарды, мемлекетке қарсы келгендердің барлығын тізімге алып, профилактикалық шара ұйымдастыру қолға алынады. Сондай-ақ, әйгілі сатирик А.Тоқмағамбетовтің де үстінен баспахананың терімшісі «өлеңінде халық жауының есімі аталған» деп арыз жазып жіберген. Содан ол кісіні НКВД шақырып алып, жауапқа тартады. Содан Қызылордаға жол түсіріп, Алматыға қайта аяқ баспаған. Аман қалудың бір жолы да – осы.

Ұжымдастыру кезінде де «бұл жұмыс дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ» деп наразылық білдірген Т.Рысқұлов, О.Жандосовтар да осы жазадан қашып құтыла алмады. ҰҚҚ мұрағатында 4234 адамға қатысты 2543 қылмыстық істің құжаты сақтаулы. Бүгінде 3732 адамның ісі қайта қаралған. Қалғандары өңдеуден бас тартқандар немесе ҚР Бас прокуратурасының қарауында.

 – Саяси репрессияның 1937-1938 жылдардағы толқынында қаза тапқан, ақын-жазушылардың басым бөлігі Қазан төңкерісіне дейінгі жылдарда қызмет еткен интеллигенция өкілдері еді. Олардың кей еңбектері де ұшты-күйлі жоғалды. Репрессия құрбандарының құнды мұралары жаңа дәуірге қалай жетті?

 – Отызыншы жылдары саяси желеумен қуғын-сүргінге ұшыраған қаншама танымал тұлғалардың есімдері кешегі жариялыққа дейін аталмай, мұралары жарыққа шықпай келеді. Осындай тұлғалардың бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы, атақты батыр, ақын және сазгер. (Халық арасында кеңінен таралған «Сарыарқа» әнінің өзі не тұрады!). Деректерге қарағанда оның соңынан мол мұра қалған екен. Өкінішке қарай, «Халық жауы» атанып, еңбектері кезінде халыққа ұсынылмаған. Соңғы жылдары ғана әдебиетшілер мен тарихшылар Иманжүсіптің жазбаларын жинақтап, жарыққа шығара бастады. 2001 жылы «Жазушы» баспасынан ақынның екі томдық кітабы шықты. Жазушылар Оразбек Сәрсенбаев, Ғабдол Сланов және басқалары оған шығармаларын арнады. Ол жайында ағайынды Қалжан және Әуелбек Қоңыратбаевтар, Мұхтар Әуезов, Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов сияқты белгілі азаматтар өздерінің естеліктерін қалдырды. Осындай қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты мол мұраны ғибрат еткен белгілі тұлға Кеңес үкіметі тұсында неге жазықты болды? Бұл да – солақай саясаттың нәтижесі.

Солақай саясаттың дәурені жүрген өткен ғасырдың 30-50-жылдары қуғынға ұшырағандардың басым көпшілігі антикеңестік үгіт пен насихат жүргізгені үшін айыпталған екен. Сол кездегі мемлекет саясаты адамдарды бір бағытқа бағындырып, олардан ойсыз орындаушылықты талап еткен. Болып жатқан жағдайларға ресми көзқарастан өзгеше баға бергендер табанда жазаланып отырған. Бұл солақай саясаттан ғылыми шығармашылық саласында қызмет атқарып жүрген зиялы адамдар көбірек қасірет шеккен. Олар «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген таңбамен қуғын-сүргінге түсіп, бірсыпырасы жазықсыз атылып, қалғандары лагерьге жіберілген немесе жер аударылған. Көбісінің еңбектері сақталған жоқ. Ал сақталған еңбектер – репрессияға дейінгі жылдары баспасөз беттерінде жарық көргендер мен авторлардың тығып ұстаған шығармалары.

  • Тағы бір мәселенің шеті, қылышынан қан тамып тұрған солақай саясаттың сойылы соғылып тұрған сәттерде өмір сүрген Алаш зиялылары мен ардақтыларының жеке бастарына қатысты тың деректер көп жарияланып жүр. «Атылды» деген ақын-жазушылардың да «жұмбақ өлімі» тарихты «томпайтып» тұр. Өлімі бұрмаланған жапа шегушілер туралы айтыңызшы.
  • Сол кездегі қатаң тәртіп пен ережелерге сәйкес әрбір бұйрық, тапсырма мүлтіксіз орындалған. Саясаттың құрбаны болған адамдардың өлім дерегі бұрмаланған, бірақ, датасы сақталған. Ізінен іздеп келген жақындарына «ішкі кеселден көз жұмды», «жазасын өтеп жүріп ауыр науқасқа шалдығып, содан қаза тапты» деген секілді жалған хабарлармен алмастырып отырған. Ал, кейбір ақын-жазушыларға қатысты, «өлді дегеннен кейін осынша жыл өмір сүріпті», «атылды дегеннен кейін шойынжолда жұмыс жасапты», «Пәленшені көргендер бар екен» деген әңгімелердің барлығы жалған. Өйткені НКВД ешқашан сандық жағынан жалған факт тапсырмайды. Және әрбір атылған адамды растайтын арнайы АКТ толтырып отырған. Онда жазалау кезінде органның қандай қызметкерлері болды, кімдер атылды, қашан атылды, уақыты, қай жерге көмілді деген секілді нақты мәліметтер баяндалып, тиісті органдарға жолдап отырған.
  • «Тарих өзі жұтқан құрбандарын өзі ақтап алады» дегенге сенесіз бе?
  • Тарих – ол тарих. Ондағы оқиғалар өз орнымен тұра береді, қозғалмайды. Ол өздігінен ешнәрсе жасай алмайды. Тек адамдар жазықсыз жапа шеккен құрбандарын ақтап алуға ұмтылу үшін нәтижелі жұмыс жүргізуі керек.
  • Уақыт бөліп, тың деректер ұсынғаныңызға рақмет!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: