Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Онлайн сессия

07.05.2020, 10:05 658

Биылғы жазғы сынақ былтырғыдан өзгерек… Үйде отырып-ақ, сабақты да оқисың, емтиханды да тапсырасың. Ал, сабаққа келіп қарық қылмайтындарға тіптен, рақат.

Қашықтан білім алып жатқан студенттерге таңсық дүние емес, ал біз секілді күндізгі бөлім студенттеріне қолайсыздық тудырып отыр.

Елімізде белең алған індеттің кесірінен, өңірімізде карантин режимі жарияланды. Наурыз айының 16-сынан бастап, барлық оқу орындары қашықтан оқыту жүйесіне көшіп, міне, содан бері жеті аптаның жүзі болды. Түрлі келеңсіз оқиғалар болып, оқу процесін­де қиындықтар кездесті. Реттелді дегеннің өзінде, шешімін таппаған мәселелер де баршылық.

Қазір университетте онлайн сабақ аяқталуға жақын. Аралық бақылау тапсырып, алдағы болатын емтихандарға дайындық үстіндеміз. Оқу процесінде Платонус, Zoom, GoogleClassroom, WhatsApp Messenger бағдарламаларын пайдаланып, сабақ өтіп жатырмы­з. Мүмкіндігінше, үй тапсырмаларын орындап, тиісті бағала­рымызды алып жүрген жайымыз бар. Ауылдық жерде тұратын­  білім алушылар байланыстың нашар болуынан бір  төбенің үстінен желі ұстай алмай әбігерге түсіп жүр.

Сессия уақыты белгілі болған бойдан студенттерге 2 апта бұрын Zoom платформасы мен WhatsApp Messenger әлеуметтік желісі арқыл­ы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Емтихан кестесі оқу топтарына­ таратылып, дайындық басталып кетті. Қалалық студент­тер  сынаққа  дайындалып жатқанда, ауылдағы  студент­тер­дің кейбірі оқу аптасынан бейхабар. Әрине, байланыстың желісін ұстаймын деп жүргенде «ерте туып, кеш қалып» жатыр ғой. Енді, оларға түсіндіріп, хабардар ету – топ басшының міндеті. Айта кету керек, университет барынша жағдай жасауда. Сессияны жоғарыда­ атап өткен желі қосымшалары арқылы тапсырамыз. Егер бірімен кіре алмасақ, екіншіні, ол болмаса үшінші мүмкіндігімізге қарай қолдануға міндеттіміз. Ал, еш мүмкіндігі жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен студенттермен университет жеке жұмыс істеп, сынақт­ы  уақытылы  тапсыру  мәселесімен  айналысуда.

Ал, студенттердің онлайн сынаққа дайындықтары қандай? Қаншалы­қты  қиын  тиіп  отыр?

Әбілқасым Нұрмұхамед, студент (ауылда тұрады):

– Жер бетін жайлаған вирусқа байланысты, бұл – әуелі адам­заттың амандығына жасалып жатқан сақтық шаралары. Біз көпшілікпен бас қоспай, сабақты үйде отырып оқуға мәжбүр болып отырмыз. Бірақ, мен үшін үйреншікті құбылыс. Өйткені, мен онсызда­ қашықтан оқимын. Әрдайым ұстаздарыммен тығыз байланыста отырып, берген тапсырмаларын орындап, шамам келгенше жазып жіберемін. Онлайн сессияға дайындығым жақсы. Енді, мұндай сынақты­ алғаш рет бастан өткергелі отырған студенттердің толқуы­  міндетті. Оқытушылармен көзбе-көз пікір алысып үйренген шәкірттер  ұялы  телефон немесе компьютермен тапсыруға сескене­ді. Енді  екеуі – екі  бөлек  дүние.

Мадина  Жанбаева, студент (қала тұрғыны):

– Бұрын-соңды болмаған жағдайды бастан өткеріп жатырмыз. Алдағы сынақ, әрине, уайым. Өткен тақырыптарды пысықтап, дайынд­алып жатырмыз. ZOOM видеоплатоформасы арқылы тап­сыратын болдық. Елдің бәрінің жағдайы бірдей емес. Біреуінде компью­тер не ноутбугы болса, көпшілігінде жоқ. Ал, смартфон бұл бағдарламаны көтермейді. Бізге ватсап әлеуметтік желісі арқылы да тапсыруға мүмкіндік берілді. Қолда бар дүниемен «көппен көрген ұлы  той» деп жазғы сынаққа кіріскелі отырмыз.

Бұл – облысымыздағы іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жағдайы. Ал, Алматы қаласының кей университеттері жазғы сынақты кейінге шегерген, енді бірі тіпті, емтихандарды алып тастап, тек білім алушының қорытынды бағаларымен қорытатынын хабарлаған.

Әлемді жайлаған дерттің арқасында көп нәрсенің қадірін білгендейміз: оқу орны, оқытушылар, тіпті парта…

Тоғжан  Үбайділдақызы,

ҚМУ-дың  4-курс  студенті ���

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: