Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Обырды емдеген Субханберді қожа

03.09.2020, 14:35 1003

HALYQLINE.KZ

Бисмилла-Рахмани-Рахим!

Қазалы өңірі, нақтысы қазіргі Жанқожа батыр ауылында кезінде обыр (рак) ауруына шалдыққан жанды емдеп жазған ғұлама емші, әулие ата ғұмыр сүрген десе, сенер ме едіңіз?! Әлемдегі небір мықты ғалымдардың өзі бұл тақырыпқа әлі күнге дейін алаңдап отырғанда, әй, қайдам… деуіңіз әбден мүмкін. «Естіген құлақта жазық жоқ». Бәлкім, біз бүгінгі әңгімемізге арқау қылған емші атамыздың ажалдан арашалап қалған адамы обыр (рак) емес, соған ұқсас қатерлі дертке шалдыққан адам шығар. Не десе де, ел арасында шипагер емші, аруақ дарыған қасиетті адам саналған Суханберлі (азан шақырып қойған есімі Субханберді) қожа атамыздың есімі әлі күнге дейін ерекше құрметпен аталатыны шындық.

Айтпақшы, жоғарыдағы оқиға туралы көп жыл бұрын жергілікті басылымда көлемді мақала да жарияланыпты. Мұны естігенде «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлағатты сөз жадыма оралды. Арада қаншама уақыт өтсе де, емші атаның есімін қабырғалы қауымға паш еткен басылымның ізденісі кейбір жеңіл ауыздардың «газет, кітап оқып, теледидар көрудің заманы өтті» деген пікірдің қате, тасқа басылған дүниенің орны бөлек екенін тағы да ұғындыра түскендей.

Бала кезімізде біздің үйге жақын маңайда ауылдағы сол тұстағы өзге көптеген үйлердей шағын, төбесіне топырақ төселіп, шатырланбаған ескі тамның (Қазалыда үйді там деп те атайды) сұлбасы болды. Марқұм әке-анамыз «бұл үйде әулие адам тұрған, төбесіне шығып ойнамаңдар, ішіне дәретке шықпаңдар» дегенді жиі қайталайтын. Ата-анамыздың ескертуінен соң сол маңнан аулақ жүретін едік. Алайда «сол киелі мекен кімнің үйі болды екен?» деген сауал мені ұзақ уақыт мазалап жүрді. Ақыры сауалдың жауабы табылды.

«Атадан ұл туса игі…». Бүгінгі мақаланың жазылуына түрткі болып, халқы қастерлеген емші, аруақты Суханберлі қожа туралы қызықты да тағылымды деректермен бөліскен атамыздың бел баласы, Қазалы қаласының тұрғыны Сәйдулла Суханберліұлына, немересі, бұл күнде әсем Алматы шаһарын қоныстанған Теңел Шарапов бауырыма айтар алғысым шексіз! Сіздерге Алла разы болып, аруақты атамыздың аруағы қолдасын!

Адамның бойына кез келген қасиет атаның қаны, ананың сүтімен даритыны белгілі. Біршама жыл бұрын ауыл арасында Мәскура есімді мейіркештің аса білікті, жасаған емі шипалы екенін, медициналық біліміне қоса халықтық медицинадан да хабары барын, сырқат жандардың көпшілігі сол мейіркештен ем-дом алуға ұмтылатынын естіген едім. Кейін Мәскураның атақты емші Суханберлі қожаның қызы екенін білгенде қатты сүйсіндім. Бірақ… Алланың жазуына не шара?! Мәскура апай ертерек о дүниелік болып кетті. Өте өкінішті!

Сонымен…

Субханберді Оразбайұлы 1890-1961 жылдар (құлпытасында солай жазылса керек) аралығында өмір сүрген. Ғұлама емші атамыздың әкесі Оразбай да дін жолын берік ұстанған сопы адам болыпты. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, ауыл аумағында «Көпбатырдың талы», «Оразбайдың талы» деген атау әлі бар. Суханберлі қожа мұсылманша өте сауатты, Құранды жетік меңгерген, парасатты да кішіпейіл мінездің иесі екен. Шымыр тұлғалы, қайратты емшіге жаяу жүргенде адам ілесе алмайтын көрінеді. Бір жолы өзін іздеп келген колхоз басқармасы «ойпырмай, қожеке-ай, машинамен зорға қуып жеттім ғой» деп таңданыпты. Ал қайраттылығы сонша, асау өгіздің құйрығынан тартып тұрса шу асау неме төрттағандап, орнынан тыпыр ете алмапты. Бұл мысалдардың да астарында жай пенде түсіне алмайтын тылсым күш жатқан шығар, кім білсін?!

Субханберді Оразбайұлы екі некелі болыпты. Алғашқы жұбайы Майдан руының Өтеген аталығынан, яғни біздің жақын апамыз екен. Апамыз өмірден өткен соң қожекең Төртқара руының қызымен екінші мәрте шаңырақ көтереді. Мұны естігенде көңілімді белгісіз сезім биледі. Оның себебіне тоқталсам. Сыр бойына есімі кеңінен мәлім әулие, емші Алпамыс баба Назарұлының да алғашқы жұбайы Майдан руының қызы, даңқты Жанқожа бабамыздың ағасы Ақмырзаның ұрпағы Бит батырдың қызы Гүлбаршын есімді апамыз болыпты. Апамыз ауыр науқастан көз жұмған соң Алпамыс баба да екінші рет отау құрыпты. Не деген ұқсас тағдыр! Кие қонып, қасиет дарыған аруақты бабаларымыздың өмір жолдары да оңай болмаған-ау, сірә!

Енді оқырмандарымыздың назарына атамыздың баласы Сәйдулла Субханбердіұлының естелігін ұсынсақ.

– Әкем марқұм «азан шақырып қойған ныспым Субханберді, ал балаларымның тегі құжатта Суханберлі деп жазылып кеткен» деп отырушы еді. Ол кездің адамдары суретке түсе бермейді ғой. Кеңестің қара паспортын алуға түскендегі жалғыз кішкене суреті бар болатын. Көшіп-қонып жүргенде жоғалтып алдық. Үйде арабша жазылған кітаптары көп еді. Олардың арасында Құран Кәрімге қоса көркем әдебиеттер де барын әкемнің өз аузынан естідім. Дүниеден өтер алдында әкем ауыл орталығындағы қорымға барып, көптеген кітаптарды сондағы үй тамға қойып келгені есімде. Қайтыс болған соң астында қара аты бар Қара молда үйге келді. Алғаш рет көруім еді. Көрікті адам екен. Жайласып отырған соң анама «шалдың Құран кітаптарынан қалғаны бар ма?» деп сұрады. Сандықта әкемнің тысы қалың, үлкен Құран кітабы сақтаулы тұратын. Апам жөнін айтты. Қара молда атамыз сол Құран кітапты анамнан сұрап алып кетті.

Бала кезімде үйде түсініксіз жайттар орын алып жүрді. Қарақұмда қой бағатын Мырзахмет ағамның үш жастағы қызы біздің үйде болатын. Өзі өте пысық, сүйкімді тұғын. Әкемнің жасы ұлғайған шағы. Жиі сырқаттанып қалатын. Әкем түнемелікте бөлмесінде көзге көрінбейтін әлдекіммен алысқандай қиналып, құдды төбелескендей жұмырығын сілтеп шығады. Бірде пештің құлап қалғанын көрген анам әкемнен нендей оқиға орын алып жүргенін сұрады. Сонда әкем «түні бойы ұзын қара кісі келіп «мына немереңді өзіммен бірге алып кетемін» деп тап-тап береді. Мен төбелесіп жүріп, алып қаламын. Ол пәтінен қайтпайды. Үлкейдім, шамам жетер емес. Кеше түнде ұзақ уақыт жағаластық. Жұмырығым қатты тиіп, қолым ауырып қалды» деген болатын. Арада бірнеше күн өткенде ағамның жаңағы қызы өмірден озды…

Мектепте оқып жүргенде басыма жара шықты. Солқылдап ауырғанда түнімен кірпігім ілінбейді. Әкем науқас емдеп жолда жүрген еді. Мырзахмет ағамның әйелі, жеңгеме жарамды көрсетсем, «ойбай, Мырзабала, басыңның миы көрініп тұр» дейді шошынып. Жылап-еңіреп, зәрем ұшты. Әкем келген соң мылтыққа пайдаланатын қара дәріні кішкентай темір келісіне салып жаншып, әлдебір шөп араластырып дәрі жасап, жарама жақты. Құлантаза жазылдым. Шекемде әлі күнге дейін сол жарадан қалған тыртықтың ізі сақталған.

Қазалы қаласында тұратын Нұржан есімді ағамыз «менің шешемді жас кезімде Суханберлі атамыз қылтамақтан жазды» деп аузынан тастамайды. Анасының тамағынан ас жүрмей қалыпты. Ем жасауға әкемді арнайы алдырады. Әкем нарлық қамысты мұқият тазалап, үшкірлеп, түтікшеге айналдырады. Қамыс түтікшені сырқаттың тамағына салып, түтікше арқылы әлдебір ақ дәріні құйып, Нұржанға қамыс түтікшені «үрле» деп бұйырады екен. Осы емді біршама уақыт жасаған соң сырқат ауруынан толық айығып, қайтадан қатарға қосылады. Бертін келе өмірден озды. Бұл туралы аудандық газетте кезінде мақала да жарық көрді, – дейді Сәйдулла Субханбердіұлы.

Мұны естігенде емші атамыздың біліктілігене риясыз сүйсіндім. Оған қоса кезінде қожа атамыз дайындаған сол белгісіз дәрінің құрамына мән бермеген қоғамның салғырттығына қатты қынжылдым. Егер, тиісті орындар Суханберлі атаның қолданған еміне назар аударғанда талай жанның өмірі сақталып қалар ма еді… Ескіден жеткен есті сөзге сүйенсек, «адамның бойындағы киелі қасиет көпшілігіне баласына емес, немересіне қонады» деседі. Ендеше, ата жолын жалғастырар ұрпақ жасындай жарқ етер деп үміттенеміз. Солай болғай!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Жанқожа  батыр  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: