Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еркек – бала таптыратын дәрі…

27.05.2020, 9:41 1525

HALYQLINE.KZ

– Осы еркектерді көрсем бар ғой, жыным ұстайды, – деді жақында ғана танысқан Гүлсім апай.

– Ой, апай, сізге не болды? Қатты кеттіңіз ғой,-дедім мен күліп.

– Айналайын, өзім бір еркектен рақат көрген адам емеспін. Өмір бойы өзімді-өзім сүйреп келе жатырмын. Жас кезімде мен де нағыз Қыз Жібектің өзі болғанмын. Тіпті бар ғой, «Қыз Жібек» фильміне түсуге қыздарды іріктеген кезде мені де алған.

– Қандай күшті! Расында сіздің жас кезіңізде сұлу болғаныңыз көрініп тұр. Әлі әдемісіз ғой! Сонда сізді Қыз Жібектің рөліне шақырды ма, апай?

– Жоға, Қыз Жібекке мұрным келмей қалды ғой. Менің мұрным сәл кәртөшке мұрын. Қасындағы құрбы қыздардың бірі боласың деген. Содан ауылға келіп, қуанып апамнан рұқсат сұрамаймын ба? Апам бұрынғының адамы, ауылдан ұзап шықпаған. «Ойбай, киноға түсіп, әртіс болып бұзылып кетейін деп жүрсің бе?» деп айғайды салды. Осыдан киноға түсіп көр, аяғыңды сындырайын. Тыныш жүр, мұғалімдік дипломыңды маған әкеп бер де, жұмысыңды істе, – деді.

– Қап, апаңыз қарсы болмағанда қазір нағыз сұлу актириса болып жүрер едіңіз. Мұрныңыз да әп-әдемі ғой. Ештеңесі жоқ. Сізге ешкім жетпіс жасты бермейді, әлі алпыста сияқтысыз. Жап-жассыз.

Апамды мақтап біраз жерге апардым.

– Е-е, әртіс болмадым деген еш өкінішім жоқ. Тек ең үлкен өкінішім, апам менің диплом алғанымды көре алмады. Соған қатты күйзелдім. Екінші курс оқып жүргенде өмірден өтті. Институтты бітірер жылы ауылдың бір жігітіне тұрмысқа шықтым. Жолдасым өте сымбатты жігіт болатын. Екеуміз бір-бірімізге пар едік. Қатар жүрсек, жұрт қызыға қарайтын. Қосылғанымызға үш ай болғанда одан айырылып қалдым. Алматыда көлік қағып кетті. Тағдырыма солай жазылған шығар…

Гүлсім апайды аяп кеттім. Тамағыма өксік тығылып қалғандай болды. Құдай-ай, жастай жесір қалған екен ғой. Қиындықты да көп көрген болар. Сұрасам айтар ма екен…

Апай менің ойымды оқып қойғандай:

– Кішкентай кезімде жазушы болуды армандаған жан едім. Әдеби кітаптарды өте көп оқығанмын. Қиял-ғажайыпқа, махаббатқа сеніп өстік. Сүйіп қосылған жарымнан бала да сүйе алмай қалдым. Өмір мен үшін тоқтап қалғандай еді. Жұмыспен ғана алданып көп жүрдім. Жолдасымның қырқын берген соң өз үйіме келдім. Содан мені әйелі қайтыс болған кісілер айттырып келе бастады. Менен он, жиырма жас кісілер келіп, әкемнен мені сұрайтын. Іштей ыза болып, түнімен жылап шығатынмын. Бір күні әкеме Алматыға кететінімді айттым. Ауылдағы сөзден, қадалған көзден мезі болдым. Әкем басында қарсы болды, кейіннен батасын берді.

Үлкен қалаға келген соң бір таныс ағайдың жәрдемімен жұмысқа орналастым. Ұзақ уақыт жалғыз жүрдім, сұлулығыма сұқтанып, өлең жазып жүрегін ұсынған жандарды жаныма жолатпадым. Мен жалғыздықты, жалғыздық мені жақсы көрді. Мен тек өзімнің алғашқы махаббатыммен, о дүниеге кеткен жолдасыммен бірге болдым.

Бір күні мені іздеп басқа қалада жұмыс істейтін достарым келді. Солар арқылы бір мекемеде есепші болып жұмыс істейтін Еркінмен таныстым. Көп созбай мен оның бір бөлмелі пәтеріне көшіп бардым. Әке-шешеме тұрмысқа шыққанымды айтып, жеделхат салдым. Он шақты адам бас қосып, шағын отырыс жасадық. Сонымен жаңа өмір басталды.

Қызының қолында тұратын енем бар еді. Бір айдан кейін енем мені қыспаққа алды. Қоятын кінәсі, бұрын тұрмыста болғаным.

– Сен жалмауыз бұрын байыңның басын жұтқан екенсің. Менің баламның пәтеріне қызығып тидің ғой. Сұлу әйелдерге сенбеймін, – деп айғайлаған кезде тілімді жұтып қоя жаздадым. Мұндай кісәпір адамды бұрын көрмеген екенмін. Еркін шешесінен мені қорғай алмады. Мені сойқанның ортасына тастап, өзі далаға қашып кетіп жүрді.

Енем келсе болды, айғай-шу шығарып кетеді. Мінезін білген соң үндемей құтылатын болдым. Сөйтіп жүргенде аяғым ауырлады. Дүниеге қыз әкелдім. Енемнің қаттылығында шек жоқ екен. Немересін қолына алып, мейірленбеді.

Әке-шешеммен де араласқысы келмеді. Қызы екіге толғанда Еркін істі болып, сотталып кетті. Жеген түгі жоқ еді, соншама көп ақшаны мойнына ілді. Сол кезде мен тағдырыма налыдым. Кішкентай қызымды құшақтап, жылап-еңіреп қала бердім.

Енем де сол кезде мейірімсіздігін көрсетті. Үйге келіп, мені қуып жіберудің әркетін жасады. Мен кетпедім. Ақырында үй менікі деді. Расында үй оның атында екен. Немерем менікі емес, басқа біреуден туып алған деп қаралады. Сотқа дейін бардық. Жүйкем жұқарып кетті.

Әкем артымнан іздеп келмегенде жындыханадан бір-ақ шығар ма едім…

– Қой, қызым, бәрін таста, елге қайт. Бүлінген жерден бүлдіргі алмай-ақ қой. Мына енең сені адам ғұрлы көрмейді екен. Бір күні өлтіріп қояр. Бұған адам керек емес. Жолдасың шықса, өзі іздеп келер. Үйі де, жайы да өзіне. Мен саған аудан орталығынан үй алып берейін. Бір бауырыңды қасыңа алып тұр, қызыңа қарайласады, – деді.

Енем бізден құтылғанына қуанды.

– Құдағи, осы жасқа келіп, сендей қаны бұзық адамды кездестірмеппін. Менің қызыма істегеніңді Құдай алдыңа келтірсін, – деді әкем оған. Ол міз бақпады.

Қызым әкесін сол күйі көрген жоқ. Түрмеде өкпе ауруына ұшырап, қайтыс болып кетті. Ал Алматыда қалған енем мен қайынәпкем бізден хабар алмады.

Кейіннен енемнің екі көзі бірдей көрмей қалғанын естідім. Қызы оны мүгедектер үйіне өткізген екен.

– Апай-ай, көрмегеніңіз жоқ екен ғой. Мынандай азапқа қалай шыдағансыз?-деймін жаным түршігіп.

– Адамның жаны сірі екен ғой. Талай рет құладық, сүріндік, қайта тұрдық. Көз жасымызды етегімізге талай сүрттік. Өлмеген құлға келер жаз демекші, бізге де бір шуақ келер деп алға ұмтылып, өмір сүре бердік емес пе?

Құдай бағыңды ашпаса қиын екен. Мен сондай өмірді Құдайдан тілеппін бе? Құдай басқа салды, мен көндім. Көнбегенде қайда барамын? Әйтеуір жалғызым жаныма медет болып, соны аялап өсірдім. Өзім әйел, өзім еркек болып, үйдің де, түздің де жұмысын атқардым.

– Қызыңыз қайда қазір? Тұрмысқа да шыққан болар?

– Иә, көзімнің ағы да, қарасы да сол жалғыз қызым. Жоғары білім әперген едім. Бірақ оқымаған жігіт алып қашты. Қайтемін, күйдім, жандым. Бағы ашылсын деп батамды бердім. Екеуінің мінезі де екі түрлі. Күйеу балам біртоға, көп сөйлемейтін адам. Ал қызымның кейбір қылығы кейде енеме ұқсап кетеді. Қан бәрібір тартып тұрады екен. Тұңғыш немерем дүниеге келгенде қатты қуандым. Алладан күндіз-түні жалғыз қызымның басын көбейте гөр деп тілеймін. Тілегім қабыл болып, қызым екіншісіне аяғы ауырлады. Күйеу балам мен қызымның бар жағдайын жасап, үй де әперіп қойдым.

Жас емес пе, кейде екеуі шарт-пұрт болып қалады. Жақсы сөзімді айтып татуластырып жіберемін. Кейде қызым күйеуім жалқау деп жылайды. Үлде мен бүлдеге оранып жүре алмадым дейді. «Тыныш отыр. Күйеуің – мына балаларыңның әкесі. Жалпы, еркекті тұқырта берме. Еркексіз қалай перзент сүйесің? Еркек – бала таптыратын дәрі» деймін қызыма. «Қойшы, мама, қайдағыны айтпай» дейді ол. Бірақ шындығы сол ғой.

Менің сол сөзімнен кейін бұлар ұрыс-таласты қойды. Құдай берсе туып-туып алғанға не жетсін! Баланың саны көп болғаны жақсы. Әр баланың несібесі бар.

Құдайға шүкір, қазір біздің де басымыз көбейген. Күйеу балам жеті перзенттің әкесі, қызым Батыр ана.

Көпбалалы аналарға жағдай жасалатын болды деп қуанып жүр ғой қазір екеуі. Ойлап қарасам, қазақтың әйелдері аз бала туып жатқан жоқ. Бірақ ана мен балаға үкімет жағдай жасауы керек .Өзімнің жастық шағым қиыншылыққа толы болды. Жастар жыламасыншы.

– Әңгімеңіздің басында еркек көрсем жыным келеді деп едіңіз. Аяғында еркек – бала таптыратын дәрі деп дәріптеп жібердіңіз ғой. Мен сізді түсінбей отырмын,- дедім апайға.

– Түсінбейтін түгі жоқ, айналайын. Жалпы,өз басым еркекке арқа сүйей алмаймын. Бұл менің ер-азаматымның қасымда болмағанынан шығар. Қазір әйеліне қорған бола алмайтын қаншама еркек жүр. Менің соларға жыным келеді. Басына шәпкі, бұтына шалбар киіп жүрген соң ер-азаматқа тән мінез, өрлік, намыс күтесің. Өкінішке қарай, еркектер ұсақталып барады. Оларды ояту керек! Ал еркектің бала таптыратын дәрі екендігі рас! Әйел күлге аунап бала тумайды, – деді Гүлсім апай.

…Апаймен қош айтысып үйге қайтып келемін. Құлағымнан «еркек – бала таптыратын дәрі» деген сөз кетер емес.

Алғаш естіп тұрған сияқтымын.

Ал сіз ше?

Фатима  ЗАБУРАҚЫЗЫ.

Әлеуметтік  желіден  алынды.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: