Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақырзаманның келіні

11.06.2020, 18:30 2798

HALYQLINE.KZ

«Беделбек келiншек әкелiптi» деген тосын хабарды естiген Қарабатыр әулетiнiң үлкен-кiшiсi жүрегi жарылардай қуанып, тайлы-таяғы қалмай дүрлiгiп, екi кештiң арасында абыр-сабыр болды да қалды. Олар үшiн осы бiр көптен күткен қуанышты хабардың әсте орны бөлек едi.

Орда бұзар отызға дейiн сүрбойдақ атанып, оқу-шоқудың түбiн түсiремiн деп iлiм қуған Беделбектiң келiншек әкелуi аспандағы айды жерге түсiрумен бiрдей едi. Көңiлдер шалықтап, көкiректер керiле тыныс алғандай. Әсiресе, Ормантай үшiн ақ түйенiң қарны жарылғанмен бiрдей. Ендi қайтсiн, бүгiнде бес баласы бес ауыл болған Қарабатыр шалдың сүт кенжесi, өзiнiң құлын-тайдай тебiсiп өскен iнiсi әрi әжептәуiр лауазым иесi – физика ғылымының кандидаты Беделбек Қарабатыров үйленiп жатса, тақиясын аспанға атпай не қылады.

Өскен-өнген осы бiр әулеттiң бетке ұстары Ормантай мен Беделбек. Ормантай бiлдей бiр облыстық мекеменiң – жол жөндеу басқармасының бiлдей бас инженерi. Iнiсi Беделбек облыстағы айтулы университеттiң физика факультетiнiң дырдай деканы. Абырой да, бедел де жетедi бiр басында.

Ормантай iнiсi Беделбектен келешегi зор азамат шығады деп үмiттенетiн. Iнiсi де сол үмiтiн ақтады. Оқудың түбiн түсiрдi. Университеттiң физика-математика факультетiн қызыл дипломмен бiтiрiп, аспирантураға түстi. Оны ойдағыдай бiтiрiп, ғылым кандидаты атағын қорғады. Алғырлығымен ауызға iлiгiп, қызмет сатысымен өрге қарай салды. Бiр кезде өзi тәмамдаған университеттiң физика факультетiнiң деканы болды. Оқу, одан қызмет деп жүрiп, орда бұзар отызға да келдi. Бұл кезде тума-туыстары да «бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын» жиi-жиi ауыздарына ала бастаған. Ойды орып, қырды қырып жүрген Ормантай ағасы да, iнiсi Беделбек үйленер болса, барлық той шығынын өз мойнымен көтеретiнiн айтып, жарияға жар салып жүрдi. Ендi сол уәдесiн орындайтын кез келдi. Мырзалығыңды көрсетiп қал, шаш, төк, көсiл. Ормантай шалқыды.

Ертең беташары, одан соң отыз күн ойын, қырық күн тойын өткiзедi. Өлгенде көрген бiр төбелес, аянып қалуға болмайды. Iшсiн-жесiн, өңшең шуылдақ, көрсiн күншiлдер, Қарабатыр әулетiнiң аста-төк дастарханын. Айтпады деме, дастарханда құстың сүтiнен басқаның бәрi бе болады.

Той дегенде қу басы құрғырдың да домалайтын әдетi емес пе? Қуаныштан есi шыққан Ормантай ойға-қырға шапқылап құйрығы жер иiскемей кеттi.

Тойдың әсте де бiр бiтпей қойған шаруасымен шарадай басы шақшадай болып шауып жүрiп, болашақ келiнiнiң жүзiн де көрмептi. Естiгенi Арқаның аруы көрiнедi.

Қаға берiсте әйелiнен:

– Болашақ келiн қандай екен, көрдiң бе, өзiң? – деп сыр тартқан. Әншейiнде бiреудi мақтаудан гөрi даттауға дайын тұратын Жадыра:

– Өзi үлбiреп тұр-ау, үлбiреп тұр. Өте ибалы бала екен. Тiл-көзiм тасқа, жарасып кетсе болар, – деп мақтаған.

– Болашақ келiн саған ұнаса болды да, – деп Ормантай күлген.

– Қойшы әрi, маған адам баласы ұнамайтындай сөйлегенiң неғылғаның, – деп Жазира бұртиған. – Өзiң сұрадың, мен айттым. Келiндi көруге көз керек. Айналайын, өзi ай десе аузы, күн десе көзi бар, бет бiткеннiң сұлуы екен. Ертең бетi ашылғасын қолынан шәй iшесiң. Сонда талып қалып жүрме?

– Ой, сен де бiр қайдағы-жайдағыны қозғай бередi екенсiң. Әйел – дұшпан деген осы ғой.

– Дұшпан болып, сенiң абыройыңды төккен жерiм жоқ шығар. – Ендi Жазира кергiдi. – О несi ей, соншама, дұшпан деп. Аттың сыры иесiне мәлiм деген. Бетi жылтыр ұрғашы көрсең, бәрiн ұмытатының өтiрiк пе? Байқа, ауру қалса да, әдет қалмайды. Ертең сол әдетiңмен келiнiңе сұқтанып жүрме, ұят болады. Келiн келiстi бала, қайнымның аузының салымы бар екен.

– Бұл әйел деген жұртты сынап-мiнеуге, қара есекке терiс мiнгiзуге құмар халық қой, қойдық, келiн саған ұнаса болар. Сөзiң жүрек жылытқандай екен, аузыңа май, астыңа тай, айтқаның келсiн. – Ормантай келiншегiн арқасынан қағып, астына көпшiк қоя сөйлеп, бықсуға айналған шаланы сөндiрiп құтылған.

Содан берi әйелiнiң: «Келiндi көруге көз керек, айналайын, өзi ай десе аузы, күн десе көзi бар, бет бiткеннiң сұлуы екен» деген сөзi бiр сәт есiнен шықпай қойды. Арсыз көңiл желiгi басылмаған асау аттай бұлқынды. Бұған дейiн жiгiтшiлiк құрып, бет бiткеннiң сұлуы атанып, кердең қаққан талай ұрғашыны топшысынан қағып құлатып, армансыз аймалап құшқан, мауық басқан кездерiн iшi елжiрей есiне алды. Есiне алды да:

Сұлуда махаббат болмайды,

Сұлуда махаббат болғанмен,

Өмiрлiк жар бола алмайды, – деп ыңылдады.

Сұлулардың «махаббатын» талай рет көрген Ормантай: «Сұлудың сауыры кеппес, жүйрiктiң бауыры кеппес деген рас-ау» деп ойлады. Және де осы бiр ойы түскiр қыраттан қылт етiп көрiнген түз қоянындай қос құлағын шошаңдатып мазасын алып тұрып алды.

«Бiздiң момақан тұқымға, әсiресе, ғылым жолын қуған Беделбекке сұлуынан гөрi жылуы мол әйел алғаны жақсы едi ғой» деп ойын шегеледi. Одан соң: «қойшы, өздерi жарасып кетсе болар, менiкi қараптан-қарап не уайым» деп өзiн-өзi тоқтамға шақырды. Той жабдығын дайындаймын деп мұрнынан шаншылды. Айда-шапқа салынып, ақ тер-көк терi шығып, беташар болар күнге де жеттi-ау, ақыры.

Бүгiнде бес баласы бес ауыл болған Қарабатырдың сүт кенжесiнiң үйлену тойына жиналған адамның көптiгi сонша, тiптi олар аумағы атшаптырым аулаға сыймай, жартысы көшеге шығып кеттi. Ал, тойдың түсiмiнде тiптi есеп жоқ. Есепшiл қазекеңдер күнi ертең балаларының оқуға түсерiн ойлады ма, болмаса, Қарабатыр әулетiнiң беделiнiң шарықтағаны сонша, дүние-мүлiк те, ақша да Беделбектiң тойына аста-төк құйылып жатты. Әсiресе, әлгi видик-мидик, түрлi-түстi телевизор, кiлем, алаша дегендерiң тау-тау болып үйiлiп қалды. Оны көрген Ормантайдың көңiлi шағала болып шалықтады. Тойдың үлкен отбасына ырыс пен береке әкелгенiне, жанына жан, малына мал қосқанына iштей шүкiршiлiк етiп, тоқ пейiлмен, тоқтық тартып тұрған.

Осы кезде: «Ал, халайық, беташарды бастаймыз, ортадан орын дайындаңыздар» – деп саңқылдаған әйгiлi айтыс ақыны Серiктiң дауысы естiлдi. Той дастарханынан етке мелдектей тойып шығып, топ-топ болып, тiстерiн шұқып, гу-гу әңгiме соққандар жойқын судан ығысқан сеңдей ортаны аша бастады. Басына төгiлдiрiп шашақты орамал салған жас келiндi жеңгелерi қос қолтығынан демеп ортаға алып шықты. Шашақты орамалдың бiр ұшына таяқ байлап алған Ормантайдың үлкенi – биыл орта мектептi тәмамдайтын Айбегi. Үлкен iске дайындалған бала бүркiттей қутың-қутың етедi. Iле-шала келiншегi Жазира да көрiндi. Қолында үлкен тегеш. Онысын жас келiнге қарама-қарсы қойылған орындыққа жайғасып, ақ домбырасын қолға алып, құлақ күйiн келтiре бастаған жырау Серiктiң алдына әкелiп қойды.

Дауысы ашық Серiк ащы айғайға бiр басып алып, беташарды бастап жiбердi. Жас келiнге үйде-түзде, отбасында жақын-жұрағаттар ортасында өзiн қалай ұстауы керек екендiгiн айтып, бiраз ақыл үйреттi… Аруақтарға арнап алғашқы сәлемдi де жасатты.

Одан соң, бiрыңғай сәлем салу рәсiмi басталды. Атасы Қарабатырға, енесi Ақлимаға сәлем. Одан соң қайнағалары, абысын-ажындар, қайнылар, сатылай қуалап кете барды. Аты аталғандар ортадағы көк тегешке бiрiнен соң бiрi келiп еңкейiп, көк-ала қағазға толтыра бастады.

Беташардың өзi бiр сағаттай уақыт алды. Ормантай жас келiнiнiң ай дидарын көрiп, оған ақ тiлегiн айтқанша дегбiрсiздене бастады. Ақыры жырау Серiк өзiне бiр сәлем жасатып, келiннiң бетiн ашты. Әйелi Жазираның «ай десе аузы, күн десе көзi бар» деп күнi-түнi қақылдап, аузының суы құрып жүрген жас келiннiң айдай жүзi жарқ ете қалғанда, алдыңғы қатарда тұрған Ормантай шалқасынан түсе жаздады. Түнi бойғы ащы судың зардабынан зыңылдап тұрған басынан оспадарсыз бiреу қатты шертiп жiберiп, түйе тықымай алғандай дың ете қалды. «Астапыралла, мынау баяғы сылқым ғой. Бұл мұнда қалай келген, Құдайым-ау» деп, басын қос қолымен уыстай ұстап күбiрледi.

Аузы әнтек ашыла алтын тiстерi жарқырай күлiм қаққан жас келiн ештеңемен де, ешкiммен де шаруасы жоқ, бұл өмiрге риза, төрт құбыласы түгел жандай күлмең-күлмең етедi. Жас келiннiң жанары Ормантаймен тоғысып қалғанда да сыр бермедi.

Бұрын Ормантаймен төсектес болмағандай, мұны тiптен ұмытқандай, киiктiң бейкүнә лағындай сүйкiмдi жүзiнен сайқал күлкiнi жүгiрте мөлдiр жанарымен сыпайы сүйкеп өттi. Сұрқия пиғылды жәдiгөй жанарлар «келсең кел, әуселеңдi көрейiн» деп тұрғандай.

Ормантай арам ас көргендей тыжырынды. «Әдемiсiн-ай, сайқалдың, көктемнiң жаңа ғана бүр шашқан қызғалдағындай құлпыруын қарашы, ақ сайтанның, iшiңде ит өлiп жатса да сыр бермессiң, сен салдақы».

Ормантайдың iшi әлем-жәлем. Жүзi күйiп бара жатқандай тұра алмады. Өз қолын өзi кесе алмастай пұшайман күй кешкен жiгiт ағасының ойы астан-кестен. Бейне бiр, бiреу суық қолын сумаңдатып, қойнына мұп-мұздай қара шұбар жылан салып жiбергендей денесi тiтiркендi. «Бiр сұрқия – сойқан бiздiң оттың басына да келген екен, Құдай ақырын берсiн» деп ұнжырғасы түсiп, күйiп-пiсiп, басы әңкi-тәңкi болған Ормантай сытылып шетке шығып кеттi. Қазан-ошақ басында қарбаласып жүргендерге келдi. Сол жерде орыстың ащы суынан алдыртып, бiр бөтелкенi кесеге мөлтiлдете құйғызып тартып жiбердi.

«Уһ, көресiңдi көрмей, көрге түспейсiң деген осы екен-ау» деп көкiрегi қарсы айрыла күрсiндi. Көз алдына осы келiнiмен төсектес болған кезi елестедi.

…Облыстық жол жөндеу басқармасының бiлдей бас инженерi Ормантай өткен жылдың жазында Астана асып, жолшылардың Республикалық семинарына қатысып қайтқан.

Жиналысқа қатысушылар үш күн сауық-сайран құрды. Iштi-жедi. Елге ертең қайтамыз деген күнi Ормантайды «елге елiк атпай босқа қайтамыз ба» деген желiк буды. Iздегенге – сұраған, әлгi Шымкенттен келген қыз-қырқынның «жауы» Қыздарбек те керектi телефон нөмiрiн айта қоймасы бар ма.

Сол нөмiрдi теруi мұң екен, дәл өзiн екi көзi төрт болып күтiп отырғандай арғы жақтағы дауыс:

– Валя слушает, к вашим услугам, – деп едi, жүректi елжiрете сызылды. «Сүп-сүйкiмдi дауысыңнан сенiң, айналдым». Бұл шаруасын айтты. Ол бағасын айтты. Төсегiн алтынмен аптап, күмiспен күптеп тастағандай бағасы да удай екен және теңге демейдi, доллар дейдi. Доллар соққыр, Ормантай бәлденген жоқ, келiстi, қайда кетпей жатқан ақша. Ақша адамға қызмет iстеуi керек. Сызылманың мекен-жайын қойын кiтапшасына түртiп алып, тартып кеттi.

Үйдi де, пәтердi де тапты. Есiктi орта бойлы, сымға тартқандай келiстi де көркем, аққұба өңдi бойжеткен ашты. Бұл атын айтты.

– Ормантай.

– Валя, – дедi бойжеткен. – Төрлетiңiз, қысылмаңыз, ақша – сiзден, қызмет – бiзден.

– Валя деген көккөздiң бiрi ме десем, өзiмiздiң қаракөз екенсiң ғой, дауысыңнан сенiң, – деген Ормантай iшi бос бөшкедей қаудырлап қалды.

Пәтерге кiрген бойдан қымбат бағалы әтiрдiң жағымды иiсi мұрнын қыдықтады. Екi бөлмелi үйдi құдды хор қызының мекенi дерсiң. Қымбат бағалы дүние-мүлiкке малынып тұр. Жанына керектiң бәрi бар, барлығы да шетелдiк.

– Жүрiңiз! – Мықынын билеткен сұлу бойжеткен есiл-дертiн алып барады.

– Сендей келiншегiм болса, екi дүниеде де арманым болмас едi-ау! – Ормантай тамсанды.

– Арманыңыз көп екен, бүгiн сол арманыңызға жеткiзем. – Валяның күлкiсi күмiс үндi қоңыраудай шашылды. – Мына төсекке шешiнiп жата берiңiз, – деді де өзi гүлдi халатты шешiп тастағанда, жарықпен шағылысып көз қарыған аппақ дене құмарлық сезiмге шоқ лақтырғандай елiртiп, елiтiп әкеттi. Қас сұлудың қылығына мас болған Ормантай оның аш белiн үзiп жiберердей қапсыра құшақтап, бал татыған оймақтай ернiне аш кенедей жабысты.

– Тұншықтым, – дедi талшыбықтай бұратылып, Ормантайдың құшағында бұлқынған қайқы бел сұлу нәркес көздерiн ашып-жұмып тұрып: – Ашығып қалғансыз ба?

– Ашпын, – дедi көлдей төсекке ұмар-жұмар құлаған Ормантай. – Ашпын. Тойымсыз нәпсiге дауа бар ма? Алпамса денелi Ормантай жетi атасынан берi әйел көрмегендей кенезесi кеуiп, әбден қаталап шөлдеп қалған екен. Ай мен күндей сұлуды астына салып алып, олай да умаждады келiп, былай да умаждады келiп.

Қызылорданың экологиясын қарғап-сiлеп, төсекке де онша болмай жүрген әйелiнен де суына бастаған көңiлiне жас сұлу от тастап жiбергендей ашқарақтана аламан бәйгеге қосылған арғымақтай алысқа шығандады.

Қылықты бойжеткеннiң мекерлене шығарған үнi жиiлеген сайын қаңтарда шабынған аш бурадай екi иығын жұлып жеп, тiптi құтырып кеттi.

– Көптен қызыл көрмегендей қызылсырап қалыпсыз-ау. Сiздей дүлей күш иесiне шыдас берiп жүрген әйелiңiз де мықты екен, мен сiзге қызығамын, – дедi, жiгiттiң төсектегi қимылына ризашылық сезiмiн бiлдiрген сұлу сиқырлы үнмен.

Оның сөзi қоламтадағы шоқты қайта үрлегендей Ормантай оны басы-көзiнен аймалай бастады. Үрiп ауызға салғандай, өзi де бiр ұрғашының сүйкiмдiсi. Қаралай жеп қойғың келедi. Құдай да шебер-ау, мұншама сұлулықты қия салған. Тостағандай мөлдiреген бота көздер үзiле қарағанда, емешең үзiлiп түсердей, жүрегiң дүрсiлдей жөнеледi. Аппақ ақ мәрмәрдай мiнсiз денеге жанасқанда, тұла-бойыңнан алапат құйын жүгiрiп өткендей ерiксiз тамсанып, есi кете ұмтылды.

– Өте азартный екенсiз. Сiрә, сiзге бiр-екi әйелдiң төтеп беруi қиын шығар, – дедi, алапат шабыстан айра-жайрасы шыққан сылқым. – Әйелiңiз қалай шыдас берiп жүр?

– Әй, қойшы, әйел деген адам жанын түсiне бере ме? Кейде қу нәпсi қаралай қозып, түнi бойы арда емген тайлақтай ойнақ салғың келедi. Сондайда әлгi әйелi түскiрiң балалар жатқан бөлмеге қашып, жiгерiңдi құм қылатынын қайтерсiң?

– О, онда мына мен сияқты жастың бiрiн екiншi әйел қылып некелеп алмайсыз ба?

– Сенi алсам, тиер ме едiң? – Аппақ дененi аялай сипап жатқан Ормантай сұлуға сынай қарады.

– Қой, әзiлiңiз шығар, – дедi жiгiтке жүзiн бұрған бойжеткен.

– Шыным десем, тиер ме едiң?

– Несi бар сiздей еркектiң етегiнен ұстауға болады. Бiрақ, сiз ақша үшiн көрiнген көбiк баспен қызық бөлiсiп жүрген суық жүрiстi бойжеткенге үйленер ме екенсiз? Әй, қайдам…

Ормантай үндемедi. Әңгiменi басқа арнаға бұрды.

– Сен де маған тимейсiң, одан да шын атыңды айтшы, – дедi.

– Қонақ үйiңе келгенiмен тұрмай, қызының жасын сұрайды демекшi, сiзге не қажетi бар, одан да Валя деп атай берiңiз, – дедi.

– Сен де қызық екенсiң, атыңды сұрағанда, құда түсейiн деп отыр деп пе едiң? Шүйiркелесейiк, сырласайық дегенiм ғой. Ал, айтылған әңгiменiң бәрi осы жерде қалады. Айтқың келмесе, өзiң бiл, менiң тағы да шабытым қозып тұр.

Алапат шабыстан шаршап, шалдығып болдырған екеуі өлдiм-талдым дегенде әзер тоқтап солығын басты. Топшысы қатты жiгiттi қайтарамын деумен астынан қағып болдырған сылқымның тұла-бойы дел-сал тартып, дымы өштi.

Төсек шабысынан алғашқы болып тiрiлген Ормантай қарап жатқанша әңгiмелесейiк деген оймен:

– Әке-шешең бар ма? – дедi бикешке.

– Оның сiзге не керегi бар? – дедi қара терге бөгiп, жоны жылтырап жатқан сылқым.

– Былайынша сұрағаным ғой.

– Бар, олар басқа қалада тұрады, ал мен осында оқып, әрi ақша тауып жүрмiн.

– Аға, әпкелерiң де бар шығар?

– Бар болғанда қалай, менi бiр жетiм деп пе едiңiз?

– Жетiм емес екенiңдi көрiп тұрмын. Әке-шешесi бар осындай сұлу қыз да сұйық жолға түсе ме екен? – деген Ормантай бикештiң бұл тiрлiгiн құптамағандай басын шайқады.

– Мен болмасам, сiздiң сауабыңызды кiм алады? Оның үстiне әке-шешем бiрнеше айлап зейнетақы алмаса, аға-апаларым жұмыссыздықтың зардабын тартып жүрсе, бәрiне де барасың.

– Демек, сылтау айтып, өзiңдi-өзiң ақтағың келедi.

– Мен ақталып отырғаным жоқ, бұл – қазiргi өмiрдiң шындығы. Бiздiң қызметiмiздi ақшасы бар сiздей көкелер қажет етпесе, бiз де құр босқа тыраштанбай бiр байға еге болып, отырар едiк. Сiз сияқтылар қоймай тұр, – дедi қиқарлана.

Сол жолы бәйгеге шауып болдырған байталдай сiлiкпесi шығып, 100 доллар ақшаны сауырына басып, жатқан орнынан тұра алмай қалған салдақы бүгiн үкiлеген қыз құсап iнiсiнiң ақ табалдырығын аттап отыр.

«Бұдан өткен қорлық бола ма? Мұндай сұмдықты көз көрер деп кiм ойлаған. Бұл ақырзаманның келгенi шығар? Ақырзаманның келiндерiнiң ары да, тәнi де арам жандар болғаны ма? Бұл дүние не болып барады? Өз қолыңды өзiң қалай кесерсiң?»

Ормантайдың басы мең-зең болып кеттi. Iшiн аш мысық тырналап жатқандай, удай ашып барады. Бiресе жата қалып ағыл-тегiл жылағысы келгендей, бiресе өзiн-өзi тоқпақтап ұрып сабағысы келгендей, ұрынарға қара таппай сенделiп кеттi.

Сонадайдан екi езуi екi құлағына жетiп, жолдастарының арасында мәз-мейрам болып тұрған iнiсiн көрдi. Тұла-бойын буған алапат жыны қоза түстi. Тәлтiректеп Беделбекке жақын келдi. Тiлi күрметiле:

– Әй, сүмелек, – дедi iнiсiне. – Сенi де еркек дейдi-ау. Отызға дейiн сүрбойдақ болған сүлдерiңдi ғана с…- жағынан оңдырмай тартып-тартып жiбердi. – Ой, езенек!

– Ұстасаңдаршы…

– Мас болып қалған екен…

– Ореке, жүрiңiз, демалыңыз, шаршаған шығарсыз, – деп қаумалаған жiгiттер ай-шайға қаратпай дедектетiп сүйреп ала жөнелдi. Олардың қоршауынан шыға алмай, артына қайта-қайта қарағыштаған Ормантай: «Ақырзаман, ақырзаманның келiнi» деп күбiрлей сөйлеп бара жатты.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: