Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сырдарияның табанын тазарту су жинауға мүмкіндік емес»

08.10.2020, 12:30 1317

Сейілбек Нұрымбетов:

Биыл Сыр жұртшылығы үшін су тапшылығы айқын сезілді. Жылдағы егілетін егістік көлеміне де шектеу енгізіліп, аяқсу мәселесін шешу күрделі мәселеге айналды. Ал, дәл мамыр-маусым айларын­да  жағдай ушығып бара жатқан соң облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды­ реттеу басқармасы брифинг өткізді. Онда басқарма басшысы Б.Шаменов «Бүгінде егістікке 1,5 млрд текше метр су алынды. Әлі Қызылорда облысының егістік жерлерін сумен қамтамас­ыз ету үшін 2,7 млрд текше метр су қажет. Осыған байланысты Үкіметке Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің өкілдерімен маусым-тамыз айларында Шардара су қоймасын­а 2,3 млрд текше метрден кем емес көлемде су жіберуге келіссөздер жүргізу қажеттігі жөнінде  ұсыныс  бердік. Бір айта кетерлігі, су  тапшылығы  шілде  айында  күрделенеді  деп болжануда. Яғни  егілген  егінді суару процесі қиындайды. Тіпті 5,8 мың гектар күріш алқабы мүлде сусыз  қалу қаупі бар» деген еді.

Шіліңгір шілдеден аман-есен шықтық. Қазір егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Десек­ те осы су тапшылығы туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспек­циясының  басшысы  Сейілбек Нұрымбетовтен  сұрағанды  жөн  көрдік.

– Сейілбек Серғазыұлы, биыл егін шаруашылығы үшін өте қолайсыз, су тапшылығы жылдағыдан да анық сезіл­ген  жыл  болды. Сырдария суының тартылуына себеп болды деген гидрологиялық  болжамдар  бар  ма?

– Иә, Сыр өлкесіндегі су тапшылығының байқалғанына үш жылдың көлемі болды. Егін, мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болған соң суармалы жерлерге сұраныс жоғар­ы, аяқсуды қажет ететініміз белгілі. Оның үстіне экологиялық қажеттіліктер бар. Негізінде жыл сайын­ су шаруашылығы министр­лі­гімен Сырдария өзенінен алынатын судың көлемі реттеліп отырады. Өйт­кені біз дарияның төменгі ағысында орналасқанбыз. Бізге дейін өзге елдер­дің  шекарасынан кесіп өтетін  су арнасының суы жылдағыдан төмен болғаны рас. Оған халықтың өзі куә болды. Бастау көзінен бастап су көлемі аз екендігін жылдың басында Орталық Азияның халықаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ескерткен болатын. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлі­гінің 2016-2025 жылдарға арналған бассейндер мен облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) жағдайында суды пайдалану лимиттерін бекіту туралы бұйрық бар. Сол құжат негізінде Қызылорда облысына  Сырдария  арнасынан  жылына  5,4 млрд текше метр су беріледі. Оның ішінде коммуналдық өндіріске 45 млн текше метр, егін шаруашылығына 4,174 млрд текше метр, суаруға – 4,159, балық шаруашылығына 10 млн текше метр беріледі. Соңғысы, эко­логиялық қажеттіліктерге 1,2 млрд текше метр су, бұл өзен табанында тұруы тиіс, шағын өзендер мен көл­дерге құйылып тұратын су көлемі. Осы су лимитінің алдымен егін шаруа­шылығы  үшін  маңызы ерекше­. Өйткені осы су көлеміне қарай егістік көлемі жоспарланады. Өткен жылы да  осы жоспар  талқыланды. Сол кезде­  жан-жақтағы  Шардара, Көк­сарай, Тоқтағұл, Әндіжан су қойма­ла­рындағы жинақталған су көлемі 2019 жылмен салыстырғанда төмен екендігі айтылды. Осыған сүйене отырып, жаз айларында су тапшылы­ғы сезілуі мүмкін деген болжам жасал­ды. Сол себепті егіс алқабы иелеріне егіс көлемін азайту секілді шектеулер  қойылды.

– Десек те, биылғы егін науқанында күріш алқаптары есептелген кө­лемнен артық егілді деген ақпарат бар. Су тапшылығын шешу үшін қандай қимыл  жасадыңыздар?

– Су тапшылығына байланысты облыс бойынша 7100 гектар егіс ал­қабы қысқаруы тиіс еді… Алайда бұл талап жөнді орындалмады. Жер-Ананы­ң берген несібесі болса керек, күйген егіс көлемі көп емес. Бір жағынан соған да қуандық. Бірақ, жаз бойғы су тапшылығы сала маман­дарын да, егін шаруашылығымен айна­лыс­атын кәсіпкерлерді де әуреге­ салғаны рас. Соңғы жылдары қалыптасып жүрген ахуалға байланысты күрішшілер өзара келісім бойынша кезектесіп суару әдісін биыл да қолдандық. Ауызбіршілік пен азаматтықтың арқасында барлық аудан егіс алқаптарын сақтап қалуға тырысты. Кейбір су жетпейтін жерлер де болды. Нақ шілденің кезінде осы қиындық кезіккенде қатты қиналдық. Көрші елдерден 2-3 млрд текше метр қо­сымша су қоры сұратылды. Салалық министрлік те араласты. Алайда біз күткен су көлемі келмеді. Кей жерлерге сусорғы құрылғыларды іске қосса, кей жерлерде қашыртқы суды қайтадан егіске пайдаланды. Айта кетерл­ігі, биыл Қазалыға су жеткізу қиын болды. Алыстау болған соң Әйтек су арнасын жауып, Қараөзек арнасында қыста, көктемде  жинал­ған суды төмен қарай жіберуге күш салдық.

– Қамбаш көлінен де айырылып қалу  қаупі  бар дегенді жиі естіп  жүр­міз. Сол  рас  па? Ондағы ахуал қандай?

– Осы басқармадағы қызметке кіріскен бетте Өзбекстан шекарасынан бастап Көкарал, Барсакелмеске дейін аралап шықтым. Сол кезде куә болған жайттардың бірі – Қамбаш көлі. Жылдағымен салыстырғанда көл суының төмендігі байқалады. Оған себеп жоқ емес. Өйткені турис­тік­ аймаққа айналып келе жатқан­ Қамбаш көктем айларында Сырдария өзенінен су алады. Жоғары­да айтып өткендай, экологиялық қажеттіліктер үшін 1,2 млрд текше метр су бөлінген. Егіс науқаны кезінде дарияда су мөлшерінің тым аз болуына байла­нысты басымдық егістікті суару жұмыстарына берілді. Дариядан су алып, кемерін толтырып тұрған көл­дердің де суы осы тұста азайды. Тағы бір айта кетерлігі, дариядан су алатын кез келген көл дария деңгейінен жоғар­ы орналасады. Яғни, дария толғ­ан кезде одан су алады да, азай­ғанда көлдегі су да төменгі ағысқа ілесіп  кетеді. Аралау  барысында  мен соны аңғардым. Көпірден өте беріс тұсында  көлдің  суы кері ағып жатты.­

Ал жұрт шулап, көлден айырылып қаламыз дейтіндей еш қауіп жоқ. Қайтадан қалпына келеді. Бұл ешқандай экологиялық катастрофа емес. Бұған дейін Қамбаш көліндегі судың азайғанын көрмеген халық үшін бұл өте қорқынышты жайт болып тұр­ғаны рас. Су тапшылығы тек Қызыл­ор­дада ғана емес, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында да сезілді. Сондықтан мұның себебін беріден іздеу  қате  пікір  болуы  мүмкін.

– Ал Көкарал бөгетіндегі жағдай қандай?

– Кезінде Арал теңізінің 70 пайыз­ға жуығы Амударияның есебінен толғ­ан. Өйткені оның көлемі Сырдариядан бірнеше есе үлкен. Ал қазір қандай да бір себептермен Амудария­дан Аралға тамшы су келмейтін көрі­неді. Мен өзім көрген жоқпын, бірақ жағдай солай болған деседі маман­дар. Кезінде Елбасының бас­тамасымен Солтүстік Арал теңізін сақтау үшін екі аралықтан осы Көк­арал бөгеті  салынды. Сол бөгет ар­қы­лы­  жазда  болмаса да, қыста барған­ су  есебінен  Солтүстік Аралды сақтап отырған жайымыз  бар. Ол жердегі 42 деген белгіленген тұста қазір су көлемі 41,75-41,80 метр биіктікте су тұр.

– Өзіңіз де білесіз, «Сардоба» су қоймасының жарылуы екі тарапқа да экономикалық зор шығын әкелді. Биыл көрші  елдерден су өткізу жағдайы қай деңгейде  болды?

– «Сардоба» – 1 млрд текше метр су сақтайтын қойма. Өзбекстанда мұндай су қоймасының барын ха­лықтың көпшілігі білмейді. Шекаралас жатқан екі елге де экономикалық шығын келтірген техногенді апат реті­нде тіркелді. Сырдария суының тартылуына тікелей әсері болмаға­нымен, жанама фактор болуы мүм­кін. Онда да мүмкін. Өйткені дария суының тартылуына қатысты нақты факторлар айтылған жоқ. Жоғарыдан келетін су көлемі азайды. Сырдария өзені бастауын Тянь-Шянь тауларындағы көпжылдық мұздықтардан алады. Белгілі бір экологиялық се­бептерге байланысты ол жақтан да су аз мөлшерде шығуы мүмкін. Жалпы, Сырдария мен Амударияның ағысын реттейтін Орталық Азияның халық­аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы бар. Жылына екі мәрте осы комиссияның отырысы өтеді. Сол кезде халықаралық су көлемі турал­ы  болжамдар  айтылады.

– Көктем мезгілінде Сырдарияның табанын тазарту жұмыстары туралы көп айтылды. Бұның су сақтауға қандай да бір қатысы бар ма?

– Негізі дария өзін-өзі тазартып, арнасын бұрып отырады. Өзінің табиғ­и ізі бар. Біздің аймақ құмды жер болғандықтан, бір себеппен ғана тазар­туға болады. Яғни, лайланып, толқынмен құм көшіп, бір жерге үйіліп жиналуы мүмкін. Бұл тазалау жұмыстары судың жиналуына емес, арнадағы судың өтімділігін қамтамасыз етеді. Ал су сақтау үшін тазарту жұмыстарын жүргізу қоймаларда жүргізіледі, ол мүлде бөлек әңгіме. Бір тазалау жұмысы, бірақ екі түрлі мақсат­та  жүргізіледі.

Жалпы, Сырдария өзені бассей­нін­дегі су жағдайы бойынша өткен жылдың 1 мамырындағы бір күндік дерек бойынша Тоқтағұл су қоймасына 13540 млн текше метр су жинал­ған, биыл 11590 млн текше метр ғана келген. Әндіжан, Бахри Точик, Шарбақ, Шардара су қоймаларынан да келген су көлемі күн санап азайып отырған.

 – Уақыт  бөліп  сұхбаттасқаныңыз­ға рақмет!

Сұхбаттасқан  Н.ҚАЗИҚЫЗЫ 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: