Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада «Еріктілер жылы» қорытындыланды

10.12.2020, 16:55 490

HALYQLINE.KZ

Азаматтық қоғамның беделін көтеріп, жастарды жақсылыққа тәрбиелеудің жарқын үлгісі ретінде 2020 жылды ел президенті Қ.Тоқаев «Еріктілер жылы» деп жариялады. Азаматтардың, әсіресе жастар мен оқушылардың еріктілікке қатысу аясын кеңейтіп, өмірлік ұстанымдарға қатысты дағдысын қалыптастыру маңызды міндет санатында.

Апта басында «Еріктілер жылының» жабылу салтанаты республикалық деңгейде өтті.

 – «Birgemiz» жалпыұлттық бастамасы аз ғана уақытта көптеген мейірімді отандасымызды жұдырықтай жұмылдырды. Олар осындай қиын кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Аталған бастама аясында «Qamqor», «Saulyq», «Sabaqtastyq» жобалары жүзеге асырылып, жүз мыңдаған тұрғынға көмек көрсетілді. Өзендерді, ормандарды тазалау, ағаш егу, қоқысты сұрыптау жөніндегі «Taza Alem» волонтерлік қозғалысының қызметі де көпшіліктің қолдауына ие болды. Бүгінде экобелсенділік – сән қуу емес, шынайы қажеттілік, өмір қағидаты. Сол арқылы біз табиғатымызды сақтай аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ізінше әр өңірде еріктілер жылы қорытындыланды. Шараның жалғасы Қызылорда облысында да ұйымдастырылды. Қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға қамқорлық танытып жүретін еріктілердің орны ерек. Сондықтан да еріктілер қозғалысын дамыту мәселесі назардан түскен емес. Ал, биылғы жылдың еріктілер еншісіне берілуі ауқымды істерге серпін берді.

 – ҚР президенті Қ.Тоқаев қоғам үшін көмегін аямаған еріктілерге ерекше алғысын білдірді. Елімізде еріктілік пен қайырымдылық қызметті әрі қарай дамыту үшін Үкіметке бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Волонтерлік ұйымдарға арнайы гранттар бөліп, жұмысын жалғастыруды тапсырды. Игі іс пен бастамалардың басы-қасында жүрген облыстың 1000-ға жуық еріктілеріне ерекше алғыс айтамыз. Еріктілердің көмегімен 8500 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді, әлеуметтік аз қамтылған 5000 отбасының мектеп жасындағы балаларына қажетті оқу құралдары табысталды. Карантин кезінде мұқтаж азаматтарға дәрі-дәрмек, медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізілді. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына 89 тонна азық-түлік пен 6 тонна киім-кешек, 6 тонна тұрмыстық заттар беруге атсалысты. Бірқатар аудандарда еріктілердің көмегімен тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. …Осы секілді игі істің айналасында жүргендеріңіз үшін сіздерге ризашылық білдіреміз, – деді шараның шымылдығын ашқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Әбішев.

Облыстық еріктілер жылының жабылу салтанатында қоғамға пайдалы ісімен үлгі көрсетіп, игі істің жалғасуына себепші болып жүрген бірқатар ерікті марапат биігінен көрінді. Атап айтқанда, Талғат Меңдібаев «Жыл волонтері» «Birgemiz»:«Bilim», Нарбота Серәлі «Birgemiz»:«Saulyq», Ақбаян Бүркітбай «Birgemiz»:«Sabaqtastyq», Ақбота Стаева «Birgemiz»:«Taza alem», Аружан Әбдіжан «Birgemiz»:«Asyl mura», Рауан Омарова «Birgemiz»:«Qamqor», Салтанат Сауапова «Birgemiz»:«Umit» номинацияларымен марапатталды. Одан бөлек бірқатар еріктілер «Birgemiz» жобасына атсалысқаны үшін облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша «Қызылорда волонтерлері» қоғамдық қорының төрайымы Ольга Чебакова сөз сөйлеп, шараны қорытындылады. Шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: